Бүгінгі күні май өңдеу зауыттарынан бөтелкедегі күнбағыс майының сатылу бағасы әр өңірге байланысты литріне қарай 550-630 теңге аралығында. Бұл үрдісті мамандар ресейлік брендтер бағасының корреляциясымен ғана емес, сонымен қатар отандық өндірістің өсуімен де байланыстырады. 2022-2023 жылдары тазартылған күнбағыс майының өндірісі 22 пайызға, яғни 15 мың тоннадан астам ұлғайған.
Ал 2023-2024 жылдар аралығында еліміздегі күнбағыс майын өңдеудің жылдық қуаттылығы 100 мыңнан аса тоннаға арттыруды жоспарланып отыр. Биыл 40 мың тоннаға, алдағы жылы 66 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты қанағаттандыруда әрі ұзақ мерзімді перспективада дайын өнім бағасының тұрақталуына әкелмекші.
Күнбағыс майының өзіндік құнын тұрақтандыру мақсатында отандық май зауыттары құзырлы министрліктермен меморандумға қол қойған. Онда бөтелкедегі күнбағыс майын тікелей май зауытынан сату бағасының лимиті нақты жазылып, ол бір өнімге логистикалық шығындар мен дүкенде қойылатын қосымша бағаны қоспағанда 750 теңгеден аспауға тиіс. «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер» ұлттық қауымдастығы жүргізген мониторинг барысында зауыттардан күнбағыс майын сату бағасы өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 30%-ға дейін төмендегені анықталған.
Бұл жерде делдалдар мен бөлшек сауда желілерінің тауар таңбасын бақылауды құзырлы органдар жүзеге асыруға тиіс екенін еске сала кеткен жөн. Ал белгілі бір нарық субъектілері тарапынан бұзушылықтар анықталған жағдайда, тиісті бөлімдер әрекеттегі іс-шараларды қабылдауы қажет.
«Отандық күнбағыс майын өндірушілерге өз өнімдерін нарықтағы 30 пайыздық үлесті алып жатқан ірі сауда желілерінің сөрелеріне қою мәселесі қаралып жатыр. Тағы бір ескеретін маңызды жайт – экспорттық баж салығын енгізу. Бұл іс-шара күнбағыс тұқымын экспорттауды шектеу және осы шикізаттың тапшылығын болдырмау үшін қабылданды. Геосаяси жағдайға байланысты былтыр негізгі өндіруші Украина, Ресей, Аргентина және ЕО елдерінде күнбағыс тұқымын өндіру екінші жыл қатарынан төмендеді. Бұл фактор, өз кезегінде, әлемдік нарықтағы өнім бағасының қалыптасуына әсер етті. Бағаның күрт және айтарлықтай ауытқуы Орталық Азия нарығына да әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан азық-түлік инфляциясының өсуіне жол бермеу үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына импортқа тәуелділікті азайтуға мемлекет басымдық беруі керек», дейді «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер» ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы Ядықар Ибрагимов.
Сонымен елімізде биыл жыл басында 111,8 мың тонна тазартылған және тазартылмаған өсімдік майы өндірілген. Тазартылған май өндірісі бір жылда 1,3%, 25,3 мың тоннаға дейін төмендесе, тазартылмаған май өндірісі, керісінше, 40,2%, 86,4 мың тоннаға дейін өскен. Әсіресе шығыс өңірінде 11,6 мың тонна тазартылған және 30,4 мың тонна тазартылмаған май өндірілген. Одан кейін 6,8 мың тонна тазартылған май өндіру жағынан екінші орында Алматы, 5,7 мың тоннада үшінші орында Шымкент қалалары бар.
Жергілікті компаниялардың өнімі бір жылда 43%-ға өсіп, 644,3 мың тоннаға жетті. Импорт, керісінше, 13%-ға азайып, 133 мың тоннаны құрады. Импорттың үлесі, тиісінше, бір жыл бұрынғы 25,3%-бен салыстырғанда 17,1%-ды құраған. Осы жылдың басында өсімдік майының бағасы өткен жылмен салыстырғанда бір жыл ішінде 17,5%-ға өскен. Оның ішінде күнбағыс майы 17,2%, зәйтүн майы 26,3%-ға қымбаттаған.