Тәуелсіздігіміздің арқасында Қазақ елі барлық саладан өзін жан-жақты танытуда. Соңғы жылдары төрткүл дүниенің талантты жастары әр алуан шаралар аясында Отанымыздың оңтайлы жұмыстарына куә болып келеді. Соның бірегейі халықаралық деңгейде өтетін пән олимпиадалары дер едік. Осыдан төрт жыл бұрын Астанада математика пәнінен әлемнің 98 елінен келген 500 оқушы бақ сынаған болатын. Сол білім бәйгесінде еліміздің баулып қосқан дарынды ұл мен қыздары Сингапур, Гонконг, Қытай, Жапониядан кейінгі 5-ші орынға табан тіреп, мемлекет беделін бір биіктетіп тастаған еді. Сол үрдіс биыл да жалғасын тауып отыр. Ағымдағы жылдың 13-15 шілдесі аралығында Астана қаласындағы Назарбаев Университетінде Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйытқы болуымен физика пәнінен оқушылардың 45-ші халықаралық олимпиадасы өтеді. Оған төрткүл дүниенің 88 мемлекетінен 700 үміткер қатысады.
Мұндай олимпиаданың басты мақсаты, дарынды балаларды анықтап, қолдау көрсету, болашағына даңғыл жол ашу. Ақыл иелерінің ой жемісін танып-біліп отыру. Жалпы, әлемді өзгертетін ғаламат ақыл иелері. Оларды дер кезінде тауып, бұлақ көзін ашу, тура жолға салу, азаматтық биікке көтеру алдыңғы толқынның міндеті. Сол міндет үдесінен шығу мақсатында ұйымдастырылған бұл халықаралық олимпиададан алар тағылым да, үйренер үлгі де аз болмаса керек.
Еліміздің беделін көтеретін бұл білім жарысы жайлы «Дарын» орталығының директоры Шолпан Қирабаеваны әңгімеге тартқанымызда ол: «Әлемдік деңгейдегі үлкен шараның біздің елімізде өтуін мен мемлекетіміздің, Президентіміздің абыройымен сабақтастырамын. Себебі, мұндай олимпиада кез келген елде бола бермейді. Оның үстіне біздің жас дарындарымыз дүниежүзілік жарыстарда жүлде алып, жұрттың назарын аударып келеді. Физика пәнінен өтетін 45-ші халықаралық олимпиада жарысына 5 оқушыны баптап, қосып отырмыз. Олар : Әмір Бірәлин, Данат Иса, Дінмұхаммед Нұрбек, Нұрислам Тұрсынбек, Дәулет Құрмантаев. Бәрі де халықаралық, республикалық жарыстарға қатысып, алтыннан алқа тағып, жүзден жүйрік шыққандар. Бұл олимпиаданың бас демеушісі – әлемдік Exxon Mobile компаниясы екенін айта кетсем деймін. Жас ұрпаққа ылғи демеушілік көрсетіп келе жатқан бұл компания 2010 жылы өткен математикалық олимпиадаға да, халықаралық Жәутіков атындағы білім жарысына да, жаратылыстану-математикалық пәндерден Президенттік білім бәйгесіне де бас демеуші болып жүр. Олимпиада 14 шілде күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында ашылады» деді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».