Мал шаруашылығы үш қияндағы бағзыдан бергі күнкөрістің негізгі көзі саналады. Кеңшар кезінде мал өсірудің алдыңғы қатарында болып, атағы аспандаған өлке. Бүгіндегі жеке шаруа қожалықтары мен жекенің малы да Маңғыстау даласының сәні.
Мал басының көбеюі өңірде халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін туындатты. Осы орайда облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалануды қадағалайтын жұмыс тобы құрылған еді. Алдын ала жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша Маңғыстау облысында 973 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталып, 2022 жылы осы жер көлемінің 356 мың гектардан астамы мемлекет меншігіне қайтарылған. Нақтырақ айтсақ, Түпқараған ауданы бойынша – 85,3, Мұнайлы ауданынан – 26,09, Бейнеу ауданынан – 33,8, Қарақия ауданы бойынша – 171,8, Маңғыстау ауданынан – 39,6, ал Жаңаөзен қаласы бойынша 10 га жер мемлекет меншігіне өткізілді. Сондай-ақ жоспардан тыс тексеру туралы хабарламадан кейін жерінің жалпы көлемі 67 787 га болатын 85 жер пайдаланушы қолда бар малын ИСЖ базасына тіркеді.
– Мемлекеттік қорда 8 млн 667 мың гектар жайылымдық жер бар. Өңірде ауыл тұрғындары босалқы жерлер, сондай-ақ жақын маңдағы ауыл шаруашылығы ұйымдарының есебінен мал жайылымымен қамтамасыз етілген. Елді мекендерді жайылымдық жерлермен қамтуда өткір проблемалар жоқ, дегенмен ауыл-аймақтардың аумағын кеңейту арқылы қосымша жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жоспарда бар. Қазіргі таңда алыстағы жайылымдық жерлерді де ауыл шаруашылығы айналымына тарту, халыққа пайдалану мәселелері пысықталуда, – дейді Маңғыстау облысы жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қахарман Бағынов.
Қайтарылған барлық жер енді Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп әзірлеген геосервисте көрсетіледі. Интерактивті карта азаматтарға кез келген уақытта қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері бойынша мониторингті жүзеге асыруға мүмкіндік береді және осы учаскелерді алу мақсатында жергілікті атқарушы органдарға өтініш беру үшін бағдар болады. Бұл жылдар бойы пайдаланылмаған ауылшаруашылық жерлерін айналымға тартуға, сондай-ақ тұрғындарды ауыл шаруашылығы үшін қажетті алаңдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысы