• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
10 Шілде, 2014

Елімізде виза беру ісі электрондық форматқа көшірілмек

244 рет
көрсетілді

АСТАНА. 10 шiлде. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев елімізде виза беру рәсімін электрондық форматқа көшіру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы ortcom.kz хабарлады. Рәпіл Жошыбаев: «Елімізге келетін шетелдік азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында виза берудің қолданыстағы тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Сондықтан, автоматтандыру, электрондық визаларды рәсімдеу бойынша қызметтерді интеграциялау тәрізді жаңашылдықтар және өзге де жеңілдіктер негізге алынып отыр. Қазіргі уақытта рәсімді электрондық форматқа көшіру тетіктері саралануда», – деді. Сондай-ақ, ол визаны рәсімдеуді электрондық форматқа көшірудің тиімді жақтарын да сөз етті. Р.Жошыбаев: «Бұл шекараны кесіп өтуді жеңілдету, көші-қон есебі және қауіпсіздік мәселесі бойынша жасалған үлкен қадам болады. Электрондық виза тікелей қарым-қатынассыз, кез келген мемлекетте қазақстандық визаны алу мүмкіндігін береді. Визаны елге келгенде шекарда алатын болады. Бұл жаңашылдықтарды жуық арада енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді. Бұдан бөлек, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары  АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Малайзия, Нидерланды, Біріккен Араб Әмірлігі, Корея Республикасы және Жапония елдерінің азаматтары 2014 жылғы 15 шілде мен 2015 жылғы 15 шілде аралығында мемлекеттік шекарадан өту кезінде 15 күнге дейін визалық талаптардан босатылатынын жеткізді. Р.Жошыбаев: «Аталған бастама екіжақты байланыстарды нығайтуға, әлеуетті инвесторлар мен шетелдік іскер тұлғаларға жайлы жағдай жасауға, сондай-ақ елімізге туристер шақыруға бағытталып отыр. Бұл өз кезегінде Қазақстанға туризм саласын белсенді дамытуға мүмкіндік береді, шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, ел бюджетін толтыруға әсерін тигізеді деп күтілуде», – деді. Жолдыбай Базар. Дереккөз: ortcom.kz. Фото: pokupon.by.