• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Мамыр, 2023

Алақандай ауылдағы алапат дау

1888 рет
көрсетілді

Жуырда Бейнеу ауданының Сарға ауылында ауыл тұрғында­рын екіге бөліп, айрандай ұйыған халықтың берекетін қа­шырған даулы оқиға болды. Ауыл ақ­са­­қалдарының бірі, Бей­­неу аудан­дық ақсақалдар ке­ңе­­­сінің төрағасы, «Құрмет» орде­ні­нің ие­гері С.Жаңбыров Сарға атауын негізсіз жоққа шыға­рып, «ауыл Сырға деп аталу ке­рек» деген бастама көтерді. Об­лыс­тық газетте мақала жа­рия­лап, ойдан шығарылған «Сырға әулие» туралы дә­лел­деу­ге тырысты.

Өмірден өткен елге бе­дел­ді адамдарды «сөйлетіп», кейбір үлкен кісілерге «Сырға туралы шежіре» айтқызды. Буынсыз жерге пышақ ұрған бұл бастамаға ауыл тұрғындары, әсіресе «ауылды өзіміз көркейтеміз» деген жалынды жас­тар табандап қарсы тұрды – облыс әкіміне бейнеүндеу жариялады. Ауылдағы той-садақаларда ересек адамдар бірін-бірі кекетсе, мектеп оқушылары өзара жаға жыртысып төбелесіп алады. Тұтас ауыл мен тату көршілердің арасына сына қағылғаны былай тұрсын, бір отбасында анасы бір тарап, бала-келіні, қыздары бір тарап болып, туыстар өзара жақ-жақ болып бірін-бірі аңдуға көшеді. Ерлі-зайыптылардың арасында да екі түрлі пікірдің сойылын соққандар бар. Ауыл, ел үшін аса маңызды шаруа емес, ойдан шығарылған атауға бола елдің ойдай дауға килігуі үлкен мәселе туындатты. Бір қызығы, аудан деңгейінде істің ақ-қарасын анықтап, өршіп бара жатқан дауды шешуге жергілікті жердегі құзырлы басшылар құлықсыз. Рулық қиял, ойдан «апа жасап алып, бір ауылды соның атымен атау» елесі біраз адамды «тәтті сезімге» бөлеген сияқты...

Ауыл атын иеленуге сәл қалған Сырға кім? Оның мына өмірде болған-болмағаны белгісіз, Сарға ауылы маңында жерленген-жерленбегені де беймағлұм, қай ғасырда өмір сүргені, кім болғаны, елге қандай еңбек сіңіргені белгісіз «кейіпкер». «Сарға» сөзінің мағыналық жағынан түсінікті болмауы оған ұқсас, яғни бір әріп өзгешелігі бар Сырға деген атауды ауылға телуге оңтайлы бола кетті және бұл атау тәуелсіздік алған жылдары шежірелер қаптаған тұста «Сарғаны» түсіндіру барысында пайда болып, шағын ауылда ауызша тарады, ал бүгін ол рулық сипатқа ауысып шыға келді.

Деректерге сүйенсек, ауылдың, жер­дің атауы ежелден – Сарға. Жа­зушы Әбіш Кекілбай бір жазбасында «Сарға деген ежелгі құ­дық» деп көрсетеді. Ал белгілі өлке­танушы-географ, қазақтың өз түбін, ерекшелігін тануына ғылыми тұр­ғыда зор үлес қосқан этногроф ғалым, «қазақ мифологиясының мұз­­­жарғышы» марқұм Серікбол Қондыбай «Маңғыстаудың жер-су атаулары» кітабында Сарға ауылына «Жангелдин – 1973 жылдың 23 жел­тоқсанында «Сам» совхозының ұйым­дастырылуына орай, сол сов­хоз­дың орталығы ретінде 1974 жылдың 16 наурызында іргесі қаланған. Жер­­дің бұрынғы атауы – «Сарға» деп келтіреді. (С.Қондыбай. Толық шығармалар жинағы, 3-том. «Арыс» баспасы, Алматы-2008 жыл). Яғни «Сырға» атауы тіпті айтылмайды, нақты тарихи дәлел жоқ. Сондай-ақ фи­ло­логия ғылымдарының кандидаты, профессор, КМТжИУ оқытушысы Б.Көшімова Маңғыстаудағы жер-су атауларының мағынасы түсіндіріліп, шығу төркіні мен пайда болу сырлары айқындалған және олардың тілдік нормаға сай қазақша әрі дұрыс жазылуы қалыпқа түсірілген «Маңғыстау өңірі жер-су атауларының түсіндірме сөз­­дігінде» (Алматы. «Нұрлы әлем», 2010 жыл.) Сарға атауына «Сарға – ауыл, қорым. Бейнеу ауда­­ны­нан сол­түстік-батысқа қарай 18 км жерде, Каспий ойпатының шығыс жа­ғын­дағы Қызылжареспе қоны­сы­ның шығысында, шөлді белдемде орналасқан. Ауыл 2005 жылға дейін Жангелді деп аталып келді. Атау «сары» (сын есім) және ға/ғат/қат – құз, жартас, тау, биік ұғымын беретін көне имитатив тұлға. Мағынасы: «кең немесе сары бор түстес тау, жар­тас­ты тауы бар ауыл» деп түсінік бере­ді. Маңғыстауда Сарға ғана емес Сар­ша, Сарғат, Саржа, Саржақұдық, Са­ры­аша деген атаулар да кездеседі. Бұл топономикалық атаулардың түбірі «сары», қолданыста «сар», демек сармат тайпасының сарқыншақтары. «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» Маңғыстаудың тарихына «анау да біздікі, мынау да біздікі» деп қазіргі адай руының шеңберінде қарау мүлде қате, бұл – көне Маңғыстауға жасалған қиянат. «Ашық аспан астындағы мұражай» атанған Маңғыстауда жер, ауыл атауларының бәрі біз үшін мағыналық жағынан түсінікті бола бермейді, соншалықты оңай болса немесе барлығы тек адай шеңберінде аталса, Маңғыстаудың сыры мен құпиясы қалмауы да мүмкін. Мысалы, Қызан, Көгез, Шетпе, Шебір, Ақмыш, Жармыш, Сарға, Көкесем, Ноғайты, т.б. атауларды кім қалай түсінер, түсіндірер еді? Біреулері түрікмен тілінен қалған, сіңген, қалыптасқан атаулар болса, бірі қалмақ (мысалы, Б.Көшімова еңбегіне сүйенсек, Сарғат – «хад» қалмақ тілінде «жартас» мағынасын береді) сөздерінің жұғынды жұрнақтары жалғану арқылы жасалып, тілдік қолданысқан енбек түгіл тұрақталып қалған. Өкінішке қарай, біз рушылдық, тайпалық тұр­ғы­дан таласуды тоқтатпай келеміз, кім екені белгісіз, мәлімі жоқ, мына өмірде болды ма, болмады ма, ауыл атауына қатысы бар ма, жоқ па бей­мәлім Сарғаны да, Сырғаны да өз руы­на тартқылап, ата, апа қылатындар шықты.

Ғалым С.Қондыбайдың дерегіне сүйенсек, Бейнеу ауданындағы Ноғайты елді мекенінің көне атауы «Сисенбай» екен. Осы деректі негізге алып «ауыл байырғы атауы­на оралып, қайтадан ахун атымен аталсын» деп бастама көтеріп, елді дүрліктірмеген, ауыл атын аламын деп аласұрмаған ата ұрпақтарына алғыс. Керісінше текті атаның ұрпақтары сауапты іс жасап мал паналап ластамасын деп қауымды қоршап, түнеуханасын салды. Зиярат етемін, садақа беремін дегенге қауым басында салулы төсек, салқын үй дайын. Тұрыш ата атындағы Тұрыш ауылының төңірегін даусыз мекен еткен Асау мен Барақ аталардың, Диханияз бен Дәулетбай сұпы аталардың ұрпақтары ауыл, көше, қандай да бір нысан атауын сұрап, тыныш елді алауыздыққа, алакөздікке ұрындырған жоқ. Сырға сол ауыл маңына жерленді дегеннің өзінде марқұмның атын ауылға берудің ешқандай қажеттілігі жоқ. Олай болса, ауыл маңына жерленді деп Айдар ишан мен Сәттіғұл жыраудың атына Тұщықұдықты, қаланың қақ ортасындағы Алтықұлаш әулие мен Әбділдә атаның атына Ақтауды немесе бір шағын ауданды, Сайын немесе Ақшұқырды Еспембет атаның атына, Баяндыны Бердібек атаның атына, Жыңғылдыны Есір күйшінің есіміне өзгертуіміз керек пе? Бұл марқұмдардың соңында қалың ұрпа­ғы, нақты мұрагерлері бар, олар да «сыр­ғашылатып» бастама көтеріп, елге лаң салуы керек пе?

Жалпы, ономастикалық жұмыстар тәртібіне сай нысан аты ұсынылатын тұлға Президент әкімшілігімен келі­сіл­ген тарихи тұлғалар тізімінде болуы­ керек немесе нысанның байырғы атауын айғақтайтын архивтік, тарихи, ғылыми құжаттары дәлелденуі қажет. Кім екені, қайда жерленгені, елге қандай еңбек сіңіргені белгісіз, археологиялық, антропологиялық зерттеулер нәтижесінде нақты дерегі ұсынылмаған (танылмаған), ішінара ел аузында ғана айтылып қалатын Сырға атты әйел адамның тарихи тұлғалар тізімінде жоқ екені белгілі. Екіншіден, ауылдың байырғы атауы тұрғысында да мөр, сол кездегі жасақталған құжаттарда таңбалануы арқылы ұтымдылық таныта алмайды, себебі Сарға ауылы ешқашан Сырға аталып көрген жоқ, яғни Сырға – тарихи ерекшелік те, тарихи атау да емес.

Ал тарихи атауға көпе-көрнеу қиянат жасалмай, көптеген тұр­ғын­дар­дың, әсіресе рушылдық буынан таза, болашаққа жаңаша көз­қа­распен қарайтын, еліміздің, өзде­рі­нің алтын бесігі – Сарға ауы­лы­ның келешегіне бір кірпіш болып қалануға да­йын жастардың талап-тілегін аймақ бас­шысы қанағат­тан­дырды. Жоқ жерден жалындап, әп-сәтте тым жақ­­сы ауылдың тыныс-тіршілігін талқан еткен дау Маңғыстау облысы әкімі Н.Ноғаевтың араласуы­мен оң ше­шіліп, тарихи Сарға атауында қал­ды­рыл­ды, бір-бірінен сүйін­ші сұра­ған ауыл тұрғындарының қуаны­шын­да шек болған жоқ.

Өкінішке қарай, қазір халық арасында өзінің арғы аталарын ел қор­ға­ған қайтпас қаһарман етіп көрсету, об­лыс­тық, республикалық деңгейде ала­ман сайыстар мен қомақты жүл­делер тігілген шаралар өткізу, бақ­сы-құшынаштардың айтуымен айдала­да­ғы белгілі-белгісіз қабірлерге «тү­ген­ше батыр» деп өз руын оймыштай жазып, кесене салу, жер-су атауларын меншіктеу немесе меншіктеуге ұмтылу сынды оғаш әрекеттер көбе­йіп барады. Архивтерден алынған тарихи құжаттармен, өзгеде нақты дәйек­термен дәлелдей алмаса да жаба­йы­лықпен, күшке салып, өз руының адамынан тұлға жасау бәсекеге айналды, тіпті өмірде болған-болмағаны белгісіз адамды өз руына «сіңіру, те­луден» шімірікпейтіндер шықты. Мақсат өз руының атындағы ауыл бол­ғанын қалау, көпе-көрнеу өз руы­ның өзгеден «даңқын асыру» ма, бел­гі­сіз...

Егер ата айналасындағы мүдде болса, елдің, жердің тұтастығына, бір­лігіне, тәуелсіздікке сызат тү­сі­ретін, қауіп төндіретін мәсе­ле­­лер жоқ еместігін көріп отырып, ауылдың ахуалын біле отырып, ақсақалдың тайпалық таным тұр­ғы­сында жерге, ауыл атауына талас тудыруы өте ұят. Енді мұндай әдет­тер қайталанбас үшін елімізде жер­гілікті жікшілдікке, сондай-ақ ата-бабаны әсіре насихататауға, негіз­сіз бейіт салуға және ма­ғы­насыз, пәтуасыз бастамаларға тоқтам керек. Ал өңірдегі ел ағаларынан ұлт тұтас­ты­ғына жауапты болуды тілейміз.                  

 

Маңғыстау облысы