Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен сәуір айы Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату айы болып белгіленген. Осыған орай күні ертең Астанадағы «KeruenCity» сауда орталығында аутизммен ауыратын балалар арасында спорттық құзға шығудан фестиваль өтпек.
Осы акцияға «Vista» спорт клубы, альпинизм және құзға шығу федерациясымен қатар «Qadam Special School», «Autism Qadam» қоры қолдау көрсетіпті. Фестивальдың тақырыбы «Шекарасыз шыңдар» деп аталады. Бұл іс-шараға «Qadam Special School» орталығының тәрбиеленушілері, яғни аутизммен ауыратын балалар өздерінің спорттық дағдыларын көрсетеді. Осы мезетте балғындардың ата-аналары «KeruenCity» сауда орталығында құзға шығудан бақ сынайды. Бізге «Autism Qadam» қорының президенті Айсұлу Мәжен елде алғаш рет ұйымдастырылатын фестивальдың мән-маңызы жайында айтып берді.
– Біздің қор аутизммен ауыратын балаларды қолдау мақсатында түрлі жобаларды қолға алып, үйлесімді іске асырып келеді. Оның ішінде білім беру саласындағы және спорт бағытындағы жобаларды атап өтуге болады. «Qadam Special School» орталығы да тиімділігін көрсетті. Былтыр өзім бастап, еліміздегі аутизммен ауыратын балаларға арналған алғашқы спорттық құзға шығу секциясын іске қостық. Енді ертең, 28 сәуірде, біз бірінші фестиваль өткізуді ойластырдық. Оның мақсаты аутизмі бар балалар спорттың осы түрімен табысты айналыса алатынын көрсету болып отыр. Әрине, уақыт сәтімен еліміздің басқа өңірлері де біздің бастаманы қолдайды деп үміттенеміз, дейді А.Мәжен.
«Qadam Special School» орталығының балалары «Vista» спорт клубы мамандарының көмегімен спорттық құзға шығу негіздерін игеріп жатқанына жылдан асқан. Бұл секция елдегі аутизммен ауыратын балалардың спорттық құзға шығумен айналысуына таптырмайтын алғашқы секция екенін еске саламыз. Қазір осы орталықта 20-ға жуық бала шынығады. «Autism Qadam» қоры бір мезгілде 14 жаттықтырушыны оқытып, олардың ерекше балалармен жұмыс істеу дағдыларын меңгеруге ықпалдасқан. Статистикаға зер салсақ, кейінгі онжылдықта аутистік спектрінің бұзылуы бар балалардың саны он есе артқан. Бүгінде әлемдегі әрбір 36 бала сол қатарға кіреді. Аутистік спектрінің бұзылуы байқалған балаларға жәрдемдесудің кешенді, тиімді тәсілдерінің бірі – спортқа баулу. Осы тұста құзға шығу спорты барлық бұлшық ет топтарына белсенді әсер ететін, физикалық белсенділікті арттыратын спорттың ерекше түрі саналатынын тағы бір еске саламыз. Өйткені мұнда балалар епті, төзімді болып, қозғалысын бақылауды үйреніп қоймай, логикалық ойлауын дамытады. Әрі спорттың осы түрінде жарақат алу қаупі төмен. Жыл ішінде «Qadam Special School» орталығының тәрбиеленушілері жалпы әл-ауқаты мен денсаулық жағдайының айтарлықтай жақсарғаны байқалған.