2022 жылғы жаңа регламентке сай Үндістан, Иран және Қытай азаматтары Қазақстанға шекараны асқан кезден бастап 14 күнге іскерлік, жеке және туристік мақсаттарда визасыз кіре алатын болды. Бұл тек біржақты бағытта еді, яғни Қазақстан азаматтарына аталған елдерге бару үшін виза рәсімдеу талап етілетін. Енді Қытай елімен арада 30 күнге дейінгі екіжақты визасыз режім орнатылып, азаматтарымыз да Қытайға кіру үшін виза рәсімдейді. Бұл жерде айта кету керек, визасыз режім шеңберінде шетелдіктерге ел аумағында еңбекпен немесе төленетін қызметпен айналысуға тыйым салынады. Сонымен бірге монтаждау және жөндеу жұмыстарымен де айналысуға болмайды, ол үшін виза талап етіледі.
Экономикалық тұрғыдан екі ел арасындағы визасыз режім іскерлік орталардың өзара іс-әрекеттестік деңгейін көтеруге және шетел инвесторлары үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға пайдалы. Ұлттық банктің дерегінше, 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанға тартылған шетел инвестициялары арасында Қытай Нидерланд, АҚШ және Швейцариядан кейінгі 4-орында (23,2 млрд доллар) тұр.
Енді синофобия туралы айтар болсақ, Қытай өзінің ұзақ ғасырлық тарихында шапқыншылық емес, жаудан қорғану үшін көп соғысқан. Мәселен, моңғол шапқыншылығын, ХХ ғасырдағы жапон қырғынын айтсақ жеткілікті. Қазіргі күні Қазақстан екі алып держава арасындағы тарихи-географиялық, геосаяси аренада орналасқан. Біз бұл жағдайды өзгерте алмаймыз, керісінше одан өзімізге пайдалы жақтарын іздеуіміз керек.
Қытай – бүгінде әлемнің екінші экономикасы. Қасымызда осындай дамыған елдің болуы біз үшін бір жағынан үлкен пайда. Елімізде көбірек Қытайды зерттеу орталықтарын ашып, зерттеулер жүргізіп, еліміздің мүдделерін қорғау шеңберінде тиімді шешімдер қабылдасақ, өзара визасыз режімнен келіп-кетер қауіп жоқ деп айта аламыз.
Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,
саясаттанушы