Еуразия ұлттық университетінің «Дала сазы» халық аспаптар оркестрі жаңа шығармашылық шыңдарды бағындырып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан студенттері Open Italy ашық халықаралық аспаптық музыка байқауында «Folk instrument» аталымы бойынша үздік атанды.
Өнер додасына 34 елдің өкілдері қатысты. Халықаралық байқау 2023 жылдың 23 сәуірінде Италияның Пезаро қаласында басталды. Осымен 15-ші рет өткен өнер додасына 34 елдің өкілдері қатысты.
ЕҰУ оркестрінің құрамында 10 студент өнер көрсетті. Олар Қуаныш Нүкішевтің «Шабыт» және Құрбанионның «Науаи шарк» атты екі туындысын орындады. Қазақстандық студенттердің музыкалық өнерлерін халықаралық байқаудың қазылар алқасы жоғары бағалады.
ЕҰУ оркестрі 19-21 жас аралығындағы санатта «Ұлттық аспаптар» аталымы бойынша І орынға лайық деп танылды. Бас жүлдені қазақстандық «Бастау» тобы алса, болгариялық «Gergana Ruseva» тобы екінші орын иеленді.