Біздегі машина жасау кәсіпорындарының тең жартысынан астамы өткен ғасырдың 1960-1970 жылдары орнатылған ескі құрылғылармен жұмыс істеп келеді. Мұндай жағдайда бәсекеге қабілетті өнім шығару, ішкі нарықты қамтамасыз ету, экспорттық тауар дайындау туралы айтудың да қисыны жоқ. Сондықтан отандық кәсіпорындарға сапалы модернизация жасалып, жаңа инновациялар енгізілуге тиіс. Түйткілдер қатарында кәсіпорындарымызды шикізатпен қамтамасыз ету де бар. Осы және өзге де мәселелер Қазақстан машина жасаушыларының XI форумында айтылып талқыланды.
Форум қатысушыларына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы хат жолдап, лебізін білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл форум осы саланы өркендетуге ықпал ететін тың тәсілдер табуға арналған тиімді диалог алаңына айналды.
«Ел экономикасын әртараптандыру үшін инновация және озық технологияға негізделген өңдеу өнеркәсібін қарқынды дамыту өте маңызды. Осы стратегиялық мақсатқа жету жолында машина жасау өндірісі айрықша рөл атқарады. Былтыр бұл салада жалпы құны 3 трлн теңгеден асатын өнім өндірілді. Тауар түрлері, экспорт көлемі көбейді. Мыңдаған жұмыс орны ашылды. Бұған кәсіпорын ұжымдарының қажырлы еңбегі мемлекеттің орнықты саясаты және ауқымды қолдау іс-шаралары зор септігін тигізді. Біз машина жасау өнеркәсібіне инвестиция салуға қолайлы жағдай жасап, оның бәсекеге қабілетін арттыруымыз керек. Сол үшін менің тапсырмаммен кешенді жоспар жобасы әзірленді. Онда көрсетілген іс-шаралардың табысты жүзеге асырылуы осы саланың тың қарқынмен дамуына және еліміздің өркендеуіне барынша ықпал етеді деп сенемін. Өз өндірісімізді жандандыру, терең өнімделген өнімдерді көбірек шығару және біртіндеп сыртқы нарыққа шығу – біздің басты міндетіміз», делінген Президент сөзінде.
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің локомотиві саналатын отандық машина жасау саласын Үкімет ешқашан назардан тыс қалдырмайды.
«Бүгінде біз елді индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және импортқа тәуелділікті төмендету саясатын жалғастырып жатырмыз. Былтыр машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 9,4 пайызға артса, осы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша 36 пайызға өсті. Машина жасау өнімдеріне қатысты еліміздің ішкі сұранысы 23 млрд долларды құрайды. Бүгінде оның тек 3,1 млрд доллары ғана отандық өндіріспен қамтылып отыр. Сондықтан импортты алмастырудың есебінен машина жасау өндірісін әрі қарай дамытуға күш салуымыз керек. Біздің алдымызда қолжетімді қаржы құралдарын ұсыну, жаңа технологияларды енгізу, жергілікті құрамды ұлғайту және экспортты дамыту арқылы машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр. Ол үшін мемлекеттік органдар мен бизнестің өзара үйлесімді жұмысы қажет», деді Үкімет басшысы.
Қазақстан машина жасау одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев саланың цифрлық қолдауға мұқтаж екенін баса айтты.
«Президент тапсырмасымен өнеркәсіп саясаты туралы заң қабылданды, өнеркәсіпті дамыту қоры құрылды және отандық машина жасау өнеркәсібін қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Шағын және орта бизнес үшін кедендік, салықтық жеңілдіктер ұсынылды. Әрине, мұндай қолдау 2024 жылға дейінгі машина жасау саласын дамытудың жол картасындағы маңызды міндеттерді орындауға көмектесті. Бүгінгі форумның тақырыбы – «Машина жасау – жаңа технология мен инновация дамуының драйвері». Жаңа технология мен инновацияның дамуы дәл қазіргідей өзекті болған емес. Жасанды интеллект, өнеркәсіптегі роботтехникалары – біздің келешегіміз. Машина жасау – бүкіл әлемде инновацияның драйвері. Қазір бұл сала цифрландыру мен жаңа технологияға сұраныс туғызып отыр», дейді одақ басшысы.
Премьер-министрдің сөзінше, биыл инвестициялық жобаларға жеңілдетілген қаржыландыру беру мақсатында Қазақстан Даму Банкі және Өнеркәсіпті дамыту қоры аясында 500 млрд теңге қарастырылған. Тиісінше өтінімдердің басым бөлігі машина жасау саласынан келіп түскен. Қазірдің өзінде 200 млрд теңгеден астам сомаға жобалар мақұлданыпты. Алдағы уақытта қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеге дейін жеткізілмек.
«Өнеркәсіптік құрастыру келісіміне сәйкес өндіруші кедендік баж салығынан және қосымша құн салығынан (ҚҚС) босатылады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы техникаларына және автомобиль жасаушыларға қатысты. Қазір мұның игілігін тұрмыстық техника жасаушылардың да көруін қарастырып жатырмыз. Сөйтіп, олар да қосымша құн салығынан 5 жылға босатылады. Сондай-ақ біз де арнайы салық шарасы бар, яғни машина жасаушы компания құрамдас құрылғыларды импорттаған кезде біз оларды ҚҚС-тан босатамыз. Бұл өндірістің өзіндік құнын арзандатады. Бұған дейін бұл шара 4 тауар тобына қатысты болса, қазір біз оны 10 тауар тобына дейін кеңейттік. Норма 2024 жылдың соңына дейін күшінде болады. Салық кодексі аясында аталған қолдау шарасының мерзімін кеңейтуді қарастырып жатырмыз», деп атап өтті Үкімет басшысы.
Цифрлы технологияларды енгізу шығындары 40 пайызға дейінгі көлемде өтелмек. Бағдарламалық қамтамасыз етуді алу және өндірісті модернизациялауға шетелдік мамандарды әкелу шығындары да төленеді. Бұл үшін министрлік желісінде қаражат бөлінген.
Машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары аясында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық шығындардың шегерімін бір жарым есе ұлғайту, сынақ зертханалары үшін құрылғылар әкелуді қаржыландыру және қызметкерлерді шетелдік кәсіпорындардан тағлымдамадан өткізу мәселесі де қарастырылып отыр. Қазір салада 5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді және соның 99 пайызы – шағын және орта бизнес.
«Жаңа реттеу саясатының енгізілуі аясында былтыр бүкіл реттеушілік актілерге түбегейлі ревизия жүргіздік. Соның нәтижесінде бизнеске негізсіз қойылған 10 мыңнан астам талапты анықтадық. Қазір осы артық талаптарды заңнамадан алып тастау бойынша Парламентпен бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Қаржыландыру мәселесіне келетін болсақ, «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында банк кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлеме субсидияланады. Банк несиесі бойынша кепілдік те беріледі. Биыл өңдеуші өнеркәсіптегі шағын және орта бизнеске 500 млрд теңге сомасында 12 мыңдай жобаға субсидия беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге 12 мың жобаға 400 млрд теңге көлемінде кепілдік ұсынылмақ», деді Әлихан Смайылов.
Мейрам Пішембаевтың айтуынша, отандық өндірушілер тап болып отырған тағы бір қиындық – шикізат алу жайы. Мол шикізатқа қолжеткізу оңай болмай тұрған көрінеді. Өнеркәсіп саясаты туралы заңға сәйкес отандық кәсіпорындарды өзіміздің шикізатпен қамтамасыз ету үшін түрлі келісімдер, офтейк келісімшарттар өндірушілерге қолжетімді болуға тиіс еді. Алайда әзірге ол мүмкін болмай тұр» деп базынасын айтты. Оған жауап берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев шикізаттың үш түрі – алюминий, қорғасын және мыс бойынша жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.
«Отандық өңдеушілер үшін ұсынылатын бұл норма қазір ерікті түрде жүзеге асырылады. Енді біздің алдымызда екі міндет тұр, біріншісі – жаңағы норманы міндетті талапқа айналдыру. Яғни қазір шағын және орта бизнес металлургтерден металды алу үшін арнайы келіссөздер жүргізіп, шарттарды келісуге мәжбүр. Біздің ойымызша, енді өндірілген металдың белгілі бір бөлігі міндетті түрде өңдеушілерге берілуге тиіс. Сонда металлургтер өздерінің өнімін өткізетін нарық іздей бастайды. Екінші норма – тауарлық позицияны кеңейту. Қазір екі қосымша өнім түрін талқылаймыз, олар – қара металл және полипропилен. Біз аталған өнім түрлерінің төмендетілген бағада ел ішінде ұсынылу мүмкіндігін қарастырамыз», деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, қазір машина жасауды дамытудың 2027 жылға дейінгі жол картасы әзірленіп жатыр. Құжатқа отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары енгізілмек. «Сол 2027 жылы отандық зауыттарда 500 мыңдай автомобиль құрастыру межесін де бағындырамыз» дейді министр.
«Келер жылы отандық өндірушілер 150 мың жаңа автомобиль шығарады. Нарықтың жаңа автомобилдерге деген қажеттілігін толық жабамыз. Алматыда қытайлық көліктердің өндірісі бойынша жаңа мульти брендтік жоба да бар. Міндетіміз – 2026-2027 жылдарға таман өндіріс көлемін жарты миллиондық межеге жеткізу», дейді.
Саланың келешегіне Мейрам Пішембаев та зор позитивпен қарайды. Бірақ әлі де болса импорт үлесі тым басым болып тұрғанын жасырмады.
«Иә, жаңа ғылыми қадамдар, инновациялар енгізіліп те жатыр. Бірақ импортқа деген тәуелділіктен арыла алмай отырғанымыз да шындық. Әсіресе, электр техникасы саласындағы үлес аса жоғары. Машина құрастыру саласы 20 млрд долларды құрайды. Бұл – жалпы импорттың 40 пайызы. Мұнай-газ машина жасау құрылғыларының импорты 2 млрд долларға жуық болса, ауыл шаруашылығы техникалары – 1 млрд доллар айналасында. Ең ірі тұтынушы болып саналатын электр техникалық машина жасау – автоматтар, трансформаторлар, кабельдік өнімдер – 4 млрд долларға жуық», дейді ол.
Форум қорытындысы бойынша машина жасау саласын одан әрі дамыту жолындағы маңызды стратегияның кем-кетігі толығып, Үкіметке тиісті ұсыныстар жолданады.