Жамбыл облысындағы Талас өзені өз бастауын Қырғыз елінен алатыны белгілі. Бұрын бұл өзен жағасындағы елді мекендерге суы жайылып, тыныштық бермейтін тасыған өзендердің бірі болған. Жағасында жолбарыс жортқан және түрлі аң-құс мекендеген өзен еді. Алайда Қырғыз Республикасы су электр стансасын салғаннан бері Талас өзенінің су көлемі кеми бастады.
Бұған қоса өзеннің жоғарғы арнасында орналасқан елді мекендер қолдарынан келгенше түрлі көлемде су қоймаларын салды. Қоймаға жиналған судың жартысы жерге сіңіп, жартысы бу болып бұлтқа айналып кететіндіктен қалғаны бір жазға жетпей қалып жатты. Сол себепті төменгі ағыс бойындағы елді мекендер су тапшылығын тартты. Бірақ бұл мәселе ешкімді толғандырған жоқ. Сонымен қатар кейінгі кезде климаттың күрт өзгеруіне байланысты жаңбыр мен қар суының аз болуы себепті жерасты сулары төмен деңгейге түсіп, қуаңшылық болу ықтималдылығы артты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы қаңтар айында сөйлеген сөзінде: «Былтыр егістік өнімі өткен жылмен салыстырғанда 4 млн тоннаға кем болды. Биыл да жауын-шашын аз болады деген жорамал бар. Сондықтан осы бастан қамданған жөн» деген еді. Осыған орай, Жамбыл облысындағы жайылым және егістік жерлерді кеңейту мақсатында облыс көлеміндегі өзендердің суын жинақтап, барынша ұқыптылықпен пайдалану керектігін жақсы түсінеміз.
Жоғарыда аталған флора мен фаунаның әртүрлілігін және жайылым мен егістік жерлерін, сондай-ақ өзен суларының көлемін көтеру үшін төмендегі іс-шараларды қолға алу қажет. Бүгінгінің басшылары «Ағаң мұрат болғанша, саған мұрап болсын» деп су қоймаларын салып алған. Сол тоғанда жиналған судың отыз пайызын ғана іске жаратады. Өйткені қойманың табаны қазылып, топырағы жағаны көтеруге жұмсалады. Ал табаны қазылған тоғандардың пайдалы кеңістікке шыға алмауы ескерілмеген.
Суғармалы жермен қамтамасыз ету жағдайы жүйелі жұмыс істемегендіктен Жамбыл облысын қақ жарып өтетін Талас өзені жаз мезгілінде тоқтау сулардың біріне айналады. Енді өзен табаны (бассейні) кеуіп, жай сайлардың қатарында қалмас үшін Талас өзеніне үлкен көмек қажет.
Мәселен, Мойынқұм ауданынан өтетін Шу өзенінің кей тұстары арнасынан асып, пайдасыз батпақты жерлерге босқа сіңіп жатады. Шу өзенінің 550-600 метр биіктікте орналасқан суын 450 метр биіктіктегі Талас өзеніне түрлі техникалық тәсілдерді қолдану арқылы қосса, Жамбыл облысының қолданыстан шығып бара жатқан егістігі мен жайылымдық жерлерінің 70-80 пайызы қайта жанданары сөзсіз. Сонымен бірге Талас, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарысу, Жамбыл елді мекендері сумен қамтылатын еді.
Жер ыңғайына қарайтын болсақ, Шу өзенін Тасөткел су қоймасы маңынан алып Байзақ ауданының Темірбек елді мекені маңынан Талас өзеніне әкеліп қосатын болсақ, осы өте ыңғайлы болар деп санаймын. Аталған ара қашықтықты жер қыртыстарын ескере отырып есептейтін болсақ, шамамен 250 шақырым, ал тікелей қосатын болса, 200 шақырымдай болар еді. Атап айтатын жайт, Аса өзеніне Теріс ащы қоймасынан су беріліп, оны Билікөл, Ақкөл, Ащыкөл еш пайдасы жоқ көлдеріне соқпай айналып өтіп, Талас ауданының Үшарал елді мекенінен Талас өзеніне қосатын болсақ, Жамбыл, Талас, Сарысу аудандарының жерлеріне қосымша суғармалы көмек болатыны белгілі.
Мысалы, Түрікменстанның ауа райы ыстық, жері түгелдей шөлейт (құмды), қолайсыз болып келеді. Осыдан құтылу үшін Әмудария өзенінен су алуға ұзындығы 1 100 шақырым арна қазып жерін суландырып, құмды жерді пайдаға жаратқаны соншалық, ылғалды көп қажет ететін жүзім, жүгері секілді көкөніс және бидай егіп, өнім алып отыр.
Онымен салыстырғанда Жамбыл облысының жері құнарлы, ылғалды. Сондықтан бұған осы бастан қамдансақ, Президент ескерткен түйткілдің түйіні шешілмек, сөйтіп Талас суының арнасы қайта толса, табыстың көзі сол болар еді.
Нұрбек НИЯЗБЕК,
Жамбыл облысы әкімдігі
Құрылыс басқармасының
бас маманы