Былтыр сәуір айында Бейнеу ауданының Сам құмындағы Қызыләскер ауылынан қоқиқаздар (фламинго) өлексесі табылған еді. Араға бір жыл салып оқиға айна-қатесіз қайталанып тұр. Биыл да аталған ауылдан 8 шақырым жерде өлген қоқиқаздар табылды.
Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген қызғылт қоқиқаздар – жылы жаққа қоныс аударып, уақыты келгенде кері қайтатын жыл құстары. Олар жазда Ақмола облысындағы Қорғалжын қорық аймағын мекендесе, қыста Ирак немесе Түрікменстанның жылы аймақтарына көшеді. Ал көктемде және күзде жол бойы Маңғыстау аймағына тынығу үшін қонақтайды, нақтырақ айтсақ, бұл құстардың миграциясы Бейнеу ауданы аумағынан өтеді. Осы қиын сапар барысында осымен екінші рет қоқиқаздардың өлекселері Маңғыстау даласында шашылып қалды.
Биыл Қызыләскер ауылының маңайынан бес қоқиқаздың өлексесі құм арасында жатқанын сол аумақта мал қарап жүрген 7-сынып оқушысы Ғизат Орынбай көріп, видеоға түсіріп алған. Өткен жылы қоқиқаздар өліміне мамандар аймақтағы қолайсыз ауа райы себеп болуы мүмкін деген пікір айтқан еді. Көктем басталысымен алапат жел мен шаңды дауыл көз аштырмай тұрған Маңғыстауда құстардың шығынына ауа райы әсер етті деуге негіз бар.
– Қолайсыз ауа райында құстардың әлсіздері әрі қарай солтүстік бағытқа ұша алмай орта жолда қонып, ауа райы және әлсіздік салдарынан өлуі мүмкін деп болжауға болады. Себебі шөлейт аумақта су көздері жоқ. Ендігі жерде ветеринарлық қызмет тарапынан тиісті сынамалар алынады деп күтеміз, – дейді табиғат жанашыры Н.Оқуов.
Маңғыстау облысы