Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Мәдениет: Кітап. Білім. Тіл» фестивалі өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
21 мамырда мәдениет және өнер қызмерлері күні атап өтіледі. Аталмыш мереке Президент жарлығымен 2013 жылы бекітілген еді.
Атаулы күн - рухани-мәдени өміріміздің өзегіне жан бітіріп отырған азаматтардың мерейлі мерекесі. Осыған орай Ұлттық академиялық кітапханада «Мәдениет: Кітап. Білім. Тіл» openair фестивалі өтеді.
Фестиваль мәдениет, өнер және кітапхана саласында қызмет етіп жүрген, сондай-ақ бұл саланың дамуына үлес қосқан мамандарды қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов өңірлерден келген үздік кітапхана қызметкерлері мен еліміздің түкпір-түкпірінен келетін ардагер кітапханашыларды мәдениет саласының жоғары наградаларымен марапаттайды.
Шара аясында жазушылар, журналистер, редакторлар мен кинорежиссерлердің қатысуымен «Кітап оқу – жетістік трамплині» атты NetWorking ұйымдастырылады. Бағдарламада «BOOKS-TOP» кітапхана мен баспалардың көрме-жәрмеңкесі, антикварлық заттар, қолтаңбалар және жаңа кітаптар көрмесі, аrt-шеберлік сағаттары ұйымдастырылса, балалар павильонында түрлі кездесулер, қойылымдар өтеді. Ашық диалогта жазушы-баспагерлер ұлттық құндылықтарды арттырудың заманауи тәсілдерін талқыға салады. Тәжірибелі тренерлер кітапханалық медиа жобалар, медиасауаттылық, мобилография және SMM-технологиялары, TikTok контенттерін әзірлеу сынды өзекті тақырыптарды қозғайды. Сала дамуына қатысты маңызды мәселелер «QUIZ» интеллектуалдық алаңында жалғасады. Ал басқа өңірлерден келген кітапханашылар тәжірибелік кейстерімен бөліседі.