Атағы жер жарған, қаламгерлер «Хэм» деп атаған Эрнест Хемингуэймен соңғы рет тілдескен кісінің есімі – Свен Брикертс. Ол жазушымен тілдесіп қалу үшін көп ізденген, тіпті бірнеше рет меселесі қайтқан журналистің бірі. Ол осы бір сұхбат үшін Кенияның Кэи-Уестіне, Парижге, Памплонаға барудан да еш ерінген емес. Сосын олар «Паппи алабұғасы» атты кішкентай балық тағамдарын әзірлейтін мейрамханада кездесуге келіседі.
Міне, тілші Хемингуэймен кездесетін күн ыстығы бетке ұратын автотұрақта отыр. Айнала тып-тыныш. Сеніміме селкеу түсе бастаған сәтте кенет анадайдан адам қарасы көріне бастады. Үстіне гавайлық үлгідегі жейде киген, көзілдірікті кісі келе жатыр. Жүрісі алыстан қараған адамға, біртүрлі көрінеді. Жолда өзімен бірге келе жатқандардың қатарынан қалып қойды. Ол мейрамхананың алдында бір секунд тоқтап, ішке кірді.
Сол бір әдебиет генералынан сұхбат алсам деп армандаған тілшінің арманы орындалды. Оның тарихтағы ең мықты жазушы екені (әрине, Шекспирден кейін) есіне түскен журналист қағілездік танытты да сұрақтарын қоя бастады. Біз сұрақтар мен жауаптарды қаз-қалпында бердік.
– Хемингуэй мырза, сізбен тек он минут қана сөйлесу мүмкіндігім бар екенін жақсы білемін, «Таза һәм жарық жер» атты әңгімеңізде бүкіл ұрпақты «жоқтыққа» шақырдыңыз, ал ондағы кейіпкер Нада тіршіліктің өзегі еді. Сіз қазір сол әңгімені дәл осылай жазар ма едіңіз?
– (Жөтеліп, сәл кідіріп, көзін басқа бір жаққа қадап тұрып) Жоқ, олай істей алмас едім. Қазір Нада туралы әңгімені басқаша жазатыныма сенемін. Жазған дүниелердің өзгеріске ұшырап жататыны да бар емес пе? Мүмкін оны барынша түзетуге тырысатын да шығармын. Ұнамаса, оның орны – қоқыс сандығы. Кешіріңіз, мен – көп қателіктер жіберген адаммын.
– Егер Нада болмаса, Хемингуэй мырза, онда?..
– Менің ойымша, бұның айтатындай еш ерекшелігі жоқ. Әрқашан «жақсы» дегім келеді. Мүмкін, кей затты басқа қырынан анық көруге болады.
– Тіл сіз үшін бәрінен қымбат екенін білемін. Сол үшін әдейі осы туралы сұрақ қойғым келіп отыр. Бірақ мынаған жауап беріңізші, әлгінде «мен көп қателік өткізген адаммын» дедіңіз, ол қандай қателіктер?
– (Ойланып, әнтек сақалының ұшын сипалады) Менің ең үлкен өкінішім – Кубадағы кішкентай бүлдіршіндерді Финкаға шақырып, бокстасып, содан кейін оларды бір-бірлеп құлатқаным болды. Көп нәрсе хақында қайта ойланғым келеді. Сондай-ақ Фицджеральдтың ерлігі туралы да айтуға тура келеді.
– Ал ішімдікке салыну, әйелдер, жабайы жануарларды өлтіру сіз үшін қателік емес пе?
– Қазіргі уақытта сәннің қадірі кеткенін білемін. Серіліктің де ауылы алыс қалды. Дұрыс айтасың, біз арақты жақсы іштік, сосын ең мықты әйелдермен араластық. Бұным өкініш емес.
– Хемингуэй мырза, сіздің өкінішіңіз бар ма?
– (Орнынан көтеріліп, ашулы қалыппен): Боқмұрын жастар, сендерге не керек өзі? Сен авторлық құқық туралы сұрап отырсың ба? Зайыры, маған не туралы айт дегің келеді? Әрине, мен бәріне өкінемін. Аң атуға шыққаным үшін анау Марлин балықтары үшін де өкініштен бармақ тістеймін. Түнгі клубтарға Марлен Дитрихтің қолынан ұстап, ертіп апарғаным үшін өкінемін, Пуэрто-Рико Рум арағы менің тамырларымда ән салып, билегені үшін өкінемін. Саған керегі осы ма?
– Дұрыс айтасыз, кешіріңіз... Бірақ қазір басқа әлемде өмір сүріп жатырмыз. Енді шығармашылық туралы сөйлесейікші. «Ақиқат» баспасы туралы не ойлайсыз?
– Ақымақтықпен бизнес жасап отырған баспа. Қарғыс пен ұят арқалағаны тағы бар. Кеше кешкісін Эллисон екеуміз осы туралы сөйлестік. Аты затына сай емес екені анық. Менің ойымша, ең маңыздысы кітаптағы әр сөйлемнің өз орнында болуы.
– Әйелдер ше?
– Мен әйелдер туралы не біледі деп ойлайсың? Оларды тозақ деуге де болады. Олар жөндеп аңға шыға алмайды, тіпті балық аулау да қолдарынан келмейді. Ал олардың арақты жақсы іше алатындары да тым аз. Әйелдер адаммен дұрыстап сөйлесе де алмайды екен. Әйтеуір түсінбеймін соларды. Меніңше, олар жай күбірлесіп, бірдеңені айтқанға құштар. Бұдан шынайы проза жасай алмаймыз.
– Ешбір әйел қаламгерді мойындамайсыз ба?
– Гертруда Стайнға көңілім толады, бірақ ол әр шығармасын ер жазушы сияқты жазады. Марта Геллхорн бір сөйлем арқылы бәрін аңдата алады.
– Жас жазушыларды оқып тұрасыз ба?
– Өздерінше «жазушымыз» десіп жүргендір көп. Мен Николсон Бейкер мен Дэвид Фостер Уоллес деген біреуді мүлде оқи алмай қойдым. Не жазған өздері?
– Он минутымыз аяқталыпты. Тағы айтарыңыз бар ма?
– Әрине. Менің ескі досым, ақын Эздің: «Жақсы көрген затың қалады, ал басқасы бос сөз» дегенін әрдайым есіңізде сақтаңыз.
– Жарайды. Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Сұхбат осы жерден аяқталады. Хемингуэй бастан-аяқ өзгеше қалыпта сөйлескенін аңдауға болады. Тіпті кей сұрақтарға әдейі қырсығып, басқаша жауап бергені де шындық. Бірақ осы сұхбат оның өміріндегі ең соңғы сұхбат болып қала берді.