• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 04 Мамыр, 2023

Судандағы шиеленіскен соғыс

388 рет
көрсетілді

Судандағы қақтығыстың соңы азаматтық соғысқа ұласар түрі бар. Аталған елде қарулы күштер мен жедел әрекет ету күштері уақытша атысты тоқтатуға келісті. Бірақ тыныштық уақыты ұзаққа созылмады. Қала көшелерінде мылтық үні қайта естілді. Бүгінге дейін Суданда жүзден астам адам қа­за тауып, мыңдаған тұрғын бас сауғалап қашуға мәжбүр.

Қақтығыс сәуір айының ортасында басталды. Әскери режімнің екі не­гіз­гі фракциясы билік үшін тайталасып жатыр. Судан қарулы күштері ел­дің іс жүзінде билеушісі генерал Абдел Фаттах әл-Бурханға бой ұсын­ған. Ал жедел әрекет ету күштері (RSF) қызметкерлері бұрынғы әскери қолбас­шы, Хемедти деген атпен белгілі генерал Мохамед Хамдан Дагалоның сойы­лын соғып отыр. Билікке таластың түп-тамыры елді талай жыл билеген диктатор Омар әл-Баширге барып тіре­леді. 2019 жылғы көтерілістен кейін 26 жыл ел билеген президент тағынан тайған еді. Сөйтіп, елде уақытша үкімет құрылып, билік уақытша әскери кеңеске берілді. Оны алғашқыда Ахмед Авад ибн Ауф басқарды, кейіннен кеңестің басшылығы Абдел Фаттах әл-Бурханға берілді. Башир қызметінен кеткен соң демократиялық үлгідегі үкімет құруға талпыныс жасалған-ды. Алайда бұл қадам сәтсіз аяқталды. Сондықтан шы­ғар, 2022 жылдың басында-ақ дипломаттар Хартумда қақтығыс басталуы ықтимал екенін айтып, дабыл көтерді.

RSF күштерінің негізін 20 жылдай бұрын Омар әл-Башир қалады. Бұқаралық ақпарат құралдары таратқан мәліметке сүйенсек, мұндай күштік құрылым Дарфурдағы көтерілісті басу үшін қажет болған. Сөйтіп, саяси және экономикалық ахуалға наразы жер­гілікті халықты орталық билікке бағын­дырып, тұқыртып алуды көздеген. Ха­лық арасында жедел әрекет ету күш­тері «Жанжавид» атымен танылып, зұлымдық мекемесі ретінде сана­латын көрінеді. 2013 жылы RSF жар­ты­лай әскериленген құрылымға айналды. Оның басшылығына әскери шен берілді. Сөйтіп, Дарфурдағы көтерілісті басуға қатысты. Бұдан бөлек, Йемендегі, Ливиядағы қақтығыстарға да үлес қосқаны белгілі. Дегенмен 2019 жылы Хемедти бастаған RSF мен әл-Бурхан басқаратын тұрақты әскери күштер бірлесіп, Омар әл-Баширді тақтан тайдырды. Кейінірек елде тағы бір көтеріліс болып, билікті азаматтық арнаға бұруға талпынған. Бірақ наразылық акциясы сәтсіз аяқталып, биліктегілер оны күшпен басты. Содан бері Судандағы ахуал оңалмай-ақ қойды.

Өкінішке қарай, Суданда Қазақстан азаматтары да жүрген. Қазіргі таңда Сыртқы істер министрлігі оларды елден шығаруға әрекет жасап жатыр. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан елшіліктерінің есебіне сәйкес қақтығыс өршігенге дейін Суданда барлығы 17 Қазақстан азаматы болған.

«Судандағы қарулы қақтығыстың күшеюіне байланысты Мысырдағы және Эфиопиядағы елшіліктеріміз, сондай-ақ Джиддадағы бас консулдық Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесімен айналысып жатыр. Бастапқыда ол жақтағы Қазақстанның үш азаматы ғана белгілі болған. Кейін ақпарат БАҚ-та жарияланғаннан кейін Судан аумағындағы тағы 14 азаматымыз министрлікке жүгінді», деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Отандастарымыздың көпшілігі Суданға жеке тау-кен компаниясында жұмыс істеу үшін келген. Суданда орналасқан Ресей, Түркияның Эфио­пия, Иордания елшіліктерінің көме­гімен, Қазақстанның алты азаматы эвакуа­ция­ланды. Олар Иордания, Сауд Арабия­сы және Эфиопияға жеткізілген.

«ЮНИСЕФ-те қызмет істейтін Қазақ­станның бір азаматы Иорданиядағы ЮНИСЕФ кампусына орналастырылды, тағы бір отандасымыз өз өтініші бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінде қалуды ұйғарды. Біздің төрт отандасымыз Қазақстанға келді. 17 азаматтың алтауы Суданнан тыс жерлерге кетті. Қалған 11 азамат өз қалауы бо­йынша Суданда қалды. Оның 10-ы – тау-кен өндіруші жеке компанияның қызметкерлері. Бір азамат – «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының қызметкері. Ол сонда қалуды шешті, біз де онымен байланыстамыз», деді А.Смадияров.

Осы орайда, әлем елдерінің Суданда өз мүддесі бар екенін айта кеткен жөн. Бірақ қақтығыс түбегейлі ішкі мәселе болғандықтан, оған алпауыт мемлекет­тер ықпал етуге қауқарсыздық көрсе­тіп отыр. Мәселен, 2019 жылы Омар әл-Баширдің биліктен кетуін қызу қолдаған АҚШ тарапы аймақта тұрақтылықты сақтауға айтарлықтай үлес қоса алмады. Ал Қытай талай жылдан бері Африка құрлығында ықпалын арттырғысы келеді. Сол себепті көп­теген инфрақұрылымдық жоба бас­тап, ауқымды инвестиция құйған еді. Дегенмен Суданның ішкі мәселесіне келгенде Бейжің билігі шарасыз. Сарап­шылардың айтуынша, Қытай әліптің артын бағып отырған сыңайлы. Алда-жалда кім басым түсіп, билікке келсе, сонымен әріптестік орнатуға тырысады. Сондай-ақ Суданға қатысты Ресейдің де өз мүддесі бар. Кремль билігі қазіргі таңда RSF күштерін және Хемедтиді қолдайды. «The Guardian» газеті мұның себебін елдегі алтын кендерін заңсыз игерумен байланыстырады. Сонымен қатар Ресей Суданда теңіз күштерін орна­ластырып, Үнді мұхитындағы ықпа­лын арттырғысы келетінін алға тартады.

Айтпақшы, еліміз 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланғаны белгілі. Сол кезеңде қазақ дипломаттары Судан секілді ұзақ­қа созылған және шиеленіске толы қақтығыстар шарпыған өңірлерге жіті көңіл бөлген еді. Сондай-ақ Суданға сарапшылар деңгейіндегі сапарлар ұйымдастырды.