• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Пікір 25 Сәуір, 2023

Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі

619 рет
көрсетілді

Біреуге еліктеп, пір тұтпаса жүре алмайтын жасөспірім шақтың әлегінде әйгілі Лев Толстой әлдебір кітапты оқып алып әсерленгені сонша, түріне сән беріп тұрған қияқтай қасын шығармадағы бас кейіпкер секілді шырпы жағып, өртеп жіберіпті.

Өртеңге өскен қастың қалай қаулап шығатыны белгілі, жауардай болып қабара қарайтын жуан әрі қалың қас пайда болып, оның әлемдік әдебиеттегі жуан есімдердің біріне айналуына болмашы болса да, өз белгісін қалдырып кетіпті. Бұл да мұрны мен ерінді тесіп сырға салатын бүгінгі жасөспірімнің өз уақытымен қатар жүргісі келген бейсаналы әрекетіне ұқсас. Бірақ тентек біткеннің бәрі Толстой емес, әрине.

Мектептің жоғары сыныбында төмен­гілердің бәрін ашса алақанында, жұмса жұ­ды­рығында ұстап, кейін кәмелетке жасы толмаған қиын балалардың мекемесіне ауыс­тырылған атаман сыныптастарымыздың бүгінде кім болғаны, қайда жүргені оқта-текте еске түсіп, қызықтыратыны бар. «Түрмеде» деді досынан сұрағанда. «Төртінші, әлде бесінші рет отыр. Ағасы өзінен өткен, екеуі де түрмеден түрмені түгендеп жүр. Жаның ашымай-ақ қойсын, ол басынан бақайына дейін алтын құйсаң да, бос­тан өміріне саналы түрде оралғысы келмейді. Оралғанымен, жұмысы жоқ, тамағы жоқ, үйі жоқ. Қоғам оны қабылдамайды. Амал жоқ, үйренген жеріне кетуге тура келеді. Ал оған қайта бару­дың жалғыз жолы – қылмыс жасау...», деп толықтырып қойды. Бір жылда екі мектеп ауыстырып жүріп, соңына мүлде хабарсыз кеткен бұзықтың жасөспірім шақта басталған жауыздығының басқаша жалғасуы мүмкін еместей таңырқама­дық. Жастық ша­ғымды жоғалттым, өмірімнің ең жарқын сәті қор болып, текке өтті деп қа­мықпайтын да шығар. Қамықса, қарау істен қа­шық жүрер еді. Қылмыс жасауға бейімі бар адам­ды тоқтата алмағанына қараған­да, түрме түзетеді деген пікірге күмәнмен қарауға тура келеді және олардың қоғамнан оқшауланғаны дұрыс та.

Туғанда отбасына қуаныш болып келген балалар он-он бес жылдың айналасында нағыз қорқауға айналып жатыр. Баласының тәрбиесіне дер кезінде көңіл бөлмеген жеке адамның салғырттығы бүкіл қоғамның бетіне таңба түсіреді. Жасөспірімдер арасындағы түсінбестік, төбелес бұрын да болды. Бірақ қауіп неде? Қатыгездік жасөспірімнен бас­та­уыш сыныптың баласына көшіп, қазір бесік­­тен белі шықпаған бөбектерге дейін өтіп отыр. Эпидемия сияқты таралып бара жатқан зұлым­дықтың тамырын талдап, себеп-салдарын тара­зылаған құзыретті орын­ның қорытындысы әзірге көзге түсе қоймады.

Қоғамда 452 730 ана баланы жалғыз өсіріп отыр, ал 86 256 жалғызілікті әке бар. Толық емес отбасының көпшілігінде тәрбие жартыкеш. Алдыңғы буындағы адамдар «не ексең, соны орасың» деген қағиданы жиі қайталап отыратын, осы күні бұл сөз ұмытылуға айналды. Бала ата-анасының махаббаты мен сенімін сезініп, ойымен, пікірімен санасқанын, сырласқанын қалайды, бірге серуендеп, жиі күліп, жарқын сәттерді басынан бірге кешіргісі келеді. Тіршілік қамы көбірек күйттеліп, баласына көңіл бөліп, қамқорлық, қуаныш сыйлаудың орнына, бар мейірімін қарызға болса да телефон алып берумен білдіріп, уақытын түз қарекетіне жұмсайтын ата-аналардың тәрбиені алдымен теледидарға, сәл кейінірек интернетке тапсырғанының нәтижесі, міне, айқынырақ көріне бастады. «Бәрі де балам үшін!» деп шапқылап жүргенде, тәрбиесі тысқары қалыпты. Бір езуінен бал, бір езуінен май ағып, түнде телефонын құшақтап жатып ұйықтап, таңертең жабысып оянатын балалар өзін бақытсыз сезінеді, себебі жүрегінде махаббат жоқ. Миы телефонның ақпаратына ғана тәуелді, тірі зомби.

«Кім мықты?» деп ортадан дербес мәрте­бесін, өз орнын анықтауға көшкен балалар жай төбелес пен өлімнің ара-жігін ажырата алмай қалып жатыр. Жастардың зорлық пен зұлым­дыққа күрт бейімділігінің артуы бір жағы, отбасы дағдарысына байланысты болса, эмо­циясын бақылауда ұстай алмайтын бала­лар қатыгездігінің арғы жағында әртүрлі ком­пьютер ойындары да жағымсыз әсерін тигіз­бей отырған жоқ. Интернетте секунд сайын та­ра­лып жатқан жауыздықты кірпік қақпай кө­ріп отырған балалардың миы біреудің мұң-қай­ғысын қабылдамайды. Қабылдайтын жүрек еді, ол тұмшаланғандықтан міндетін ат­қар­майды, ал ми қатыгездікті қалыпты нәрсе көреді.

Мал мен талдан бұрын, отбасының да, мектептің де басты міндеті қоғамға саналы, сапалы адам дайындап беру еді. «Қамысты бос ұстасаң, қолды кеседі». Тәрбие осал. Бүгінгі кезең кешегіге ұқсамайды, жаңа кейіптегі уақыт отбасы институтының маңызын арттырып, тәрбиеге мән беруді талап етіп отыр. «Тәрбиесіз берілген білімнен қайран жоқ», тәрбиесіз ұрпағы көбейген қоғамның да болашағынан үміт күтудің қажеті жоқ болар.