Әдеттегідей Шығыстың бір топ суретшілері асай-мүсейлерін арқалап, пленэрге шықты. Күн жылып, жер аяғы кеңи сала табиғат аясында этюд жазуды екі-үш жылдан бері олар дәстүрге айналдырған.
Белгілі қылқалам шебері Құдаш Нұрсадықов бастаған суретшілер тобы былтыр Өскеменнің іргесіндегі бөртекке шықса, биыл сол жағалау саябағына барып жайғасты. Ат шаптырым аумақты алып жатқан абат бақтың іші суретшілер үшін таптырмас жер. Ертістің жағасы, орман-тоғайдың саясы. Құстары сайраған бау-бағы жайнаған.
Өнер музейімен бірлесе ұйымдастырылған бұл жолғы пленэрге Құдаш Нұрсадықовтың шәкірттері де қатысты. Олар акварельмен, майлы бояумен этюд жазып, өз баптарын сынады. Ал кәсіби суретшілер бір күнге созылған шарада екі этюдтен жазып үлгерді.
– Табиғат аясында сурет салудың жөні бөлек. Нағыз шығармашылық жұмыс осы. Фотосуреттен көшіріп емес, табиғатта табан астында жазылған картина құнды. Оның теңгеге шаққандағы құны емес, шығармашылық бағасын айтып тұрмын, – дейді қылқалам шебері Ержан Тұрғанбаев.
Ертістің жағасына таяу тұрып, кенеп бетіне топтаса өскен теректерді бейнелеген Гүлнәр Миғражқызының да этюді ерекше көз тартты. Енді-енді бүршік атып келе жатқан теректердің кескіні айнадай көлшікке түседі. Көл бетін сызғылай қос үйрек жүзіп барады. Майлы бояумен жазған этюді мен табиғаттың үйлесіміне суретші сәл шегіншектей барып, көзін сығырайта қарады. Кейбір тұсын саусақ ұшымен түзеткен болды. Галереяға қоя салатындай дайын картина.
Сол сияқты жас суретші Мәди Қайырхан да жұмысын сәтті аяқтады. Суретшілердің биылғы жоспары, пленэрге жүйелі түрде шығып, Шығыстың көрікті жерлерін кенеп бетіне түсіру.
Шығыс Қазақстан облысы