• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мектеп 16 Мамыр, 2023

Жаңа мектептер – жаңа көкжиек

449 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылған «Жайлы мектеп» жобасы, үш ауысымды мектептер, апаттық жағдайда тұрған білім ошақтары мәселесі еліміздің барлық өңірінде мектеп құрылысына қарқынды серпін беріп жатыр. Осы орайда Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордада жаңадан салынып жатқан мектептер туралы мәлімет берді.

«Қалада 14 мектептің құры­лысы жүріп жатыр, оның 11-ін келесі оқу жылында ашуды жос­парлап отырмыз. Бірқатар мек­тептің құрылыс барысымен таныстым. Олар Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қи­ы­лысында, Көксеңгір көше­сінің бойында, Ұлы дала даң­ғылы мен Сауран көшесінің қиы­лысында, Тұран даңғылының бойында, Тұран даңғылы мен №24 көшесінің қиылысында ор­наласқан», деді қала әкімі.

Оның айтуынша, Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысындағы білім ордасы 87 жыл бұрын салынған ескі мек­тепті алмастыруға мүмкіндік бе­ре­ді. Жаңа оқу орны екі ауы­сым­­да 2 400 оқушы орнына шақ­талады.

Сол сияқты Көксеңгір көше­сіндегі (Кирпичный елді мекені) мектеп те осыған дейін апатты жағдайда деп танылған. Қазір бұл мектептің орнында жаңа оқу орнының құрылысы жүріп жатыр. Бұл елді мекенде бұдан басқа мектеп жоқ. Сол себепті оқу­шылар өзге аудандарға қаты­нап оқиды.

Ал Тұран даңғылы мен №24 көшесінің қиылысындағы және Ұлы дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысындағы білім ошақтары №85 мектеп-лицейінің және №89 мектеп-лицейінің үш ауысымды проблемасын ше­шуге мүмкіндік береді. Бұл мек­теп­тердің әрқайсысы екі ауы­сым­да 2 400 оқушыға арналған.

«Бұған қоса Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойынша алдағы екі жылда Астанада «Жайлы мектеп» жобасы аясында 24 мектеп салынады. Бұл нысандардың барлығы қолайлы, қауіпсіз, «ақылды» қаланың қағидатына сәйкес білім беру сапасын арттыруға, адам капиталын дамытуға оң әсер етеді деп ойлаймыз», деді Ж.Қасымбек.