Тұмса табиғатты көздің қарашығындай сақтап, қорғау – жер басып жүрген әр адамның перзенттік борышы, азаматтық міндеті. Күтімсіз қалса, Табиғат-ананың да қадірі кетіп, құты қашады. Жапырағы жүдеп, гүлі солады. Ал оның баурайын мекен еткен аң-құстардың көзі құрыса, байтақ өлкенің жетімсіреп қалары сөзсіз.
Өкінішке қарай, табиғат пен аң-құсқа қиянаттың көбі адам қолымен жасалады. Осылай деп ой түйген табиғат жанашыры Естеу Байжұмаев көк аспанға иық тіреген шың-құздар мен иен далаға иелік ететін аң-құстардың баудай қырылып жатқанына алаңдап, бұл мәселеге мемлекет тарапынан шара қолдану қажеттігін айтып, дабыл қағып жатыр.
Күні кеше торқалы 90 жылдығы аталған көрнекті қаламгер Сейдахмет Бердіқұловтың кіндік қаны тамған Қарақыстақ ауылының сұлу табиғаты мен аң-құсының қырағы сақшысына айналған Естеу ағамыздың бұл күнде көңілі жабырқау. Себебі жүйрігіне ер салып, желе жортып шыққанда қызыл түлкі, көк бөрінің шиырлаған ізін көріп, қызық қуа алмайды. Мүлгіген тыныштыққа жан бітіріп, қарқылдайтын қарға-құзғынның да үні естілмеуге айналған. «Бұл – менің балабақшам ғой» деп бел-белесіне сүйсіне көз салатын туған жер төсінің осылайша қызығы тарқап, сүреңсіз күйге түсуі ауыл азаматының жанын жегідей жеп, арқасын аяздай қарып барады.
– Бала кезімізде туған жеріміздің тасы мен талынан ойыншық жасап, сағым қуып, ой-шұқырын жаттап өстік. Мөлдіреген суына түстік, жемісін жедік. Маңдайымыздан майда самалы сүйіп, әлдилеп, аялап өсірген жерімді балабақшам демей, не дейін? Бұл жерде бақытты балалық шағымыздың табы сайрап жатыр. Менің құлағыма құстардың үні келсе, анамның әлдиіндей сезіледі. Ал аң-құсын, әсіресе, көк бөріні көзім шалғанда әкемнің қайратын көргендей боламын. Тұла бойыма қуат, жігер құйылады. Бұл табиғаттың құдіреті емес пе?! Осыдан он шақты жыл бұрын Майтөбенің басындағы мұздықтар еріп кетті. Әйтпегенде күн сәулесімен шағылысып, менмұндалап ақ маржандай жылтылдап жататын еді. Оған әлемдік жылынудың әсері болған шығар. Қасиетті дейтін құрқылтайдың ұясы да сиреп кетті, оған зауал бас пайдасын көздеген адамдардан келіп жатқан болар. Бұл күнде менің жаныма бататыны – Майтөбе, Ақтастының баурайындағы түз тағыларының жоғалуы, – дейді Е.Байжұмаев.
Ол осы өңірдегі қасқырлардың жыл сайын есеп-қисабын жобалап отыруды әдетке айналдырғанын айтады.
– Қасқыр деген жыртқыш болғанмен, өте айлакер, ақылды аң ғой. Өзінің үйірін қызғыштай қорғайды. Одан кейін олар бір-бірінің аумағына аттап баспайды. Сол арқылы оның өсіп, кемуін бақылап отырамын. Қазір қолына аңшы қаруын ұстаған адам нысанаға іліккенін жайратып салады. Көнекөз аңшылар олай етпеген. Аң аулаудың өзіндік заңдылығын сақтаған. Мысалы, бөлтірігіне тиіспеген. Елік лақтап, қасқыр күшіктейтін мезгілде аң ауламаған. Ата-бабамыз кәсіпке айналдырған аңшылықтың қыр-сырын таңды таңға ұрып айтуға болады.
Алайда 2018 жылдан бері бұл тақырыптың аясы тарылып, тіптен қасқыр мен түлкінің ізін көрмейтін халге жеттік. Сол жылдардан бері қарай бірнешеуінің өлексесін кезіктірдік. Алғашында «бұл қалай болғаны?» деп түсіне алмай, таңданатын едік. Уақыт өте келе оның басты себебі аты мен заты белгісіз қытайдың сұйық дәрісінде екенін ести бастадық, – дейді табиғат жанашыры.
Оның айтуынша, малдың өлексесіне әлгі беймәлім сұйықтықты себетін болса, оны жеген аң мен құс сол мезетте сеспей қататын көрінеді. Мал басын қасқырдан аман сақтап қалудың ең оңай жолы санайтын малшылардың кейбірі осы әдісті пайдалануы мүмкін деген ой қылаң бермей қоймайды. Соның салдарынан болар, өзен бойынан қасқыр мен түлкінің, тіптен, тазқараның да өлекселерін өз көздерімен көріп, судан шығарып алған сәттер жиілеген. Уланған өлекседен өзендегі балықтың, одан нәр алатын жан-жануар мен өсімдік атаулының зардап шекпесіне кім кепіл?! Осыдан соң бір ғана белгісіз препараттың пайдасынан зияны басымдығын сезіну қиын ба?
– Содан бері қарасы азайғаны былай тұрсын, көзден ғайып болды. Былтыр екі қасқырдың ізін көзім шалған еді, қуанышым ұзаққа бармады. Түлкі де дүрбіге ілінбейді. Есесіне сілеусін көбейіп келеді. Бұлай бола берсе, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылады. Әрбір аң мен құс – табиғаттың санитары. Қасқыр кемісе, суыр көбейеді, суырдан індет таралуы мүмкін. Сондықтан оқ-дәріні бақылауда ұстағандай, мына улы дәрінің сатылымына шектеу қойып, мұның аса қауіпті екенінен малшыларды хабардар етіп, қолданбау қажеттігін түсіндіру керек, – дейді ол.
Қарақыстақ тұрғыны Естеу Болатбекұлының бұл жанайқайына ауылдық, аудандық әкімдік қызметкерлері бейжай қарамай, нақты іс-шараларды бастап кеткен. Бұл жөнінде Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев баяндап берді.
– Бұған дейін аңдардың өлуіне байланысты арыз-шағым түспеген еді. Осы мәселе көтерілгелі бері ауылдық округ әкімдері мен ветеринарлық пункт өкілдері тарапынан шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп, жайлауға шығатын малшылардың ең алдымен қонысын, төңірегін таза ұстау, өлген малдың өлекселерін өзенге немесе көрінген жерге тастамай, типтік мал қорымдарына жинау керектігін және әлгінде айтылған улы препараттарды пайдаланған жағдайда заң алдында жауапқа тартылатыны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл проблема біздің ауданда ғана емес, жалпы қоғамда азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды меңзейді. Бұл – қазіргі кездегі ең маңызды міндет, – дейді А.Тұматаев.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жамбыл аудандық инспекция басшысы Қуаныш Назарбеков осы ауданда орналасқан ветеринарлық дәріхана иелері және шаруа қожалықтары жетекшілерінің қатысуымен өткен жиналыста ветеринарлық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сату мен өткізудің заңды ережесі, сонымен қатар рұқсат етілмеген, белгісіз және улы ветеринарлық препараттарды сақтау мен өткізудің заң алдындағы жауапкершілігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізген.
Табиғат жанашырларын алаңдатқан мәселеге байланысты белгісіз улы ветеринарлық препаратты сатқан ветеринарлық дәріхана иесіне 2002 жылғы 10 шілдедегі «Ветеринария туралы» №339 заңның 24-5-бабының 6-тармақшасын бұзғандығы бойынша Ветеринария саласында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабына сай 50 АЕК көлемінде айыппұл салынған.
Әкімдік қызметкерлері бұл іс-шаралардың ветеринарлық дәріхана иелеріне ғана емес, жайлау төсіндегі малшылар қауымына да насихатталатынына сендірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек» дей келе, «Үкімет азаматтық сектормен бірлесіп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі қажет. Жануарларға көзқарас – кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі. Ал бұл жағынан біздің жағдайымыз мәз емес», деген болатын.
«Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деген. Бабаларымыз кие тұтқан көк бөрінің жойылып кету қаупінің алдын алып, аң-құсты қорғау жұмыстарын ширата түскен абзал. Десек те, бұл біркүндік мәселе болмауы керек. Қоршаған ортаны қорғауда адамдардың жауапкершілігін арттырумен қатар, экологиялық сауатын ашу алдыңғы орынға қойылса құба-құп.
Алматы облысы