Қазақстан мен Қытай азаматтары үшін өзара 30 күнге дейін визасыз кіру режімі енгізілетіні туралы жаңалық жарияланды. Сыртқы істер министрлігі әзірлеген қаулыға сәйкес екі ел азаматтары төлқұжат арқылы саяхаттау, емделу, іскерлік кездесулер өткізу үшін көрші мемлекетке 30 күнге дейін визасыз кіре алмақ. Бұл құжат әлі күшіне енбегенін айта кету керек.
Ел мүддесі – экономикалық мүдде
Жақында Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қытай азаматтары үшін Қазақстанға 14 күнге дейін визасыз кіру мүмкіндігі өткен жылғы жазда берілгенін, сол уақыттан бері еларалық барыс-келісте жүйесіздік болмағанын және визасыз режім мерзімін 30 күнге дейін ұзарту Қазақстан үшін тиімді екенін айтты.
«Қытай – экономикасы алпауыт ел. Қазақстан және Орталық Азия елдері үшін негізгі сауда серіктестерінің бірі. Егер екі ел арасында өзара визасыз режім енгізілсе, жеке азаматтар ғана емес, жүк көлігін жүргізушілер де шекарадан визасыз өте алады. Бұл біраз мәселені шешеді. Арадағы сауда-саттық өсіп, өңіраралық ынтымақтастық нығаяды, экономикамызға оң әсер етеді. Қазақстан – Орталық Азияда Қытаймен визасыз режім орнатқан жалғыз мемлекет. Мұны біз дипломатиялық жеңіс деп есептейміз», деді СІМ өкілі.
Ресми деректерге сәйкес 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 31,9 пайызға өсіп, 32,1 млрд долларды (2021 жыл – 24,3 млрд доллар) құрады.
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы рекордтық көрсеткіштерге жетіп, өткен жылы 24 млрд доллардан асты. Қазақстандық өнім экспорты өсіп, 13,2 млрд долларды құраған. Сол сияқты елімізде қытай тауарларына деген қажеттілік артып келеді. Импорт 33,5 пайызға өсіп, 11 млрд долларға жетіп отыр.
Қытай нарығы – біздің өнімдеріміздің сенімді тұтынушысы. Қазақстан 1 млрд доллардан астам сомаға 135 қосымша тауар позициясы бойынша өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы тауарларының кең ассортиментін ұсынуға дайын. Мамандар визасыз режімді енгізу экономикалық байланыстарды нығайтуға оң әсер ете алатынын айтып отыр. Мәселен, еліміздің шағын және орта бизнес өкілдері үшін көптеген мүмкіндік ашылмақ: енді трансшекаралық алыс-беріс жылдамдығы бірнеше есеге артады. Виза рәсімдеу салдарынан үнемі кідірістер орын алып, ұзақ кезектер туындап қалып жүрсе, енді Қытаймен арадағы өткізу пункттерінде жағдайды жақсартуға мүмкіндік тумақ.
Бұл өзгерістердің тағы бір тиімді тұсы – елімізге қытай туристерін көптеп тарту. Мамандар әрбір қытай турисі елімізге келгенде орташа есеппен 1 мың доллар қаражат жұмсайтынын айтады. Егер әр туристен түсетін қаражатты есептесек, мұның өзі экономикаға келген қомақты кіріс болар еді. Мәселен, «Kazakh Tourism» компаниясы берген мәліметтерге қарағанда, өткен жылы елімізге Қытайдан келетін туристерден түскен кіріс 16 млн долларды құраған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен екі есеге көп.
– Бүгінгі таңда Қазақстанды көргісі келетін шетелдіктердің қатары артып отыр. Соның ішінде қытайлар да бар. Визасыз кіру мерзімін 14 күннен 30 күнге арттыру сәйкесінше бизнеске түсетін табысты да көбейтетіні белгілі. Қазір тек Қытай емес, басқа да елдерден саяхатшыларды тарту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр, – дейді компания директоры Даниел Сержанұлы.
Қытай мен Қазақстанның транзиттік айналымы 42 пайызға артқанын Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов та айтты.
– Бүгінгі таңда транзиттік құралдардың саны 33 пайызға артты. 2021 жылы көлік құралдарының саны Қазақстан арқылы транзиттік көлік саны 153 мың болса, 2022 жылы 204 мың көлік болды. 2021 жылы Қытаймен транзит бойынша 75 мың көлік өтсе, 2022 жылы 107 мың көлік өтті. Бұл 35 мыңға ұлғайып, 42 пайыз болды, – деді вице-министр.
Дерекке сәйкес кедендік баж салығынан Қазақстан бюджетіне 1 сәуірдегі жағдай бойынша 10 сальдо 160 млрд теңге қаражат түсті.
– «Нұрлы жол» кеден бекеті ашылғаннан бері БАҚ-та көптеген шағым болды. Біздің көліктер ол жаққа өте алмайды. Біздің 15 мың көлік кезекте тұрды. Қазіргі таңда біз өз тарапымыздан жұмыс кезеңін ұлғайттық. Қытай консулдығымен кездесіп, қазақстандық тасымалдаушыларға виза санын апта сайын 500-ге дейін жеткізуді ұсындық. Қазақстандықтардың визасыз өтуіне жеңілдік жасалса, сауда-саттықтың дамуына әсері мол, – деді Ержан Біржанов.
Ал блогер Яков Федоров кешегі пандемияның тоқырауынан кейін бүкіл әлем елдері қытай туристерінің қайта келуін күтіп отырғанын жазады.
– Біз Жапонияда болғанда сол елдегі туризмнің пандемиядан қалай зардап шеккенін көрдік. 2019 жылы Жапонияға Қытай мен Гонконгтен 12 миллион турист келген. Коронавирусқа байланысты шекаралар жабылғанда ел экономикасы миллиардтаған доллар шығынға ұшырады. Тек Жапония емес, жалпы бүкіл әлемде қытай туристерін құшақ жая қарсы алады. Өйткені біріншіден, олар көбіне топ-тобымен жүреді. Яғни кез келген қоғамдық орын үшін келушілердің көптігі кірістің артуына себепші. Екіншіден, әрбір топпен ұйымдастырушы бірге жүреді. Бұл біздің азаматтарымыз үшін қосымша жұмыс орындары. Үшіншіден, қытайлық туристер қай елге барса да, тілдік кедергілерге тап болады. Бұл кемшілік болып көрінгенмен, біз үшін керісінше артықшылық. Себебі оларға өз аудармашыларымыз қызмет көрсететіндіктен, бұл тағы да қосымша жұмыс орны деген сөз, – дейді ол.
Блогердің айтуынша, 2019 жылы, яғни пандемияға дейін қытай туристері 170 миллион рет шетелге шығып, әлем экономикасына 253 миллиард доллар қаржы құйған. Қазіргі күні сол туристер ағынын қайтадан қалпына келтіріп, оның бір бөлігін елімізге қарай бұруға күш салу керек. Жалпы, Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында елімізге Қытайдан 8 мыңнан астам турист келген.