Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінде дауылпаз ақынның 1933 жылы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдағаны туралы куәлігі сақталған. Куәлік бланкісі орыс тілінде жазылған. Сол жағында көрнекті қайраткердің 6 х 4,5 суреті мен куәліктің соңында институт директорының, тіл және әдебиет бөлімі меңгерушісінің және секретардың қолы қойылып, мөрі басылған.
Сәкен Сейфуллин 1925 жылдан 1937 жылға дейiн шығармашылықпен айналыса жүріп, бірқатар жоғары оқу орынында оқытушы болып істеген. Мәселен,1925-1928 жылдары Қызылордадағы халық ағарту институтында, одан кейін Ташкенттегі Қазақ педагогика институтында, ал 1930-1937 жылдары Алматыға көшіп келген (1928) осы институттың жалғасы Абай атындағы педагогика институтында қазақ әдебиеті тарихынан сабақ берген. Бұл кезде қазақ әдебиеті тарихы әлі толық зерттелмеген еді. Әдебиет нұсқалары да толық жиналмаған. Ең ақыры қазақ әдебиеті тарихын оқыту бағдарламасы да болмады. Соған байланысты отызыншы жылдардың бас кезінде Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Молдағали Жолдыбаев және тағы басқа белгілі тұлғалар қазақ әдебиеті тарихы оқулығын жазуға кірiсті.