Сергей Кандилиди «Bereke bank»-тің Орал қаласындағы филиалында қызмет етеді. Клиенттерге күрделі қаржы терминдерін, несие шарттарын мемлекеттік тілде жатық түсіндіріп беретін «сары қазақ» менеджердің даңқы біраз жерге жайылған. Сергей Павелұлы Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында дүниеге келген екен.
– Қазақ тілін ауылдан, бала кезімнен білемін. Айналамдағы достарымның бәрі қазақ балалары болды. Солармен бірге ойнап жүріп өзімнің қалай қазақша сөйлеп кеткенімді білмей де қалған сияқтымын. Кейін мектепте үнемі қазақ тілінен олимпиадаларға қатысатынмын, – деп еске алады Сергей.
Сергейдің әкесі Павел Иванұлы да, анасы Галина Николайқызы да 1947 жылы осы Сайқын ауылында дүниеге келген. Иван Сопляков – Еділ бойы теміржол желісі құрылысына жолдамамен келіп, 1934 жылы қазақ жерінде қалып қойған теміржолшы. Қасиетті Орда топырағы оған құтты қоныс болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр жылдарында екі мәрте майданға шақырылып тұрып кері қайтарылыпты: өйткені Сайқын теміржол стансасы, Орда мен Жәнібек аудандары – Сталинград майданының ең жақын тылы болған еді. Фашист ұшақтары көктен бомба тастап, оқ жаудырып жатқанда, теміржолдың ақауын тез жөндеп, майданға қару-жарақ, азық-түлік, ең бастысы, адам ресурсын жеткізу үшін шойынжолдың маңызы зор болатын.
Ал Галина Николайқызы – сталиндік қуғын-сүргін, репрессияның азабын тартқан грек әулетінен еді. Әкесі Николай, әжесі Магдолина – Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Новороссийск қаласында тұрған екен. Соғыс жылдарында «сенімсіз ұлт» ретінде талай халық атажұртынан жер аударылып, ақтабан шұбырындыға ұшырады. Кандилиди әулеті де Қара теңіз жағасындағы курортты қаладан бір күнде көшіріліп, алыстағы қазақ даласына, Нарын құмының бір шетіне тап болды. Бұл әулеттің сталиндік репрессиядан көрген құқайы, тартқан азабы өз алдына бір әңгімеге жүк. 1956 жылы ғана ақталып, арнайы есептен шығарылған, соның өзінде туған өлкесіне қайтуға рұқсат етілмеген Кандилиди әулетінің жан жарасын қазақ халқының кең құшағы, мейірімді жүрегі ғана емдеп алғандай...
– Анам да, әкем де мектеп мұғалімі болды. Анам – орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берсе, әкем – еңбек пәнінің мұғалімі еді. Екеуі де өмір бойы Сайқын ауылында Мәншүк Мәметова атындағы орта мектепте қызмет жасады. Ортаға өте сыйлы еді, үздік еңбегі үшін алған мемлекеттік марапаттары да көп болды. Әттең, анам осыдан төрт жыл бұрын 72 жасында дүниеден өтті, – дейді Сергей сағынышпен. Нағашы жұртының тегін фамилия етіп алғаны да анасына деген ерекше махаббатының көрінісі болса керек.
Кейіпкеріміз Сергейдің өзі 1-8 сыныпты ауыл мектебінде оқыпты. Тек соңғы 9-11 сыныпта Орал қаласына ауысып, №1 мектепті бітірген. Оқуы үздік, оның үстіне мемлекеттік тілді жақсы білетін ауыл баласы жаңа ортада абыройлы болғанында сөз жоқ. Әсіресе қазақ тілінен өткен оқушылар олимпиадаларында мектеп абыройын жиі қорғап шығатын.
– Мектептен кейін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне түсіп, «қаржы бакалавры» мамандығын қызыл дипломмен бітірдім, – дейді Сергей.
Сергей 2014 жылдан бері банк саласында. Әуелі «Qazkom» банкінде қызмет етті. 2018 жылы «Сбербанктің» филиалына ауысты. Қазір атауы «Bereke bank» болып өзгерген мекемеде еңбек етіп жүргеніне биыл қазан айында 5 жыл болады екен. Өмірлік серігі Ольгамен де осы жерде танысып, табысты. 2019 жылы үйленді, қазір алтын асықтай ұл өсіріп отыр. Бір қызығы, Ольга да қазақша жақсы түсініп, аздап сөйлей алады.
– Білесіз бе, қазақ тілін білетінімнің пайдасын өмірде көп көрдім. Өйткені жұмысымның өзі халыққа қызмет көрсету саласы ғой. Банкте клиенттермен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істеймін. Күн сайын келуші клиенттермен кездесемін. Келушілердің көбі – қазақтілді. Сондықтан мемлекеттік тілді білгенім маған көп көмектесіп жүр, – дейді Сергей.
Мынадай қызық оқиға жиі болады екен. Банкте клиенттерді қабылдау залында бірнеше менеджер отырады. Кейбір клиент қазақ менеджердің алды босағанын күтіп, Сергейдің алды бос тұрса да жақындамай тұрады. Олардың өз ойын орысша жеткізе алмай қобалжып тұрғанын сезген Сергей: «Қош келдіңіз, жақындаңыз, қандай мәселемен келдіңіз, айта беріңіз!» деп таза қазақша сөйлеп кеткенде, келуші аң-таң болады екен. «Сол сәттегі клиенттің қуанышы, ризашылығы жүзінен жарқырап көрініп тұрады. Алдыма келіп отырып, қазақ тілінде әңгімесін айта бастайды», дейді Сергей. Тіпті кейбірі «сен қазақша білмейтін болар деп ойлап қалдым» деп ыңғайсызданып, кешірім сұрап та жатады екен.
Айтпақшы, Сергей қалада тұрса да ауылдан тамырын ажыратпаған кәдімгі қазақтар сияқты. Ауылда, туған топырақта ағасы Игорь Сопляков «Максим» атты шаруа қожалығын ұстап отыр. Мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде сексеннің сеңгіріне жақындап қалған әкесі Павел Иванұлы қыс бойы қаладағы ұлы Сергейдің қолында болса, көктем шығысымен Бөкей Ордаға, баласының шаруашылығына асығады екен. Сөйтіп, Сайқыннан 20 шақырым жерді жайлаған малшы қонысында ұлына көмектесіп жүреді.
– Біздің отбасында қазақша өте жақсы білетін адам – әпкем Марина. Ол анамыздың жолын қуды. Орал қаласындағы №12 мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Мемлекеттік тілде сөйлеп, сабақ бере алады, жаза да біледі. Ауылдағы ағам да екібастан қазақша біледі. Біздің үйде тілге ең жүйрігі – марқұм анамыз еді. Қазақ тіліне деген махаббат бәрімізге сол кісіден жұқса керек, – дейді Сергей.
Міне, елімізге мамыражай мамыр айы, достық пен ынтымақ мерекесі келді. Қазақстан халқының бірлігі күні – кең-байтақ Отанымызда тұратын түрі бөлек болса да тілегі бір миллиондаған адамның ортақ мейрамы. Оралдық Сергей Кандилидидің де шаңырағында да той болатын күн бұл.
Батыс Қазақстан облысы