• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Өнер 15 Мамыр, 2023

Әнге айналған Әсел

677 рет
көрсетілді

Қызыл орамалды шынардың жайын оқырман ғана емес көрермен де жақсы білуі тиіс. Себебі Шыңғыс Айтматов жазған Әселдің тағдыры театр сахнасы арқылы да таныс. Бірақ Ілия Жақановқа Әсел тудырған ән көпке беймәлім.

Әсел... Әселдің сүйгені Ілияс еді. Шығарманы оқып отырып «ғашығына қайта оралғанда ғой» деп үзілген үмітті жалғағың келеді. Бірақ ол мүмкін емес. Ілияс ғашығын бағалай алмай өкініште қалды. «Қош бол Ыстықкөл! Қош бол Әсел! Қош бол менің айтылмай қалған әнім!», деп арманда кетті. Неге адам сондай?!

Оқып біткенше көңілдегі үмітті сақтап, Әсел қайтер екен, Ілияс не болмақ, Байтемір ше деп әр кейіпкердің жанына жаның қосылып, сезімдерін бірге кешесің. Әселдің тағдырын Әнге айналдырған Ілия Жақанов та «әй, өмір-ай... ә, қатал тағдыр қалай-қалай пендеңмен ойнайсың» деп қапалы күйін жасыра алмайды. Композитордың жанын күрсіндірген өмір ақыры ән боп туады.

Әннің алғашқы ноталары Ыстықкөлдің өзінде туған. Ілия Жақанов оны естелігінде жазады.

«Көзім бұлдырап, аласапыран күйге түскен көлге соңғы рет бір сарыла көз тіктім де екі иіні салбырап, Ыстықкөлден кетіп бара жатқан Ильяс секілді мен де езіліп кеп, машинаға отырдым. Біз қаладан шығып, аңқиған тау аңғарына құлай беретін дөңеске келгенде шоферға:

- Тоқташы, інім, - деп машинадан түсіп, ызылдап тұрған Ұлан желіне арқамды беріп, Ыстықкөлге тағы бір көз салдым. Көл беті ақкөбік толқын. Боз мұнар. О, Тәңір… тынымсыз жүрек тағы да… тағы да бұлқына соқты. Не тілейді ол? Не дегісі келеді?

Мен осы халде Ильястың:

Самалы жұпар жазғы бір кеште,

Ойласам болды Ыстықкөл жақты… деген күрсіністі сөзін естідім.

Жол үстінде мың бұралған Боам шатқалының қиял қозғайтын көркіне үнсіз ғана қарап, Ильястың жаңағы бір сөзі маған беймәлім бір әуездің уһілеткен лебін сездірді. Ол мені тұнжыратып, тербей берді, тербей берді. Біз Боам шатқалынан шығып, Желарғы қолтығына келе бергенде жүрегім:

Самалы жұпар жазғы бір кеште,

Ойласам болды Ыстыккөл жақты.

Айтылған сырлар түседі еске,

Оятқан сонда ақ махаббатты, деп мұңая әндеткен Ильясты сөйлетіп жіберді. Қабағым кіртиіп, Ильястың сол әнін тыңдадым да отырдым. «Сағыныш элегиясы… баянсыз арман…» Тіл ұшына осы бір сөздер ілінді.

Ертеңінде мен автобуста «Әсел» әнінің сырлы лебіне мүлгіп Алматыға қарай келе жаттым. Автобус жүрісі баяулап, Қордай асуына ыңыранып көтеріле бергенде Алтынбектің: «Орлөт! Орлөтө бер! Асмандап кетсин, кайырма!» деген сөзін естігендей болдым. Сол жел берді ме, жүрегімдегі сарғайтқан сағыныш… Ильястың Ыстықкөлге қарап тұрып, іштей егіле сөйлегені:

Тулайды жүрек,

Толқындай шалқып.

Аңсайды жүрек,

Өзіңе тартып.

Сағынтқан әнім,

Әселім жаным! дейтін қайырма сөзі боп өрілді. Мен үйге «Әсел» әнімен кірдім…», дейді.