Елордада «Expert Independent Research Institute» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен «Қазақстандағы азаптауға қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті. Азаптауға қарсы іс-қимылдың проблемалық аспектілерін талқылауды мақсат тұтқан іс-шараға Жоғарғы сот, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық, Бас прокуратура, ІІМ өкілдері, Сенат және Мәжіліс депутаттары және сарапшылар қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысқан сарапшылардың айтуынша, елімізде бас бостандығынан айыру мекемелері мен тергеу оқшаулағыштарында азаматтарды азаптауға қатысты түсіп жатқан шағымдар көп, алайда сол қылмыстық істер бойынша жазаға тартылып жатқан құқық қорғау қызметкерлерінің саны тым аз.
Бұл туралы қоғам белсенділері әсіресе, «Қасіретті қаңтардан» кейін дабыл қағып жүр. Басқосу барысында осы маңызды мәселе мамандар талқысына салынды. Іс-шараға қатысқан Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан қазіргі күні Парламентке Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгерістер енгізу бойынша көлемді заң жобасы келіп түскенін, қазір депутаттар қарауында екенін айтты.
– Бұған дейін мұндай маңызды құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу толықтай прокуратура органдарының еншісінде, яғни солардың монополиясы болса, енді тұңғыш рет заң жобасы азаматтық мекеме – Әділет министрлігі тарапынан ұсынылып, соны өндіріске алып жатырмыз, – деді ол.
Бұл заң жобасында азаптаудың алдын алуға қатысты да өзгерістер бар екенін тілге тиек еткен қоғам қайраткері еліміздің азаптаулар мен басқа да қатыгез әрекеттерге қарсы қабылданған Ыстанбұл хаттамасына қосылғанын, алайда біз теория жүзінде оның талаптарын қабылдағанымызбен, іс жүзінде пайдаға асырмай жатқанымызды ашып айтты.
– Ыстанбұл хаттамасына егер тергеу органдары азаптау фактілері бойынша қылмыстық істерді қарамайтын болса, азаматтық қоғам тарапынан арнайы комиссия құрылатыны, оның құрамына кімдер кіретіні толықтай көрсетілген. Мен өз тарапымнан осы хаттаманың іс жүзінде жұмыс істеуі үшін бар күш-жігерімді саламын. Жоғарыда айтылған заң жобасында хаттама талаптары көрініс табуы керек. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін, тіпті келесі жылға да жалғасып кетуі мүмкін. Өйткені ол күрделі мәселе, – деді Абзал Құспан.
Дөңгелек үстелді ұйымдастырушы қоғамдық қор мамандарының бастамасымен еліміздегі пенитенциарлық мекемелердегі азаптаулардың алдын алу бойынша арнайы Цифрлық оқыту курсы әзірлеген. Ресейдегі танымал «Gulagu.Net» жобасы негізінде дайындалған платформаны жасауға осы саланың қыр-сырын білетін мамандар тартылған. Азаптауға ұшыраған адамдардың құқықтарын қорғауға бағытталған жоба материалдарының бәрі «pytkamnet.kz» сайты арқылы халыққа қолжетімді.
– Біздің оқу платформамыздың әлеуметтік желілерде де парақшалары бар. Мәселен, телеграмда арнайы бот жұмыс істейді. Азаптау жағдайларына куә болған кез келген адам өзінің бейне жазба және сурет түріндегі дәлелдемелерін осы ботқа жібере алады. Цифрлық мәліметтері арқылы олардың қайда және қашан түсірілгенін анықтауға болады. Мұндай қылмыстардың «мерзімі өтіп кету» деген ерекшелігі жоқ. Сол дәлелдер бойынша қылмыстық іс қозғалады. Сонымен қатар біздің Facebook және Instagram парақшаларымызда белгілі мамандардың қатысуымен тікелей эфирлер ұйымдастырылып тұрады, – дейді «Expert Independent Research Institute» қоғамдық қорының заңгері Мирхат Серікбаев.
Маманның айтуынша, қазіргі күні қор мүшелері осы жоба аясында құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп жатыр. Дегенмен олардың болашақтағы мақсаты – бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі сотталғандармен де кездесіп, семинарлар ұйымдастыру. Өйткені жазасын өтеп жатқан адамдар мекеме қызметкерлері немесе «серке» сотталғандар тарапынан азаптау жағдайлары орын алса, не істеу керек және қайда хабарлау қажет екенін білуге тиіс.
Жиынға қатысқан Арман Сәндібаев есімді азамат пенитенциарлық мекемелерде орын алып жатқан сорақы жағдайларды жайып салды. Ол өзі бұрын бизнеспен айналысқан, 2017 жылы ақша жымқырды деген айып тағылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Осыдан 2 ай бұрын ғана бостандыққа шыққан азаматтың айтуынша, мекемелерде азаптаудың үш түрі жасалады: физикалық, моральдық, психологиялық. Физикалық азаптау болса, оны денеңдегі жарақатты көрсету арқылы дәлелдей аласың. Ал моральдық және психологиялық азаптауларды дәлелдеу мүмкін емес. Оның айтуынша, сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару үшін осы азаптау түрлері кеңінен қолданылады, сотталғандар одан құтылу үшін түрмедегі «ерікті көмекшілерге» үлкен көлемде ақша беруге мәжбүр.
– Бүгінде мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу қып-қызыл бизнеске айналып кетті. Мәселен, сенің осы негізде бостандық алу уақытың келіп тұрса да, сені шығармайды. Пенитенциарлы мекемелердегі «ерікті көмекшілер» алдымен ақша талап етеді. Мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу құны 500 мыңнан 1 млн теңге арасында. Сотталғандар бостандық алу үшін туыстары арқылы сол ақшаны тауып беруге мәжбүр. Егер ақша бермесең, саған әртүрлі моральдық қысымдар жасалады, – дейді Арман Сәндібаев.
Ал «ерікті көмекшілер» деген кімдер? Олар – мекеме әкімшілігіне ішкі тәртіпті қадағалау үшін бекітілген сотталғандар. Арман Сәндібаевтың айтуынша, «ерікті көмекшілердің» мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығуды «бизнеске» айналдырып алғанын мекеме басшылығы да, сот органдары да білмейді. Олар сотталғаннан бостандыққа шығасың деп қомақты соманы алғанымен, сот керісінше үкім шығаруы мүмкін. Айналып келгенде, бостандық та жоқ, ақша да жоқ болып шығады. Біз бұл азаматтың айтқан мәліметтері қаншалықты шындыққа жанасымды екенін білмейміз. Бірақ егер рас болса, тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдары жіті назар аударуға тиіс деп есептейміз» деді сарапшылар.
Еліміздегі адам құқықтары мен заңдылықтардың сақталуы жөніндегі халықаралық бюро директорының орынбасары, Азаптауға қарсы ұлттық коалиция үйлестірушісі Роза Ақылбекова түрмелердегі азаптау жағдайларының артуына қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің 2011 жылы ішкі істер органдары құрамына қайтадан берілуімен байланысты екенін айтады.
– Еліміздің Азаптауға қарсы БҰҰ конвенциясын ратификациялағанына 29 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде жеткен жетістіктеріміз көп. Соның бірі – өлім жазасына алдымен мораторий жариялап, кейін түгелдей бас тарттық. Дегенмен азаптау фактілері әлі де тыйылмай тұр. ҚАЖ мекемелері мен уақытша ұстау оқшаулағыштары бұрын Әділет министрлігіне қарайтын. Егер олар ІІМ-не берілмегенде өткен жылғы қаңтар оқиғасында елді дүр сілкіндірген азаптау оқиғалары болмас еді, – дейді ол.
Оның сөзінше, Ұлттық коалицияға жыл сайын азаптауға байланысты 200-ден астам шағым келіп түсетін болса, өткен жылы тек қаңтар айының өзінде 190 шағым түскен.
Дөңгелек үстелде Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің бас кеңесшісі Динара Оспанова, Қазақстандағы Еуроодақ елшісінің орынбасары Адам Мадалински, «Қадір-қасиет» ҚБ төрағасы Анар Ибраева, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бас ғылыми қызметкері Индира Сейітқасымова, т.б. мамандар сөз алып, көтеріліп отырған тақырыпқа орай ойларын ортаға салды. Бас прокуратура өкілінің жиын басында айтылған ұтымды ұсыныстардың басын қосып, тәжірибе жүзінде қолдануға болатын кітап шығару керек деген бастамасын қатысушы қонақтар бірауыздан қолдады. Дөңгелек үстелге қатысушылар алдағы уақытта азаптауға қарсы күресті күшейту бойынша сарапшылармен бірлескен ұсыныстар әзірлеуді қолға алмақ.