АҚТАУ. 11 шілде. Маңғыстау облыстық ішкі істер департементі Ақтау қалалық ішкі істер бөлімінің тергеушісі пара алды деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Нақтырақ айтсақ, 2014 жылдың 6 шілдесінде Маңғыстау облысы бойынша қаржы полициясының қызметкерлері облыстық ішкі істер департементі Ақтау қалалық ішкі істер бөлімінің тергеушісі Н.Уразбаевты ұстады. Ол К. деген азаматқа қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату және оның жеке куәлігі мен жүргізушілік куәлігін қайтарып беруі үшін бағасы 160 000 теңге болатын iPhon 5 S маркалы ұялы телефонын және 85 000 теңге пара алды деп айыпталуда.
Шымкент қаласына ұшпақ болған сәтінде әуежайда қолға түскен Уразбаевқа қатысты сол күні-ақ пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал екі күннен соң, тергеуші Нұрзат Уразбаев сот санкциясымен қамауға алынды.
Қаржы полициясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жүруде.
Гүлайым Шынтемірқызы.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: mgorod.kz.