Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен сауда және туризм салалық кеңесінің отырысында бірқатар мәселе көтерілді. Атап айтсақ, Ақтаудағы 1-шағын ауданның теңіз жағалауының ластануы, шіруі, Қаракөл көлінің жай-күйі, туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шарасынан бас тартылған жеке кәсіпкердің өтініші бойынша іс-шаралар қаралды.
«EcoJer» қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша өңірлік экологиялық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов жасанды шығанақтың құрылуына байланысты теңіз жағалауында балдырлар мен шіріктердің пайда болу проблемасын көтерді.
– Теңіз жағалауында жағымсыз иіс мүңкіп тұр. Бұл туристік саланың дамуына теріс әсер етеді. Егер жағдай қазір түзелмесе, онда жазда ол санитарлық-эпидемиологиялық сипатқа ие бола алады. Өйткені бұл жер жергілікті тұрғындар арасында өте танымал, – деді ол.
Ә.Қозыбақов сауда және туризм салалық кеңесінің мүшелеріне, жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне Қаракөл мәртебесін жергілікті мәртебеге өзгерту туралы ұсыныспен жүгінді. Оның пікірінше, бұл сулы-батпақты жерлерде экологиялық туризмді дамыту үшін қаражат тартуды жеңілдетеді.
Туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шараларына қатысты кәсіпкер Қ.Ізтілеуова Маңғыстау облысының туризм басқармасы кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы сервис салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеуден бас тарту мәселесін көтерді. Өз кезегінде Маңғыстау облысы туризм басқармасының туризмді ілгерілету және дамыту бөлімінің басшысы Г.Жариева туризм саласын мемлекеттік қолдау қағидаларына енгізілетін өзгерістерге байланысты бұл бас тартуға түсініктеме берді. Сондай-ақ туризм басқармасының сайтында мемлекеттік қолдаудың іске асырылып жатқан шаралары, талап етілетін құжаттама, сондай-ақ өтінім беру тетіктері туралы ақпарат алуға болатынын хабарлады.
Кәсіпкерлер палатасында өңірдегі туризм саласын дамытуға кері әсерін тигізеді деген немесе шешімін таппай жүрген мәселелер талқыланды. Ауқымды істер шағын мәселелерді шешуден басталатыны белгілі.
Маңғыстау облысы