• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Балалар 16 Мамыр, 2023

Жазғы демалыс – 90 күн

595 рет
көрсетілді

18 мыңнан астам мектепке дейінгі, орта білім, техникалық және кәсіптік білім ошақтары биылғы оқу жылын аяқтауға әзірлік үстінде. Бұл ұйымдарда осы оқу жылында 5 миллионнан астам оқушы мен тәрбиеленуші білім алды.

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Қаринованың айтуынша, осы жылы 288 мыңнан астам түлек 9-сы­ныпты тәмамдайды. Олар алдағы уа­қыт­та 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабыл­дайды. 11-сыныпты барлық меншік түріндегі мектептер бойынша 172 мың­нан астам түлек бітіреді. Олар енді болашақ мамандықтарын таңдайды.

«Оқу-ағарту министрінің бұй­ры­ғына сәйкес мектептерде оқу мерзімі осы жылдың 31 мамырында аяқталады. 31 мамырда биылғы оқу жылының соңғы сабағы өтеді. Бұл күні барлық мектеп бекітілген кестеге сәйкес сабақтарын жүргізеді. Сабақ соңында әрбір сынып жетекшісі сынып сағатын өткізеді. Сынып сағат­тарының сценарийлерін мұғалімдер әр сыныптың жас ерекшеліктерін ескере отырып, өз бетінше әзірлейді. Сынып сағатының мақсаты – оқу жы­лын қорытындылау, 90 күнге созылатын жазғы демалыс кезеңіне балаларды әзірлеу», деді Шолпан Қаринова Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен брифингте.

Дәстүр бойынша мұғалім сынып сағатында оқу үшін кітаптар тізі­­мін, сондай-ақ қарауға болатын фильм­дер тізімін ұсынады. Қауіп­сіздік шараларын, алдын ала жос­пар­­ла­нып ұйымдастырылған дема­лыс­­тың артықшылықтарын, қосым­ша білім беру ұйымдарына қатысу­дың тиімділігін, еңбек етудің пайдасын, ата-анаға, ата-әжелеріне көмек­тесу­дің қажеттілігін айтады. «Сынып саға­тында негізінен патриотизм, отанды сүю, достық, татулық, ел тарихы­на, саяси репрессия мен аштық құрбан­дарының есімдеріне құрмет таныту тақырыптарына басымдық берілуі керек», деді бірінші вице-министр.

«Мектептер салтанатты шара өт­кізу туралы шешімді де өздері дербес қабылдайды. Оқу-ағарту минис­тр­лігі соңғы қоңырауды өткізуге қа­тыс­ты мектеп дәстүрлерінің бар­лы­ғын қолдайды. Сонымен қатар министрліктің нормативті құжатта­рында мұндай шаралар бұрын бол­маған және қазір де жоқ екенін атап өтсем деймін. Министрлік соңғы қоңырауларды осы жылдың 1 мау­сымында Балаларды қорғау күніне орайластырып, соның форматында өткізуді ұсынады», деді Ш.Қаринова.

9-сынып бітірушілер үшін қоры­тынды мектеп бітіру емтихандары 2 маусым мен 13 маусым аралығында өтеді. Ал 11-сынып бітірушілер үшін мемлекеттік емтихандар 5 маусым мен 19 маусым аралығында болады. «Жалпы орта білім беру туралы аттестатты 11-сынып түлектеріне тапсыру салтанатын өз мектептерінің қабырғасында 20-22 маусымда өт­кізуді ұсынамыз», деді ол.

«Сынып сағаттарын, аттестат тап­сыру, соңғы қоңырау шараларын өткізген кезде педагогикалық этиканы сақтау және сыбайластық құқықбұзушылықтың алдын алу мақ­сатында ата-аналардан іс-шараны өткізуге, аниматорларды, мерекелік кеш ұйымдастыратын агенттіктерді, жеке студияларды жалдауға, мектеп әкімшілігіне, педагогтерге сыйлыққа ақша жинауға жол берілмейді», деді Ш.Қаринова.

Техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары бойынша қорытынды аттестация 28 маусымға дейін жал­ғасады. Колледждерді биыл 144 мың­нан астам түлек аяқтайды. Дип­лом­дарды тапсыру салтанатын 28 мау­сым мен 1 шілде аралығында өткізу ұсынылып отыр.