• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2014

Елордамыз – мақтанышымыз

715 рет
көрсетілді

Әлемде өз елінің астанасын мақтан тұтпайтың халық жоқ. Бірі оның сұлулығын, енді бірі өнер мен шығармашылықтың ордасы екенін айтып мақтанады. Үшіншілері жаһандық келіссөздер жүргізетін орталыққа айналғанын алға тартады. Осылардың қатарынан тәуелсіз еліміздің бас қаласы Астана да ойып тұрып орын алатыны анық. Қазақстандықтардың барлығы Сарыарқа төсіндегі әсем Астанасымен мақтанатыны сөзсіз. Еуразия құрлығының бел ортасында орналасқан Астана қазақ ертегісіндегі алып батырлардай күн санап өсуде, өркендеуде десем, артық айтқандық болмас. Біршама уақыт жолыңыз түспей, кейін барғанда қаланың көркіне көрік қосып тұрған жаңа зәулім ғимараттар мен сәулетті үйлерге таңдана да, тамсана да қарайсыз. Астанаға жолым түскенде уа­қыт тауып, қаланы аралауға ты­ры­­самын. Сонда ерке Есілдің жа­ғ­а­сындағы жаңа қала, шыны­мен де өте сұлу екеніне көз жеткіземін. Астана дегенде, алдымен ауызға ілігетіні – Бәйтерек кешені. Керемет бұл құрылыс нысаны бас қаламыздың символы. Одан елордамыздың әсем көрінісін алақандағыдай тама­шалауға болады. «Атамекен» этнографиялық-мемориалдық кешені де маған өте ұна­ды. Ашық аспан астындағы бұл мұражайда кең-байтақ еліміз­дегі 14 облыс, Астана мен Алматы қалаларының шағын макеттері қойылған. Қазақстанның кішірей­тілген нұсқасы іспеттес.Сонымен қатар, адамның жанын жадыратып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын сазды субұрқақтар бағын тамашаламау мүмкін емес. Сыртқы пішініне қарап ел Пирамида атап кеткен Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Қазақ елі» монументі, «Хан Шатыр» ірі сауда-ойын орталығы, «Қазақстан» концерт залы, «Астана Опера» театры, өзге де өнер ордалары, жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтар, заманауи сауда кешендері, саябақтар, гүл­зарлар, тағысын-тағылар... Иә, айта берсең, елордамыздың мақ­тауға тұрарлық көрікті жерлері көп! Ал Сарыарқаның ауа райына байланысты Астананың айналасын қоршай бірнеше шақырым жерге отырғызылған ағаш бүгін­де жасыл орманға айналған. Ерке Есіл де Астанаға ерекше көрік бе­ріп тұр. Бұл туралы Елба­сы ес­те­лігінде: «1992 жылы Қазақ­стан­ның президенттігіне бүкіл халық болып сайлағаннан кейін, мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып өзенге қарадым. Маған қашанда қаланың қақ ортасынан ағып жатқан өзен ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді»,–деп жазады. Шынында да, әлемдегі көптеген мемлекеттердің әсем ас­та­налары өзеннің жағасында орна­ласқан. Айталық, Париж – Сенаның, Лондон – Темзаның және Мәскеу өзі аттас өзен бойына салынған. Қазіргі таңда Астана еліміздің әкімшілік қана емес, жаңа баста­малардың, тың идеялардың, шығармашылық пен ғылыми жаңалықтардың орталығына айна­лып үлгерді. Бүгінде сән-салтанаты жарасқан, жаңа тұрпатты Астананы әлем біледі. Өйткені, төрткүл дүниеге тек тұрақтылық, бейбітшілік арқылы танылған еліміздің бас қаласында қаншама жаһандық жиындар өткізілді. Айталық, 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, дәстүрлі діндер көшбасшылары съездері, Астана экономикалық форумдарының өткізілуі Астананың абыройын асқақтатып, дүние жүзіне атын шығарды. Мұндай ауқымды іс-шаралар­дың елордада алдағы уақытта да өткізілетініне еш шүбәміз жоқ. Себебі, Астанаға әлем сенеді. Оның бір дәлелі Сарыарқа төсінде 2017 жылы «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің ұйымдастырылатыны дер едік. Жұмыр жер бетінен бес миллионға жуық тұрғынның Астанаға ағылуына сеп болатын бұл іс-шараға әзірлік қазір қызу жүргізілуде. Күні кеше ғана Астана тағы бір тарихи оқиғаға куә болды. Бұл күн де Астана шежіресіне алтын әріптермен жазылатыны анық. Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойды. Аталған ықпалдастықтың аясында үш мемлекеттің арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс жеңілдетіліп қана қоймайды, сонымен қоса мәдени-гуманитарлық, ғылыми, әлеуметтік байланыстар жаңа деңгейге көтеріледі. Өйткені, Қазақстан кіруге талпынып отырған әлемдегі ең озық отыз елдің басым бөлігі жетістіктерге интеграция арқылы жеткен. Сондықтан бұдан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Даму, өсіп-өркендеу, ілгерілеу­ші­лік бейбітшілік орнаған, түтіні түзу ұшатын елде ғана болатын үдеріс екені талас тудырмай­тын аксиома. Бұл ретте Қазақ­станның тәжірибесін талайлар үлгі етіп жүргені де рас. Жүз­ден астам ұлт пен ұлыстың тату-тәт­ті өмірлеріне қызыға қарай­тын­дар көп, қызғанатындар да жоқ емес. Еліміздегі ынтымақ пен ауызбіршілікті нығайта түсу­де Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассам­блеясының қосып келе жатқан үлесі орасан. Келесі жылы өзінің жиырма жылдығын атап өткелі отырған осынау бірегей институт «Бір ел – бір тағдыр» деген қағида бойынша қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мен бірлікті бекемдеуде бас­ты тетіктердің біріне айналды. ОҚО иран этномәдени орта­лығы 1977 жылы құрылған. Мен осы орталыққа 2000 жылдан бері төрағамын. Біздің бүкіл ты­ныс-тіршілігіміз, алуан түрлі іс-ша­ра­ларымыз Қазақстанның тұрақтылығын, еліміздегі ынтымақ пен бірлікті көздің қарашығындай сақтауға бағытталады. Біз, қазақ жерінде тұратын ирандар бейбіт­шіліктің бағасын жақсы білеміз, тұрақтылық тұғыры татулық екенін терең түсінеміз. Ирандар Қазақстанға алғаш сонау 1918-1919 жылдары, екінші мәрте 1937-1938 жылдары, үшінші ретте 1947 жылы тағдыр талқысына байланысты келген. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 1947 жылы айдалып келген­дер өңшең жас жігіттер еді. Олар ста­линдік саясатқа байланысты иран әскерінде алданып қалғандар болатын. Жап-жас солдаттарды алғаш Архангельскінің орман­дарында жұмысқа жекті. Қы­ры­ла берген соң Қазақстанға, Арыс стансасына әкелді. 1950 жыл­ға дейін Шымкент зауыттарын­да жұмыс істеп, одан кейін аудандарға жіберді. Сөйтіп, «Шалдар», «Қабланбек», «Рабат», «Арыс», «Сүткент», «Қожатоғай», «Шәуілдір», «Жылға» дейтін шаруашылықтарда тұрақтады. Міне, сол жауынгерлердің перзент­тері – мына біздерміз. Қазақ бауыр­ларға мың да бір рахмет. Әрине, тәуелсіздік алғалы Иран еліне оқта-текте барып қайтамыз. Ағайын-туыстарымызды да таптық. Бірақ, Иранға бір де бір иран кеткен жоқ. Иран елшілігімен тығыз байланыстамыз. Жастардың өз тілімізді ұмытпау жағын да ойластырамыз. Орталығымыздың жастар қанаты жұмыс істейді. Наурыз – біз үшін ең ұлы мейрам. Қазақ бауырлармен бірге жасарамыз, тазарамыз. Оңтүстік Қазақстандағы ирандардың бәрі дерлік қазақша сөйлейді, мемлекеттік тілде оқиды. Ассамблеямен, «Ырыс алды − ынтымақ» қоғамдық форумымен әрқашан бірге жұмыс істейміз. Біз Қазақстанымызды сүйеміз. Астанамызды айбынымыз деп мақтан етеміз. Нурсбек КАПАР-ПУР, Оңтүстік Қазақстан облысы иран этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.

Астана

Астана, құтты болсын туған күнің! Ән мен күй, сауық-сайран болып түнің. Аңыз боп қала берші, жер-жаһанға , Тал бойыңда, жоқ сенің ешбір мінің. Қаламда ерке сұлу, Есіл аққан, Бұралып сұлу қыздай, шолпы таққан. Әсем, зәулім ғимарат жиегінен, Арайлап, нұрға бөлеп, таңым атқан. Астана жасай берші, жасай берші, Халқымды ізгі жолға, бастай берші. Арманы сан ғасырдың өзің шығар, Жаратқан!Тіл-көзіңнен сақтай көрші. Астана, Еуразияда жаңа қала, Ерекше көз тартады, жеке-дара. Бағына халқымыздың берген шығар, Елбасын, Нұрекендей асқан дана! Кәрім ОМАРОВ, еңбек ардагері. АСТАНА.

«Біз Астана көшесінде тұрамыз!»

– дейді қаладағы «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-та еңбек етіп жүрген жас мамандар.

Облыс орталығынан елу шақырым жерде орналасқан Ақсу қаласы еліміздің өндірісті өңірлерінің бірі болып саналады. Бұл жерде өндіретін өнімдері жыл сайын халықаралық деңгейде сапасы жоғары бағаланатын Ақсу ферроқорытпа зауыты және Еуразиялық энергетикалық корпорациясы атты екі алып кәсіпорын жұмыс істейді. Көпшілік қала тұрғындары осы өндіріс орындарында еңбек етеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа келетін жұмыс сапарлары кезінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жатқан Ақсудағы осы екі алып өндіріс орындарының жұмысшыларымен, энергетиктермен жүздесіп қайтады. 2008 жылдың 2 шілдесі ақсулықтардың есінде. Сол күні «Бейбітшілік» аталатын қала­ның орталық көшесі 50 жылдан кейін жаңарып, жаңғырып, елорданың 10 жыл­дық тойына тарту ретінде «Астана» көшесі деп аталды. Ұзындығы 2 шақырым 450 метр көше бойындағы 36 көп қабатты тұр­ғын үйде 7 мың 500 адам тұрады. Қалалық әкімдік, Ардагерлер үйі, Иманжүсіп атын­дағы спорт сарайы, Жаяу Мұса атын­дағы музыка колледжі, «Ауыл» комму­нал­дық базары, орталық кітапхана, балалар шығармашылық үйі, «Агидель», «Светлана», «Сәуле», «Караван» сияқты сауда үйлері орналасқан. 2009 жылы 6 шілдеде, Астана күні құрметіне «Ақмола еліміздің астанасы болуы керек» деп Алаш арыстарының армандарын жеткізіп кеткен Қаныш Сәтбаевтың да мүсіні қалалық әкімдік бағынан орын алды. Бұл көшеде еркін күрестен спорт шебері Ержан Бақырбеков, Ауған соғысының ардагері Қайырбек Құлымбеков тұрады. Қаланың кіреберісінен басталатын көше гүлге оранған гүлзарларымен, түрлі ертегі кейіпкерлері орналасқан ғажайып мүсіндерімен, көкке атқылаған субұрқақтарымен қарсы алады. Әсем көріністі «Керуен» сауда үйінің алды да қалалықтардың көңілді демалыс орнына айналған. «Астана» көшесінің тағы бір ерекшелігі Мұхтар Әуезов көшесімен қиылысқан жерінде дөңгелене түрлі-түсті гүлдер галереясы шаңырақ бейнесін жасап, құлпырып көз тартып тұр. Осы көше бойындағы Жаяу Мұса атын­дағы музыкалық колледждің бұрын­ғы жатақ­ханасына «Еуразия­лық энергетикалық корпорация» АҚ күрделі жөндеу жүргізіп, өндіріске келген отбасылы жас мамандарына табыс етті. Үй маңайындағы балалар алаң­дарында қазір олардың кішкентайлары ойнап жүр. Болашақ энергетиктер өсіп келеді деген сөз. Жаңаша жөндеу жасалған бұрынғы жатақхана қаланың кіреберісіне ерекше көрік беріп, жайнап тұр. Қаланың кіреберісіне Ақсу қаласының ресми нышан белгісі болып табылатын жергілікті кәсіпорындар мен кәсіпкерлер өз үлестерін қосқан осы заман үлгісінде жасалған зәулім стелла құрылысы аяқталды. Қаныш Сәтбаев атындағы Ертіс-Қара­ғанды су арнасы басып өтетін әсем Ертіс өзені жағасында орналасқан шағын қала­ның бүгінгі тыныс-тіршілігі қуантады. Бұл күндері Ақсу мен облыс орталығы­ның ара­сын қосатын жаңа заман көпірінің құ­ры­лысы жүргізілуде. 2008 жылы 1200 орын­­дық жаңа қазақ мектебі салын­ды. 1997 жылға дейін Ақсу қаласы аудан орталығы еді. Облыстағы әкімшілік аумақтық өзге­ріс­­терге байланысты кейін­нен аудан аты алы­нып, Ақсу қаласы деп қана ата­ла­­тын болды. Ал, бұл күндері 68 мың­дай тұр­ғыны бар Ақсу қаласының аума­ғына 24 мыңдай ауыл халқы бар 14 ауыл, Қал­қаман кенті енеді. Сөйтіп, қала индус­трия­лық-өндірістік бағытпен бірге ауыл шаруа­шылығын қоса дамытатын қалаға айналды. Еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жалдар­дағы қиындықтан шығу үшін жасалған, бірінсіз бірінің күні жоқ қала мен ауылды біріктіріп бұлай қосу өңір­­дің әлеуметтік-экономикалық дамуы­ның өркендеуіне сай ойластырылды. Ша­ғын кәсіп­керлік жақсы жолға қойылды. Ауыл­дықтар өндірген өнімдерін сату үшін қалада «Ауыл» коммуналдық базары ашылды. Жақсылыққа жақсылық жалғассын дейміз. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Ақсу қаласы.   Суретте: Астана көшесінен көрініс.