Америкалық биотехнологтар кетгуттан жасалған классикалық хирургиялық жіптерге ақыл қосты. Ғалымдардың айтуынша, ақылды жіп тігіс айналасындағы қабынуды ерте анықтауға көмектеседі, деп хабарлайды Egemen.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
«Біз тігіс аймағында қабыну процесін анықтайтын арнайы гидрогельмен қапталған ақылды жіп жасап шығардық. Оның құрамында қабынуды анықтайтын молекула мен емдеуге серпін беретін дәрілік заттар бар», деді Массачусетс технологиялық институтының доценті Джованни Траверсо.
Траверсо және оның әріптестері бұл жіптерді ішектері зақымдалған шошқаларға сынап көрді. Тәжірибе сәтті аяқталды. Ғалымдар бұл материалды жақын арада еріктілерге қолданып көруге ниетті.
Биологиялық ыдырайтын кетгуттан жасалған хирургиялық жіптерді алғаш рет ежелгі Рим дәрігерлері қолдана бастады. Кейінірек олар бағасы арзанырақ тұратын әртүрлі синтетикалық материалдардан жасалған тігіс материалдарымен алмастырылды.