Қостанайдағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенованың шығармашылық кеші өтті. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бері қарайғы айтыс өнерінің шежіресі жыр боп шертілген тағылымы мол жиынға өңір зиялылары, мәдениет саласының өкілдері мен Әсия Әйіпқызының Ақаң университетіндегі «Өнер студиясы» мектебінің түлектері қатысты.
Таяуда алтыншы мүшелге кірген асыл сөздің иесі қазақтың маңдайына біткен дара өнердің өткені мен келешегінен ой толғап, кезінде өзімен сөз қағыстырып, өнер жарыстырған атақты айтыскер ақындар жөнінде қызықты естеліктер айтты.
Әсия ақын үшін, әсіресе, өнерде қарсыласы, өмірде жаннан қымбат ең жақын сырлас-серігі болған Әселхан Қалыбекованың орны бөлек еді. Бірі шуақты Шәуілдірден, екіншісі әруақты Әулиекөлден түлеп ұшып, айтыс тарихында өзгеше айшық қалдырған от ауызды, орақ тілді қос өнерпаздың екеуі де бір күнде – 1950 жылы 22 сәуірде дүниеге келген түйдей құрдас. Екеуі де сексенінші жылдары семіп бара жатқан төл өнердің тамырына қан жүгіртіп, қайта жандануына атсалысты. Екеуі де ауыздықпен алысқан небір дүлдүл ақындармен қатар түскен айтулы аламандарда ақ алмастай жарқырап, қара бұлттай күркіреп, өз жырын, өз үнін, өз мақамын мәңгілік халық жүрегіне жазып қалдырды. Қалың елдің ыстық ықыласына бөленіп, халық ақыны атағын алды. Әсия Әйіпқызының Әселхан ақын туралы тебіреніске толы естелігі сағыныш пен мұңнан өріле беретіні де осыдан болар.
Кеш барысында Әсия Беркенова кезінде өзіне Әселхан ақын сыйлаған домбырасын музейге тарту етті. Бұл домбыраның тарихын жиналғандарға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов тарқатып айтып берді.
– Кезінде Әселхан апа екі домбыра жасатып, бір футлярға Әсия деп жаздырып, өзіне алып, екіншісіне Әселхан деп жаздырып Әсия апайға сыйлаған екен. Әсия апай екі бірдей шапан тіктіріп, біреуін өзіне, екіншісін марқұм Әселхан апаға берген. Биыл Әсия апай мүшелге толды. Қазақта мүшел жасқа келген адам бір қымбат дүниесін сыйға тартатын жақсы дәстүр бар ғой. Әсия Әйіпқызы да бүгін ырымдап домбырасын музейге сыйлап жатыр. Айтыстың қос ақберені атанған ақын апаларымыздың арасындағы кіршіксіз сыйластық пен адал достықтың тұмарындай болған асыл домбыра осы мұражайдың құнды жәдігерлерінің қатарынан орын алатын болады, – деді басқарма басшысы.
Кездесуге келген ақынның шәкірттері ұстаздарына арнап жырдан шашу шашса, зиялы қауым өкілдері жүрекжарды лебіздерін айтып, сый-құрметтерін көрсетті.
– Әсияның шыққан биігі, алған асулары, айтыс өнерінде талай жұртты таңғалдырып, тамсандырғаны менің әлі күнге дейін көңілімде, көз алдымда. Әсия том-том кітаптарды ақтарып, үйреніп-оқып, бұрынғы айтыскерлердің өнерінен сусындаған ақын деп айта алмаймын. Ол өзі қазақ мектебінде орыс тілінен сабақ берді. Алатау баурайындағы аламан айтысқа қосылған алғашқы сәттің өзінде-ақ дәнді даланың құнарлы топырағынан жарқ етіп шыққан сом алтындай табиғи талантымен жарқырай көрініп, айтыстың бел баласы, соның бесігінен шыққан перзентіндей болып танылды. Содан бері өзінің ақындық үні, адами болмысы мен азаматтық ұстанымынан айнып көрген емес, – деді жиынға келген көпшілікке батасын берген қарт ақын Жолбарыс Баязит.
Қостанай облысы