АСТАНА. 11 шілде. Ақмола облысы Бурабай ауданында үйінің ауласынан шығып, адасып кеткен 2 жасар қыз бала орман ішінде итпен бірге түнеген. Бұл туралы «Экспресс К» газеті хабарлады.
Оқиға өткен сәрсенбінің кешкі мезгілінде Щучье қаласында орын алған. Сәби аулада алаңсыз ойнап жүреді. Ал анасы үш шаруасының қамымен болып, қызына назар аудара қоймайды. Алайда, сәлден кейін әйел перзентін жоқтап қалады. Содан, үш сағат бойы баласын іздеп таба алмай амалы таусылған 37 жастағы қала тұрғыны түнгі сағат 00:25 шамасында полиция бөліміне болған жәйтті хабарлайды.
Сөйтіп, Бурабай аудандық ішкі істер бөлімінің жеке құрамы және училище курсанттары бірлесе түні бойы баланы іздеп, оны таңғы 06:00 шамасында үйден 500 метр қашықтықта отырғызылған орман ішінен итті құшақтап жатқан жерінен табады. Абырой болғанда, бала аман.
Жоғалып табылған баланың әкесі Арман: «Сол күні ауа-райы суық болды. Бәріміз жылы киініп жүрдік. Құқық қорғау орындарының қызметкерлері қызымды іздеуге училищенің курсанттарын жұмылдырды. Бала таңғы сағат 06:00-де табылды. Ит түні бойы өзінің жылы денесімен сәбиді тоңдырмай шыққан. Иттің аналық мейірімі оянса керек, алғашқы кезде ол іздеуші адамдарды балаға жақындатқысы келмепті. Бұл ит біздің үйге қыс маусымында келген болатын. Біз оған «Жолбарыс» деп ат қойғанбыз», – деді.
Жергілікті дәрігерлер сәбиді ит түнгі суыққа ұрындырмай аман алып қалған деп есептеп отыр.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «Экспресс К».
Фото: «Экспресс К».