Адамды кейде сан-сауал жан-жақтан қармап, тұңғиық ойға батырады. Әсіресе «Өмірдің мәні неде?» деген сұраққа келгенде тұйыққа тірелгендей күй кешесіз. Жалпы, бұған әр адам түрлі жауап береді. Шынында, өмірдің мәні не? Бұған біз жауапты жазушы Бегабат Ұзақовтың «Аманат» атты әңгімесін оқығанда тапқандай болдық. Бас-аяғы жинақы жазылған шағын әңгімеде қазақы танымға берік қария өмірінің жалғасы – немересіне бойындағы бар қазынасын аманат етіп кетсем дейді.
Әңгімеде тау етегіндегі алақандай ауылда өмір сүрген домбыра жасайтын қарт шебердің ішкі жан-дүниесі, толғанысы көңілді селт еткізер ұтымды штрихтар арқылы бейнеленген. Шығарманың тілі көркем, жеңіл оқылады. Қарияның кемпірі он жыл бұрын өмірден озған. Жалғыз ұлы атақты әнші болған. Елге келген бір сапарында көлік апатынан қаза табады. Қалада келіні мен 20 жастағы немересі тұрады. Олар ауылға жыл аралатып қана келеді. Қария тұрған үйдің ауласында қарағай, үйеңкі, арша, жаңғақ, қызыл ағаш секілді бұл өңірге таңсық ағаштар самсап тұр.
Құдірет қарттың шеберлікті қойғанына 5-6 жыл болды. Содан бері домбыра жасатуға келетін жандардың қарасы үзілген. Алайда жасы келген қария қол қусырып, қарап отырмайды. Митыңдап жүріп, бастырма астындағы арша, өрік, жаңғақ, қызылағаш кесінділерін суға салып жібітеді. Содан кейін оны күнге шығарып, кептіреді.
Жалғызілікті қарияға көршінің жұдырықтай баласы қолғанат. Ол бірде үйінен атасына ас-ауқат әкелсе, енді бірде ауладағы шашылып жатқан ағаштың қиындыларын жинасады. Осындай бір іс үстіндегі ата мен бала арасындағы диалогте автор қарияның ішкі жан-дүниесіндегі қайғы-мұңын оқырманға астарлап жеткізеді.
Енді соған зер салыңыз:
«Бала қарттың сырлы жауабынан ештеңе ұқпай сұрақты үдете түседі.
– Ана өсіп тұрған ағаштарды кесесіз бе?
– Жоқ. Оларды менен кейінгі иесіне сақтап қойдым.
– Ол кім?
– Жалғасым келеді. Ана жайқалып тұрған ағаштар да, мына қырық жылдық кесінділер де соған тиесілі.
– Өткен жылы келген жігіт пе?
– Иә.
– Ол бұларды неғылады?
– Бір кәдеге жаратар.
Бала біраз үнсіз қалады. Сосын тағы қызығып:
– Ата, сіз оның келгенін күтіп жүре бермей өзіңіз үлкен қалаға барсаңыз болмай ма?
– Мен үйді, жайқалған ағаштарды, ғұмыр бойы жинаған мына кесінділерімді тастап қайда кетем? Ауыл артындағы қорымда кемпірім, жалғыз ұлым, ата-бабаларым жатыр. Кіндік қаным тамған ауыл, баяу ағып жатқан ана өзен бар.
– Оларды ешкім алып кетпейді ғой?
– Мұның бәрін өскенде түсінесің, балам...».
Көрші бала келіп кеткен сайын сұңғыла қарт терең мұңға батады. Қайбір жылы келіні мен немересі қоймаған соң үлкен шаһарға барғаны есінде. Тоғызыншы қабаттағы үш бөлмелі пәтерде торға қамалған торғайдың күйін кешкен соң, бір апта өтпей ауылға қайтып оралған. Келіні мен немересі жиі болмаса да ақша жіберіп тұрады. Қария артық ақшасын немересінің болашағын ойлап, банкке салып қойған. Ол немересінен үлкен үміт күтеді. Қазір Жалғас әншілікте оқып жатыр. Домбыра жасаумен де айналысып, қолы боста шеберханаға барады. Жалғас ауылға бір келгенде атасы оған домбыра жасап көрсетті. Соны көріп, ол да домбыра жасады. Бірақ өзі жасаған аспапқа көңілі онша толмады. Қария да онша ешнәрсе дей қоймады. Жалғас автобусқа мінген кезінде: :«Әжеңнің сандығында төрт дәптер қолжазбам бар. Ғұмыр бойғы соққан домбыраларымның жәй-жапсарын түртіп қойғам. Бір келгеніңде көрерсің», дейді атасы. Осы сәтте немересінің көзі жарқ ете қалды.
Содан бері атасының қиялынан немересінің көзіндегі жарқыл кетпей қойды. Жастардың көбі бөгде аспаптардың шуылына елтіп жүргенде оның домбыраға қызығуы қаннан дарыған қасиет шығар? Таппай жүргені қандай әуен екен деп, қарт күні-түні ойға батады. Ақыры соның жауабын тапқандай болды.
«Басы мең-зең болған Құдірет ата алдындағы тостақтың бетін жауып, дастарқанның бір бұрышына ысырып қойды да далаға шықты. Шеберханаға барып қабырғаға ілулі тұрған серкенің ішегінен тілінген таспаға қонған шаңды үрлеп тазартқан болды да, қос қолымен самайын қысып, ағаш орындыққа отырды. Біраздан соң жас балаша қуанып, орнынан ырғып тұрды. «Таптым. Үнсіздік...үнсіздік...үнсіздік... Немерем атажұртын сағынып жүрген болар. Әкесі, әжесі қабірде жатыр. Қара жер сөйлей алмайды. Ал Жалғас сырласқысы келеді. Үнсіздіктің тілін табуым керек. Домбыраның ішегіне саусақ тигенде мылқау қалпында мелшиіп жатқан Жер-Ана сөйлеп қоя берсін. Бабалардың ұрпағына жетпей уақыт тозаңына көміліп қалған аманаты тілге келсін..».
Ақыры қария соңғы күшін жинап, бар өнерімен домбыра жасайды. Алайда немересі қаладан келгенде атасының басын батысқа беріп, жүзін құбылаға қарай сәл қиялата бұрған күйі үн-түнсіз жатқанын көреді. Бас жағындағы сандықта қызылқоңыр домбыра сүйеулі тұр.
Жазушының осы соңғы сөйлемі әңгіменің барлық жүгін көтерген. Домбыра – халқымыздың жаны, оның асқақ үнінде ұлттың рухы атойлайды. Автор қарияның аманаты арқылы, оқырманға «өз ұлтыңды сүйіп, өз өнеріңді дәріпте» деген терең ой салады.