ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы кіндік Азиядағы субөңірлік саяси диалогын жүргізу үшін Қазақстанды таңдауының өзіндік алғы-шарттары бар. Біз бұған дейін де халықаралық құзырлы ұйым биылғы қазан 73-ші сессиясын өткізу үшін Астана қаласына келетінін, амандық болса оған жүздеген мемлекеттің өкілдері қатысатынын жазған едік.
Бұл жолы Алматыда екі күн қатарынан Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросымен бірге Орталық Азия елдерінде дәрілік қамтамасыз ету саласындағы ұлттық саяси шараларды күшейту қадамдарына арналған субөңірлік саяси диалогын жүргізді.
Миллиондар үшін өзекті мәселелер қозғалған жиында дәрі-дәрмекті сатып алу, жеткізу тізбегі, бағаны белгілеу, шығындарды өтеу, қаржылық қорғау мен жуырда іске қосылған ДДҰ ЕӨБ-нің «Жаңа дәрілік заттар платформасы» талқыланды.
Дөңгелек үстел түрінде өткен жиында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қолжетімділікті жақсарту, аса құнды препараттарды анықтай отырып, сатып алудың ұтымдылығын арттыруға байланысты мәселелері реттеу қарастырылды.
Алдымен осы арада Қазақстанда Бірыңғай дистрибьютор жүйесі енгізілгенін, ірі фармацевтикалық компаниялармен дәрілік заттарды жеткізуге ұзақмерзімді шарттар жасалғанын атап өту маңызды.
«Біз бүгін ДДҰ-ның сапалы дәрі-дәрмектерге қол жеткізуге арналған іс-шарасына қатысқанымызға қуаныштымыз. Осы басқосудағы біздің ортақ міндетіміз – сапалы дәрілік заттарға қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасау, тәжірибе алмасу, Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімізбен тығыз байланысты жолға қою», деді Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев.
Вице-министр мәлімдегендей, егер 2019 жылы МСАК деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 45 нозология мен 2,7 млн адамды қамтыса, 2022 жылдың өзінде бұл көрсеткіш амбулаторлық деңгейде 126 нозологияға артып, 3,8 млн науқас қажетті дәрі-дәрмегіне қол жеткізген. Яғни пациенттерді тегін дәрілік препараттармен қамтамасыз ету төрт есе артып отыр.
ДДҰ-ның Еуропа аймағы елдеріндегі денсаулық сақтау жүйесі мен саясаты жөніндегі директоры Наташа Аззопарди-Мускат Орталық Азияға сапарын денсаулық сақтау жүйесі мен алғашқы медициналық-санитарлық көмекке инвестиция салуымен біраз елдерді шабыттандырып отырған Қазақстаннан бастап отырғанын жеткізді.
Диалог барысында доктор Наташа Аззопарди-Мускат соңғы онжылдықтарда мемлекеттік пен жеке секторлар салған инвестициялардың арқасында биофармацевтикалық зерттеулер мен профилактика, скрининг, диагностикалау мен емдеу саласында маңызды қадамдар жасалғанын тілге тиек етті. Алайда ДДҰ Еуропалық өңірінің елдері дәрі-дәрмек бағасының өсуі бюджетке айтарлықтай кері әсерін тигізетініне алаңдаушылық білдірді.
Мәселен, мұндай жағдай пациенттердің қол жетімділігін шектеуге, теңсіздіктің жоғарылап, кез келгеннің қалтасы көтере бермейтін төлемдерге, қаржылық қиындықтар мен созылмалы ауруларға арналған үнемді дәрі-дәрмектерді ығыстыруға әкелмек.
Аззопарди-Мускат ханым алдағы күндері Өзбекстан мен Тәжікстанға да баруды жоспарлап отырғанын тілге тиек ете келе, өзінің негізгі мақсаты туралы: «Осы екі аптаның ішінде ДДҰ делегациясы алғашқы медициналық-санитарлық көмек, психикалық денсаулық, дәрі-дәрмекке қолжетімділік, денсаулық сақтауды қаржыландыру, ең бастысы, денсаулық сақтау саласындағы жұмыс күші саясаты сияқты денсаулық сақтау жүйесінің маңыздылығына назар аударады. ДДҰ Орталық Азияның барлық елдерінде денсаулық сақтау жүйесін нығайтуда белсенді әрекет етіп отыр. ДДҰ топтары елдердегі ұлттық және аймақтық саясаткерлермен, шешім қабылдайтын ықпалды тұлғалармен бірлесе жұмыс істейді, деп мәлімдеді.
«ДДҰ-ның Еуропалық өңірінде алынған жаңа мәліметтер дәрі-дәрмектерге қалтадан тыс шығыстар көптеген елдерде, әсіресе табысы төмен адамдар мен көптеген созылмалы аурулары бар пациенттер үшін қаржылық қиындықтардың басты себепшісі екендігін дәлелдеді. Еуропадағы отбасылар өмір сүру құнының қымбаттауымен және бақылауға бағынбайтын инфляциямен бетпе-бет келіп отыр», дейді доктор Аззопарди-Мускат.
Сондықтан ДДҰ өкілінің айтуынша, мұндай диалогтар заманауи дәрілік саясатты барынша жетілдіре түсуге ықпал етеді. Яғни тиімді баға белгілей отырып, қымбат дәрілерді – ескісі мен жаңаларын сатып алу – сұранысты тұрақтандыру арқылы фармацевтикалық жүйелердің тиімділігін арттыратынына үміттенді.
Екі күнге созылған кездесу барысында Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният, Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрі Г.Баатырова бастаған делегация, Түркіменстан Денсаулық сақтау және медицина өнеркәсібі министрінің орынбасары А.Овезов бастаған делегация, сондай-ақ ДДҰ жетекші сарапшылары, Алматы қаласындағы ДДҰ-ның МСАК жөніндегі Еуропалық орталығының басшысы Мелита Якаб ханым мен ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің мамандары басқа да іс-шараларға қатысып, пікір алмасты.
Келелі басқосу келешекте көтеріліп отырған мәселелерді реттеуге, денсаулық саласының озық тәжірибелері мен білім алмасуға, сондай-ақ халықаралық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін болады.
АЛМАТЫ