2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде халықты сумен қамтамасыз ету көрсеткіші қалаларда – 98,4, ауылды жерлерде 94,5%-ға жеткен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы айтты.
Ведомство өкілі халықты сумен қамтамасыз ету жұмыстары туралы айта келе алда атқарылатын міндеттерге де тоқталды. Спикердің сөзіне сенсек, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының халқы (қалаларда) сумен 100% қамтылған.
– Ал ең төменгі деңгей Жамбыл (91,9%), Қостанай (80,4%), Ақмола (89,8%) және Солтүстік Қазақстан облыстарының (85%) қалаларында байқалып отырғанын айта кеткен жөн. Осыған байланысты бұл аймақтарда сумен қамту жұмыстарын жақсарту үшін қажетті қаражатты бөлу қарастырылмақ, – дейді ол.
Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, суды коммерциялық және техникалық мақсатта үнемдеп, апатты және инвестициялық шығындарды азайту үшін республикалық бюджет есебінен су арналарын автоматтандыру жобаларын қаржыландыру жоспарланған. Атап айтқанда, желілердегі судың тұрақты қысымын реттеу үшін сорғы стансаларын модельдеп, басқаруға мүмкіндік беретін барлық өндірістік үрдіске байланысты су ресурстарын есепке алудың толық кешенін қамтамасыз ету көзделген. Бұл сумен қамту және су құбыры жүйесін жаңғыртуға арналған шығындарды азайтуға септігін тигізеді.
Бұған қоса ведомство өкілі министрліктің ауыз суды арзандатуға бағытталған жұмыстары жөнінде айтты. Мәселен, Су кодексіне сәйкес мемлекеттік маңызды топқа жататын және дербес жергілікті сумен қамту жүйелері арқылы таратылатын таза су қызметтерінің құнын ішінара субсидиялайды. Яғни жергілікті атқарушы органдар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тарифтеріне сай 1 текше метр ауыз судың бағасын белгілейді. Осы арқылы тариф пен төлем көлемі арасындағы айырмашылықты мемлекет субсидия беру арқылы реттейді.
– Алайда елімізде қажетті есептеу құрылғылары болған жағдайда бір адамға субсидиялаудың нормативтік шектеуі (Құрылыс нормалары мен ережелеріне (ҚНжЕ) сәйкес тәулігіне 140 литрге дейін) белгіленгенін ескерген жөн. Бұл тіршілік нәріне үнемдеп қарауға бағытталған амал болып отыр. Ал суды тұтыну көлемі белгіленген нормадан асып кеткен жағдайда кез келген азамат оның ақысын тариф бойынша толық төлеуге тиіс, – дейді ведомство өкілі.