• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Үкімет 04 Мамыр, 2023

Әлихан Смайылов Тәжікстан Президентімен кездесті

198 рет
көрсетілді

Елордада Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен елімізге мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның кездесуі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың, оның ішінде сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестициялық қызмет, сондай-ақ көлік-логистика және су-энергетика салаларындағы өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Премьер-министр Тәжікстан Қазақстанның аймақтағы маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 19%-ға өсіп, $1,4 млрд-қа жетті.

«Біз өзара сауданы одан әрі кеңейту үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз. Тауар айналымын $2 млрд-қа жеткізу жөніндегі алға қойған міндетімізге сәйкес біз Тәжікстан Үкіметімен бірлесіп сауда-экономикалық қарым-қатынасты кеңейту бойынша жұмыс істеп жатырмыз», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр атап өткендей, бұл бағытта Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Тәжікстан үкіметаралық комиссиясы маңызды рөл атқарады, оның кезекті отырысы осы жылдың сәуір айында сәтті өткен болатын. Сонымен қатар 2023-2024 жылдарға арналған тауар айналымын арттыру бойынша жол картасы қабылданды.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов 3 мамырда көптеген кәсіпорындардың өкілдері қатысқан бірлескен бизнес-форум екі елдің бизнес-қауымдастықтарының жақындасуына септігін тигізгенін айтты. Нәтижесінде жалпы құны $20 млн-ды құрайтын бірқатар маңызды коммерциялық құжаттарға қол қойылды.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі Тәжікстан Республикасымен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін бар күш-жігерін салады. Биыл қазақ-тәжік ынтымақтастығының жоғары қарқыны барлық бағыттар бойынша дамитынына сенімдімін», деді Премьер-Министр.

Өз кезегінде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон республикалар арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтудың жоғары әлеуетін атап өтті.

«Біздің қарым-қатынасымызды дамыту үшін қажетті алғышарттар бар. Барлық негізгі бағыттарда өзара тиімді іс-қимылдың бай тәжірибесі жинақталды. Мен бүгін қабылданған Одақтастардың өзара іс-қимылы туралы декларацияның тарихи маңызын ерекше атап өткім келеді. Бұл біздің ынтымақтастығымызды нығайтуға кең жол ашады», деді Эмомали Рахмон.

Тәжікстан басшысы екі елдің бизнес-қауымдастықтарын жақындастырудың, екіжақты сауданы арттырудың және өзара мәдени-гуманитарлық іс-қимылды жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

«Біз Қазақстанмен ешбір шектеусіз барлық салада ынтымақтасуға дайынбыз», деді Эмомали Рахмон.