• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 17 Мамыр, 2023

Жүректің көзі ашылса...

934 рет
көрсетілді

Осы күні Абай шығармаларын оқып, түсініп, дананың ұлағатты сөздерін өмірдің кейбір сәттерімен салғастырып, «апырмай, Абай қалай дәл айтқан» деп, хакімнің есімін аузынан тастамай айтып жүретін азаматтар сиректеу болса да кездесіп қалады. Мұндай адамдар көбіне оқу-білім, мәдениет саласында жүргендердің арасынан шығып жатады. Ал іскер жандар, дәлірегі әлгі оқу-білім, руханияттан басқа салаларда еңбек етіп жүргендер қатарынан Абай шығармаларынан мысал келтіре сөйлейтіндер сирек кездесетіні рас...

Бүгін біз әңгімеге тартқан азамат Жомарт Омаров – осындай сирек­ кез­десетін жан­дардың бірі. Бұлай деуімізге толық негіз бар. Өйткені әуелде қаржы-қаражат сала­сында қызмет етіп, кейін жеке биз­не­сін дөңгелетіп, қазір жеті мың гектардай жерге дән егіп жүрген Жомарт Жақсылықұлы Абайдың кітабын басына жаста­нып оқумен бірге, аузынан шыққан сө­зін ұлы ақынның даналықты ой-пайым­дарымен өрнектеп әрі оған таңғалып, өлең­дерін үнемі айтып жүреді. Осы орайда біз оны оқырманымызға кеңірек таныстыру мақсатында сұхбат алған едік.

– Жөке, қайда туып, қайда өстіңіз, шық­­қан ортаңыз қандай, Абай шығар­­ма­шылығымен алғаш қалай таныс­ты­ңыз, хакім­нің даналығына ден қоюы­ңыз­ға кім, не әсер етті?

– Мен Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Амангелді ауылының тумасымын. Бұл өңір – бірнеше көлдің айналасында, құйқалы, табиғаты ғажап, небір атақты, дарынды адамдар да шыққан жер. Басқасын айтпағанда, әйгілі жазушы Сафуан Шаймерденов те – біздің ауылдың тумасы.

Әкем ауылдың қарапайым тұрғыны, үздік механизатор болып орден-медаль алып жүрді. Отбасындағы алты перзенттің ішінде ұлдан жалғызбын. Шешем де қарапайым, от басы, ошақ қасының адамы болды. Ағарып алға түспей, қарайып артта қалмай, орта деңгейде, қарапайым тіршілік еткен. Атам Қажымұрат соғыс мүгедегі, 1943 жылы бір аяғын Курск доғасында қалдырып, елге аман келген. 1944 жылы әкем туғанда, енді жақсылық болсыншы деген ниетпен оның есімін Жақсылық қойыпты. Арғы атам Омар молда болған кісі екен. Ал әжемнің әкесі Тапан молда атанған ғұлама, таны­мал адам болыпты.

Мектепте үздік оқыдым, сегізінші сыныпты бітірген соң Целиноградтың қаржы-экономикалық техникумына түстім. «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», деген ғой Абай. Сол айтқандай, маған өмір жолымда жақсы адамдар кездесті, егер мені жұрт жақсы адам деп танып жатса, бұл сол кісілердің арқасы екені анық.

Шешемнің әкесі Қабдолбәри деген кісінің аузынан: «Мен Тапан молдадан бата алғанмын» деген сөзді үлкен дәрежедей көріп айтып отырғанын естідім. Маған алғаш Абайды білдіріп, оның есімін танытқан осы Қабдолбәри нағашым. Ол бес жасынан суқараңғы, зағип болып қалған кісі. 1915 жылы туып, 2002 жылы 87 жасында дүниеден өтті. Бұл кісі «соқыр қари» атанып, Құранды жатқа айтатын. Сол кісіден «мен Абайдай қари болсам» деген сөзін естіп, алғаш рет таңғалдым. Әрине, Абайды мектепте оқыдық, оның ұлы ақын екенін мұғалімдерден білдік, екі-үш өлеңін жаттадық. Бірақ нағашымның Абайдың атын ауызға алып, оның барлық өлеңі мен сөздерін жатқа айтатын қари болсам деген арманы маған қатты әсер етті. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов ауылға келгенде нағашымды алдырып, ұзақ сөйлесетін. Сафуан Шаймерденов келгенде де қасында бірге келген ақын-жазушылар нағашы атамның зейініне таңырқап кететін. Соның ішінде Тахауи Ахтановтың таңғалғанын естіп қалған едім.

– Өзі зағип болса, Абайдың туындыларын қалай жаттаған?

– Атам балаларына Абайдың өлең­де­рін оқытып, содан бәрін жаттап алған ғой. Сапар, Жапар деген балалары әкелерінің Абайды оқыта бергенінен шаршайтын да­ кездері болады екен. Терең ойлы сөз­ болған соң оны бала ұқпайды, ал әке­­лерінің жаны қалайды. «Мен Абай­ға­ ғашықпын» дейді екен жарықтық. Абай­дың­ сөздерін кеудесі зерек нағашым ақыл­дың шыңы деп бағалады. «Осыған де­йін де, осыдан кейін де сөзді Абайдан ар­тық ешкім айта алмайды», дейтін еді жарық­тық.

Ауылға бертінірек келгенде Сафуан ағамызбен ұзақ әңгімелесіп отырып: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек. Ашуың – ашыған у, ойың – кермек. Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық, Кім көңілді көтеріп, болады ермек?» деп отырғанын естідім. Міне, осындай сөздер мені Абайға біртіндеп жақындата берді. Әрине, мен бала кезімде ақын шығармаларының терең сырларын, дана мазмұнын ұға қоймайтынмын, бірақ сөздің асылы Абайда екенін сезіндім. Бізді отбасында «ұят болады» деген тыйыммен тәрбиеледі ғой, осының өзі жүректерге иман ұялатады. Абай сөздерін нағашым ұқтырып кетіп, тағы келгенде сұрап қалса, білмей қалғаным ұят болар деп, тереңіне бойламасам да сөзінің әдемілігіне қызығып, Абай өлеңдерін жаттап жүрдім...

– Өз бойыңызда да бір даналыққа құштарлық болуы керек, әйтпесе Абайға деген махаббат оянбас еді ғой...

– Енді нағашым көкірек көзі жарқырап жатқан дариядай болғанда содан бізге де бір ұшқыны жұққан шығар. Мен көп уақыт орнымды таппай, тыным алмай, аласұрған жүрекке жауап іздеген жанмын. Мұның тағатын қайдан табамын, жүрегім неге елеуреуін қоймайды, мұның байлауы не екен деп ізденумен, шарқ ұрумен болдым.

«Осынша ақымақ болғаным

Көрінгенге қызықтым.

Ғаділетті жүректің

Әділетін бұзыппын.

Ақыл менен білімнен

Әбден үміт үзіппін;

Айла менен амалды

Меруерттей тізіппін.

Жалмауыздай жалаңдап,

Ар, ұяттан күсіппін..», деп Абай айтпақшы күнделікті тірлікте жүрекке кір жұқтыра берген секілдімін. Менің жүрегіме мейірім мен шапағат, парасат пен ұлағат дарытқан «Абай жолы» эпопеясы болды. Осы уақытқа дейін мен оны жиырмадан астам рет оқыдым. Бала Абайдың дана Абай болып қалыптасу жолдарын ұлы жазушы соншалықты нанымды, соншалықты сенімді етіп бере білген. Даланың кемеңгер ұлдары Құнанбаймен өзара тартысып жүрсе де, оның баласының алар асуы биік екенін бірден танып, «Ендігінің жүгі сенде қалар, балам. Жолың болсын» деп Бөжей батасын берсе, сол Бөжейдің асына араласып, бетін ашқан жас жігітке Құнанбайдың мықты қарсыласы Байсалдың өзі: «Жақсы ағаның зор дәмесін әмсе өстіп ақтағайсың! Ақтарсың деп білемін, шырағым! Тек өмір деген ит жаңсақ бастырмаса екен. Өрісің алда, бетің дұрыс!» деп бата беріп, Абайдың бетін айнытпай болжағандары қатты әсер етуші еді... Бірақ Абайдың өзін терең танып, бойыма сіңіріп, жүрегіме қондырғаным соңғы екі жылдың мұғдарында ғана...

– Сіз мені таңғалдырдыңыз... Мен­ сізді Абай мұхитына көптен бері бой­ла­ған адам екен деп ойласам... Қазіргі за­ман ағымы даналыққа емес, керісінше та­сыр­лық пен топастыққа бұрылып бара жат­қан­да сіз қалай Абайға бет бұрып жүрсіз?

– Ішімдегі ақ пен қараның арпалысы, неге бұлай деген сұрақтың жауабы табылмай жүргенін жоғарыда айттым емес пе? Жүрегім бірдеңені аңсайды, бірақ тағат тауып, тынши алмайды. Көп уақыт жаным сергелдеңде жүрді. Рухани азық таппадым. Солай, жан-дүнием тебіреністе жүріп ар ілімі туралы әңгімелер естідім. Қазақтың «ардан аттамау» деген ұғымына ден қоя бастадым. Алмас Алматов, Тұрсын Жұртбай, Ұлықбек Есдәулет сияқты терең ойлы, айтатыны мол ағаларымның әңгімесін тыңдадым. Содан ләззат алып жүрдім. Алла адамды жаратқанда көкірек көзін ашық қылады екен, ал адам оны мал деп, дүние деп немесе басқа да пендешілік ластықтармен өзі кірлетіп алады екен. Абай: «Осынша ақымақ болғаным Көрінгенге қызықтым. Ғаділетті жүректің Әділетін бұзыппын», деп айтады ғой, мен де біраз жыл қаржы бақылау саласында, одан қаржы полициясы қызметінде, одан жеке бизнесте істеп жүріп, жүрек көзін бітеп алғанға ұқсадым.

«Ақыл менен білімнен

Әбден үміт үзіппін;

Айла менен амалды

Меруерттей тізіппін.

Жалмауыздай жалаңдап,

Ар, ұяттан күсіппін», деп данышпан айтқандай, мен де пендешілікке көп айналыппын. Ал жүректі кірден тазалап, пендешілік ұсақтықтардан аршысаң, барлық қазынаның өзі іште тұрады екен. Абай тағы бір өлеңінде: «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме», дейді емес пе? Демек бар асылдың бәрі өзіңнің жүрегіңде екен, тек соны бұлақ көзін ашқандай арши білу керек. Ал жүрек көзін ашу үшін адамға терең ой, білмекке құмарлық керек. Адам өзінің жалқаулыққа, жамандыққа үйір қылатын нәпсісін жеңіп, талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым сияқты бес асылды бойына құйса, жүректің көзі ашыла түседі.

– Абайды тану жолында­ Шәкә­рім­нің, Мағжанның, Сұлтан­мах­мұттың және басқалардың сөз­де­рін, олардың да­ Абай туралы пікірлерін үнемі айтып­ жүресіз...

– Бұлақтың көзі ашы­лып кетті ғой. Олардың сөздері де ойла­рым­ды толықтыра түсті. Жайшылықта бай­қамаймыз, ал терең ойдың шапағаты күш­ті ғой. Олардың бұлтартпас, дана сөз­дері мен үшін Абай әлемін аша түсті. Әрбір сөздің мағынасы, ішкі иірімі бар. Мағ­жан айтады ғой: «Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес, Бір сөзің мың жыл жүр­се – дәмі кетпес. Қарадан Хакім бол­ған­ сендей жанды Дүние қолын жайып енді­ күтпес», дейді... Ақын Абайдың тамы­рын танытып тұр емес пе? Ал Шәкәрім:

«Кел, жастар, біз бір түрлі

жол табалық,

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік.

Бір білімді данышпан жан табалық,

Ал енді олай болса, кімді алалық,

Қазақта қай жақсы бар көз саларлық?

Шын іздесек – табармыз шыны ғалым,

Жалыналық Абайға, жүр, баралық», – деп Абайдың білімді данышпан екенін танытып тұр...

– Ал Абайды танытқан кеңес зама­ны­ның да зерттеушілері көп қой, Мұх­тар Әуезовті айтпағанның өзінде «Абай­ды­ оқы, таңырқа» деген Мекемтас Мыр­зах­мет­ сияқты ғұламалардың да еңбегі бар. Солар­мен таныстыңыз ба?

– Жоқ. Мен Абайды өзімше, өзінің сөздерінен танығым келеді. Абай еңбектерін талдағандар, пікір жазғандар бәрібір өздерінің зерттеу алабына бұратын секілді. Оның үстіне кеңес заманындағы зерттелген еңбектердің үстінен социалистік реализм бақылап отырғандықтан олар таптық мүдделерді көздейтіні де анық. Осы әдіспен Абай ілімін бұра түсіндіруі де мүмкін. Мен барлық қазынаны Абайдан өз жүрегімнің танымымен, өз түсінігімше алғым келді. Оның үстіне Абайдың өзі:

«Ақыл сенбей сенбеңіз,

Бір іске кез келсеңіз.

Ақсақал айтты, бай айтты,

Кім болса, мейлі, сол айтты

Ақылменен жеңсеңіз.

Аят, хадис емес қой,

Күпір болдың демес қой,

Қанша қарсы келсеңіз.

Көп орында көріне айтпа,

Біздің сөзге ерсеңіз...

...Өзің үшін үйренсең,

Жамандықтан жиренсең,

Ашыларсың жылма-жыл.

Біреу үшін үйренсең,

Біреу білмес, сен білсең,

Білгеніңнің бәрі – тұл...», деді емес пе? Әрине, Абайды зерттеген ғалымдар да, ғұламалар да түзу жолда шығар-ақ, бірақ мен әлі оларды оқып көрген жоқпын. Сонымен бірге оларды оқуға ұмтылып та көрмедім. Мен Абайға өздігімнен пісіп баруым­ керек. Мен абайтанушы емеспін, тек жан дүниемді жадыратушымын. Біреудің айтқанына ерсем, менің мөп-мөлдір ойыма, таза дүниеме кір жұғуы мүмкін ғой. Қазір Абайды тереңдеп таныған сайын оның құдіретінің күштілігі сондай, мен қазір үйде де, түзде де Абайсыз сөйлей алмай қалдым.

– Абайды танымайтын адамдар хақын­да не айтасыз? Олардың да жүрегі, ақылы, қайраты бар, ендеше неге олар Абай­ды ұға алмайды?

– Мұндайларды жай адамдардың ғана емес, оқыған, білімді, тіпті ғылыми атағы зор адамдар арасынан да көріп қала­мын. «Өзім болдым» дейтін көп­те­ген­ шенеунік әкім-қаралар да Абайды ұға­ алмай, жүрегіне апара алмай жү­ріп, ақылдымсып, кісімсіп жүреді. Ондай­лар­ға­ қарап айтылған Абайдың мына сөзінен ар­тық жауабым жоқ:

«Ол «болдым-ақ» дей берер,

Бұлғақ қағып басқанға.

Елең қағып елбірер,

Елертіп көзді аспанға.

 

Жайы мәлім шошқаның,

Түрткенінен жасқанба.

Бір ғылымнан басқаның

Кеселі көп асқанға...»

Ондайларға сөз өтпесін мен де білемін. Жүректерін басқан кірді аршуға тырыс­паса, даналық қайдан жетсін... Абай ондайлар туралы тағы да былай дейді:

«Көзінен басқа ойы жоқ,

Адамның надан әуресі.

Сонда да көңілі тым-ақ тоқ,

Жайқаң-қайқаң әр несі...», дей келіп, әрі қарай:

«Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі», дейді. Барлық пенде өз жүректерінің пердесін ашуға тырысуы керек, сонда өмір сүруің де оңай, қиындық та жеңілдейді, өзін де, өзгені де мүжуден, пәле-жаладан да қашық болады, жолы да ашылады.

– Жүректің кірі ашылып, Абайды танығаннан бері өз басыңызда қан­дай­ өзгеріс бар?

– Маған өмір сүру жеңілдеді. Күй­ге­лектік, күйініш, күйректік, уайым­шыл­дық сияқты өзіңді өзі күйдіретін жаман әдет­терден арылдым. Соның арқасында жүре­гіме салмақ түсірмейтін болдым. Кәсі­бімді жүргізгенде Абайдан алған ірілік, кеңдік әрқашан кең пішуге, кең тол­ғауға бастайтын болды. Жан дүнием жады­рады, бойымдағы мейірбандығым артты, айналама шапағатымды шашқым келіп тұратынын сезінемін. «Жан аямай кәсіп қыл» дегенін істеп, еңбекке деген­ құлшынысым артты, бойкүйездігім жоғал­ды. Жалқаулық, надандық дегендерге шошына қарайтын болдым. Санама жал­ған дүниеде тек жақсылық жасау керек дегенді әбден түйдім. Мен Абайды мектепте бір жыл емес, кем дегенде бес жыл оқыту керек деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет, Алла сіздің рухани танымыңызды басқа да жан­дарға бұйыртсын.

 

Әңгімелескен

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»