Осы күндері Францияда үлкен теннистен өтіп жатқан Rolland Garros турнирінде тұңғыш рет отандық теннис тарихында Қазақстан құрамасының мүшесі Ярослава Шведова жұптық кездесуде жартылай, жекелеген матчтарда ширек финалға жолдама алған еді.
Дүйсенбі күні Я.Шведова австриялық Джулиан Кноулмен жұптасып өнер көрсетуде Карл Блэк (Зимбабве) пен Леонардо Паесті (Үндістан) 6:3, 6:7, 10:7 есебімен жеңіп, келесі айналымға шықты. Енді Шведова әріптесімен бірге Кристофер Каса (Германия) мен Вания Кингпен (АҚШ) кездеседі. Финалға берілетін жолдама осы матчта шешіледі.
Қазақстан теннисшісі жекелеген кездесулерде де сәтті өнер көрсетті. Турнир басталысымен қарсыластарының бәрін қиналмай ұтып келе жатқан Шведова 1/8 финалда австриялық Ярмила Гротты 6:3, 6:4 есебімен жеңіп, ширек финал жолдамасын қалтасына басқан-тын. Мұның алдында ол итальяндық Сара Эррани, әлемнің сегізінші ракеткасы поляк Агнешка Радваньсканы, ресейлік Алиса Клейбанованы жеңгенін атап өткеніміз жөн.
Шведованың кешегі қарсыласы – әлемнің төртінші ракеткасы серб Елена Янкович болатын. Бұл матч WTA тұжырымы бойынша 36-орында тұрған отандасымыз үшін оңай болған жоқ. Аса тартысты өткен жекпе-жекте тәжірибесі басымдау серб қызы 7:5 және 6:4 есебімен жеңіске жетті.