Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкімет үйінде «Реформалардың түпкі мақсаты – халық өмірін жақсарту» атты еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген кеңес өтіп, онда Президент агроөнеркәсіптің даму барысы туралы бірқатар мәселелерге тоқталды.
Соның ішінде «Өндірістен сатылымға дейін бүкіл жолға жіті қарап, бағаның өсуі қайдан туындайтынын түсіну керек. Агроөнеркəсіптік кешенді басқарудың қазіргі моделі саланың əлеуетін аша алмайды. Үкімет алдында агроөнеркəсіптік кешеннің тұрақты өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр», деген болатын. Шын мәнінде, ауыл шаруашылығын жетілдіру оңтайлы болмаса, елде азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізу қиын. Осы міндетті өңірлер де жақсы қабылдап, оны түсіністікпен іске асыруға кірісіп жатыр.
Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен Президенттің сындары мен тапсырмаларын орындау бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мен аудан әкімдері, тыңайтқыш өндірушілер мен техника жасаушылар, ғылыми орталықтар мамандары мен диқан қауым қатыстырылған «АгроҚызылжар-2023» атты үлкен кеңес өтті. Онда Президенттің сындары орынды деп танылып, оны түзету бағытында ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Мәселен, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялау бойынша былай деген еді: «Агроөнеркəсіп кешенін дамытуға бөлінетін бюджет қаражаты тиімді жұмсалуға тиіс. Мұны мұқият қадағалау қажет. 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия аламын деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген. Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қиынның қиыны. Оның үстіне субсидия беру жүйесі өте күрделі жəне қажетті мəлімет көпшілікке қолжетімді емес. Субсидия бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе бұл түйткілді шеше алмай тұр. Əрине, біршама жұмыс атқарылды. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл бағыттағы жұмысты аяғына дейін жеткізу керек». Осы мәселе бойынша биылғы ахуалды баяндаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетов облысқа бөлінген биылғы субсидия көлемі 63,3 млрд теңге екенін айтты. Оның 19,6 млрд теңгесі өсімдік саласын дамытуға бағытталмақ. Мал шаруашылығын дамытуға бөлінетін мемлекеттік қолдау 9,6 млрд теңге екен. Ал қалған 33,7 млрд теңге өңдеу саласына, инвестиция салуға, ынталандыру мөлшерлемесіне және т.б. жұмсалмақ. Алайда Марат Тасмағамбетовтің айтуына қарағанда, осы көлем облысқа аздық ететін көрінеді. Облыстың өсімдік саласын қолдауға ғана 35 млрд теңге субсидия қажет. Оның 2 млрд теңгесі тұқым алуға, 5 млрд теңгесі минералды тыңайтқыштарға, 10 млрд теңгесі пестицидке және т.б. жұмсалуы керек. Бүгінгі таңда Президенттің талабы ескеріліп, өндіріске ғана жұмсауды көздеген субсидия алатындардан өтініштер қабылданып жатыр. Осы күндері диқандарға 8,9 млрд теңге субсидия берілген және әлі беріліп жатыр. Ал мамыр айынан бастап пестицидті субсидияландыру жұмысына да кіріспек.
Облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың айтуына қарағанда, мемлекет қазір ауыл шаруашылығы құрылымдарының алдындағы міндетін толық орындаған. Қаржылық қамсыздандыру институттары кедергісіз жұмыс істейді. Жеңілдетілген бағамен босатылатын дизельді отынның әрбір литрі 224 теңге болып, 73,6 мың тонна көлемінде бөлінген.
Тұқымның сапасы толық тексеріліп, оның 97%-ы 1-2 сыныпты егу стандарттарына сәйкес екендігі анықталған. Тұқымның элиталық сұрыбын алудың 70% субсидия беріледі. Минералды тыңайтқыштар, пестицидтер мен гербицидтерді субсидиялау ең төменгі нарық құнының 50%-ы көлемінде.
Бүгінгі таңда облыс көктемгі егіс жұмыстарына кірісуге дайын деп айтуға болады. Биыл Солтүстік Қазақстан облысы барлығы 4,5 млн гектар жерге тұқым сіңірмек. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру талабын ескере отырып, соның 3,2 млн гектарына дәнді дақылдар, 960 мың гектарына майлы дақылдар, 353 мың гектарына жемазық дақылдары, 34,1 мың гектарына картоп және 6,2 мың гектарына көкөніс егілетін болады. Облыс азық-түлік қауіпсіздігін ескере отырып, ішкі нарықты толықтыру мақсатында бұршақ дақылдарын егуді былтырғы 3 мың гектардан биыл 9 мың гектарға дейін арттырып отыр. Сондай-ақ картоп 1,5 есе, сәбіз 2 есе, қырыққабат 2,2 есе көп отырғызылған.
Соңғы жылдары облыста мал шаруашылығы жақсы қарқынмен дамып келеді. Осыны ескеріп, биылғы егіс науқанында көпжылдық шөп көлемі 204 мың, біржылдық шөп 100 мың гектарға жеткізілді, ал жүгері 26 мың, жемазықтың басқа түрлерін егу 21,4 мың гектарға дейін арттырылды. «Зенченко и К», «Тайынша-Астық» ЖШС, «Дашка Николаевка» ЖШС, «Астық Стем» ЖШС, «Es Global» ЖШС сияқты шаруашылықтар жемазықтың құнарын арттыруды көздеп, оларды суару жұмыстарын биыл да қолға алмақшы.
Қазір кейбір озат шаруашылықтар тұқым сапасын арттыруды көздеп, оны алыс шетелдерден де алдырып жатыр. Мысалы, биыл 67 тонна тұқым Еуропа елдерінен, 10,5 мың тонна Ресей Федерациясынан әкелінді.
Облыс агроқұрылымдарына көктемгі егісті уақтылы өткізуі үшін жобамен 13 мың трактор, 14 мың тұқым сепкіш және 1,4 мың жоғары өнімді себу кешендері қажет екендігі анықталған. Биылдың өзінде жаңадан 3,8 млрд теңгеге 104 жаңа трактор сатып алынған. Айта кететін болсақ, германиялық «Claas» зауытының Петропавлдағы құрастырушы филиалы былтыр 70 трактор, 136 комбайн, 36 себу кешендерін жинап, облыс диқандарына өткізді. Облыс әкімінің ауыл шаруашылығын бақылайтын бірінші орынбасары М.Тасмағамбетовтің айтуына қарағанда, қазір барлық техниканың 99 пайызы дайын. «Қазір диқандар арасында жоғары сапалы жаңа тұқымсепкіштер сұранысқа ие. Былтыр 1,2 млрд теңгеге 476 тұқымсепкіш сатып алынған еді, биылғы 2,5 айда тағы 189-ы сатып алынды», деді ол.
Сонымен солтүстікқазақстандық диқандар көктемгі егіс науқанына дайын деп нық сеніммен айта аламыз.
Солтүстік Қазақстан облысы