• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
11 Шілде, 2014

Интернаттар мен балалар үйлері интернетке тегін жалғанады

350 рет
көрсетілді

Әрбір компанияның жамағат алдында әлеуметтік жауапкершілігі бар болса да, осы сауапты іске шынайы ықыласымен берілген, қайырымдылық жасауды былайша да парыз деп білетін іскер орта бар. Сондай ірі бастаманың бірін Beeline Business қолға алып отыр. Көшбасшылар қатарындағы ұялы байланыс операторы осы аптада «Шексіз мүмкіндіктер» атты ауқымды республикалық ірі қайырымдылық жобасы аясында балалар үйлерін, мектеп-интернаттарды, мүгедектер үйлерін интернетке тегін жалғауды бастап та жіберді. Бұл жоба Алматы қаласындағы Мүгедек балалардың ата-ана­лары қауымдастығының қабыр­ғасында бастау алып, оның компью­терлік сыныбы – жылдам ин­тернетке тегін қосылған алғаш­қы нысан болды. – Қазіргідей ақпараттық технологиялар заманында ғалам­торға қол жеткізудің қандай ма­ңызды екендігін әрбір адам біледі. Әсіресе, интернаттар мен балалар үйлеріне осы мүмкіндікті туғызып, құқық­тарына қол жеткізу ісіне қуана көмектесеміз. Осы бастама аясында интернетті іс жүзінде қажет ететін адамдарға интернет қолжетімді болады. Алдағы 2-3 жыл ішінде әлеуметтік нысандарды интернетке жалғауды жалғастыра береміз, – дейді «2 Day Telecom» ЖШС-нің бас директоры Тұңғышбек Батталханов. Тұңғышбек Батталхановтың айтуынша, бұл жоба бірнеше кезеңге бөлінеді. Алдымен интернетке аса мұқтаж нысандар қосылады. 2Day Telecom (Beeline) аталмыш мекемелерді интернетпен тегін қамтамасыз етіп қоймай, өңірлердегі кеңселері арқылы осы мекемелерді қамқорлыққа алып, бұл іске ерікті түрде көмектескісі келетін қайырымды жандардың жұмысын жандандырмақ. Ең бастысы, үшінші кезеңде e-learning форматындағы жұмыс­тар атқарылмақ. Яғни, балалар үйлері мен мектеп-интернаттар ғаламтор арқылы білім контентіне қосылады. Интернеті бар бала қай жерде отырса да қалаған білімін алып, курстарға қатысып, шет тілдерін меңгере алады. Заманауи білім алуда e-learning рөлі қандай екенін қазір­гі жастар жақсы біледі. Бұрын осы формат арқылы білім алу 2 пайыз болса, қазір ол 10 пайызға жетіп қалды. Арзан, әрі тиімді. Балалардың маңызды бір мәселесін шешіп берген бастама кезінде «АРДИ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Алматы қаласы әкімдігінің Мүгедектер құқығы жөніндегі Үйлестіру кеңесінің мүшесі Әсия Ахтанова: «Балаларымыздың басым көпші­лігі үшін кейде интернет – әлемге жол ашатын жалғыз терезе болып табылатындығы, әлемді танып- білу және тілдесу құралы болып табылатындығы құпия емес. Соны­мен қатар, интернеттің және ғы­лым жетістіктерінің арқасында ор­талықта сауықтырудың жаңа технологиялары пайда болады», дейді. Сонымен, алдағы бірнеше жылда «Шексіз мүмкіндіктер» ұзақ мерзімді жобасының шең­берін­де Қазақстанның барлық қалаларындағы әлеуметтік нысандарды тегін сымды интернетке қосу аяқталады. Ғаламторға тегін жалғанатын мекемелер тізімінде – балалар үйлері, облыстық мектеп-интернаттар, мүмкіндігі шектеулі адамдарды бейімдеу орталықтары бар. 2014 жылдың аяғына дейін Қазақстанның 6 қаласындағы 8 нысан қосылатын болады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.
Соңғы жаңалықтар