Шымкент пен Түркістан қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары өз оқу орнының айналасына жеміс ағаштарын екті.
Қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазарту, ағаш отырғызу, қоқыстарды сұрыптауға үйрету жөніндегі «Birgemiz: Taza Álem» жалпыұлттық жобасын іске асыру аясында «Әлеуметтік жобалар қоры» КҚ жеміс ағаштарын отырғызу акциясын ұйымдастырды. Оған Шымкент қаласының физика-математика бағытындағы және Түркістан қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары, сондай-ақ еріктілер қатысты.
«Біздің іс-шара Дүниежүзілік жер күнін мерекелеуге орай өткізілді. Акцияға қатысушылар мектеп аумақтарын көгалдандыруға өзінің үлесін қосуды жөн көрді. Осылайша, біз жас ұрпақ арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, жастардың қоршаған ортаға, жер-анаға деген сүйіспеншілігін арттырғымыз келеді.
Болашақта осы мектептердің оқушылары біздің еріктілерге өз ауласындағы бақшалар үшін риза болады деп үміттенеміз», дейді «Birgemiz: Taza Álem» жобасының жетекшісі Ербол Кеңгірбаев.
Акция қорытындысы бойынша Түркістандағы химия-биологиялық бағыттағы зияткерлік мектептің аумағында балалар алма, алмұрт шабдалы, өрік және шие ағаштарының 100 талын, шымкенттік оқушылар 50 көшетті отырғызды.
Еске салайық, қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазарту, ағаш отырғызу, қоқыстарды сұрыптауға үйрету жөніндегі «Birgemiz: Taza Álem» жобасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады. Оны іске асыру 2022 жылы басталып, 2024 жылдың соңында аяқталады. Үш жылдың қорытындысы бойынша жобаға 8 мыңнан астам ерікті тартылады деп жоспарланып отыр.