Елордада алғаш рет Әлихан Мақсұт атындағы «RoboZerde-2023» І қалалық роботтехника фестивалі өтті. Оқушылар роботтехниканың «РобоСпорт» және «Шығармашылық жоба» бағыттары бойынша сынға түсті.
Фестивальдың мақсаты – өмірден ерте озған дарынды оқушы, физика, роботтехника салалары бойынша республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың бірнеше дүркін жеңімпазы Әлихан Серікзатұлы Мақсұттың ғибратты ғұмырын мектеп оқушыларына үлгі ете отырып, елімізге қажетті болашақ техник мамандарды даярлауға қолдау көрсету, сондай-ақ оқушылар жасаған инновациялық жобалар мен өнертабыстарды халыққа кеңінен насихаттау.
Іс-шараны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау орталығы, №9 «Зерде» мамандандырылған мектебі, «Роботек» роботтехника мектебі және Әлихан Мақсұт атындағы Дарынды балаларды қолдау қоры бірлесіп ұйымдастырды. Қордың басшысы – Әлихан Мақсұттың әкесі, белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы атап өткендей, фестиваль жыл сайын мамыр айында дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Дарынды оқушылардың ғылыми дағдысын шыңдау үшін фествальды келешекте республикалық, халықаралық деңгейге көтеру жоспарланып отыр.
Фестивальдың ашылу рәсіміне қатысқан «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу үшін ғылым мен технологияға ден қою керектігін алға тартты. «Ғылым дамыса, еліміз де дамиды. Сонда жастар арасынан әлем мойындаған ғалымдар суырылып алға шығады. Осы орайда мұндай фестивальдардың алатын орны ерекше екенін атап өту керек», деді ол.
С.Дүйсенғазы ғылыммен айналысып жүрген жастарды насихаттау, оларға қолдау көрсету қажет екенін атап өтті. «Елімізде ғылым, техника, инженерия саласында жас та болса жаңалық ашып, қабілет-қарымын танытып жүрген жеткіншектер аз емес. Тіпті шетелде білім алып келіп, ғылымға жаны құштар шәкірт тәрбиелеп жүрген дарынды азаматтар бар арамызда. Өкініштісі сол, ел ертеңіне елеңдеген ұстаздарды, олар баптап отырған оқушыларды іздеп барып, ісін елге танытып жатқан ешкім жоқ. Еліміздің болашағы – технологияда. Жас ғалымдарымызға қолдау көрсетіп, шабытына шабыт қосатын, қиялына қанат бітіретін – сіздер мен біздер», деді ол.
Жиынға Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, экс-министр А.Қ.Аймағамбетов бастаған бір топ депутат қатысып, сөз сөйледі.
Фестиваль барысында белгілі кинорежиссер Мұрат Есжан түсірген «Әлиханның арманы» атты деректі фильм көрсетілді.
Ал жүзден жүйрік шыққан оқушыларға қомақты қаржылай сыйлықтар табыс етілді.