Қостанай облысында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тілді еркін меңгеруге жағдай жасау, қолданыс аясын кеңейту мақсатында жасалып жатқан іс-шаралар аз емес. Бүгінде мемлекеттік қызметтегі құжат айналымы қазақ тілінде жүргізіледі.
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен оның өңірлік филиалдарының да осы бағытта атқарып жатқан қызметі ауқымды. Академия мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыреттілігін арттырып, мемлекеттік органдарда мемлекеттік тіл саясатын үйлестіру жұмыстарымен тұрақты шұғылданады. Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындауға атсалысып, үш тілді біліктілікті арттыру семинарларын жүргізеді. Академия біліктілікті арттыру семинарлары мен қайта даярлау курстары шеңберінде жыл сайын мемлекеттік қызметшілер ауызша, жазбаша тілдік құзыреттілігін арттырады.
Атап айтқанда, «Ресми жазылым», «Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу», «Іскерлік қарым-қатынас», «Сөйлеу мәдениеті», «Шешендік өнер» және т.б. тақырыптарда семинарлар мен курс барысында тақырыптық сабақтар, семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, кездесу кештер, түрлі бағыттағы іс-шаралар мемлекеттік тілге деген қызығушылықты арттырып, ерекше ден қойып, білім алуларына ықпал жасайды. Сабақ барысында дәстүрлі және озық инновациялық технологиялар қолданылады. Жаңа технологиялар арқылы оқыту қазақ тілін үйретудің сапасы мен маңызын арттырады. Тілді цифрлық технологиялар арқылы оқыту, аудио-бейне материалдар, рөлдік ойындар мен іскерлік ойындар, топтық, жұптық жұмыстар арқылы оқыту әдіс-тәсілдері кеңінен пайдаланылады.
Айта кететін жайт, академия жоғары оқу орнынан кейінгі тілді оқыту тұжырымдамасын әзірленіп, соның негізінде тілді деңгейлеп оқыту технологиялары мен «Qazaq Resmi Test» (QRT) бағалау құралын енгізді. «Qazaq resmi test» – кез келген тапсырушының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтап, тілдік деңгейді көтеру үшін қолданылатын тестілік жүйе. QRT 2019 жылдан бастап апробациядан өтуде. Содан бері 13332 мемлекеттік қызметші QRT тапсырып, тілдік деңгейін анықтады, әртүрлі деңгейдегі сарапшылардың ұсыныстары ескеріліп, жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, академияның Қостанай облысы бойынша филиалында жыл сайын екі мыңға жуық мемлекеттік қызметші оқудан өтеді. Өткізілген әр семинар мен әр курс бағдарламасына тілдік құзыреттілікті дамытатын арнайы сабақтар жоспарланып, облыстық «Тілдарын» тілдерді оқыту орталығынан кәсіби мамандар сабақ беруге шақырылады. Атқарылған жұмыс нәтижесінде мемлекеттік қызметшілер қазақ тілінде ресми жазу, құжаттардың мәтіндерін ресми тілде құрастыру, мемлекеттік тілде сөз саптау, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын шыңдайды.
Осылайша, жүйелі жұмыс нәтижесінде академия мен оның өңірлік филиалдары қазақ тілінің толыққанды мемлекеттік тілге айналуына атсалысып келеді.
Ақерке БЕКАХМЕТОВА,
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қостанай облыстық филиалының директоры