• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Пікір 18 Мамыр, 2023

Нұржан Сманов: Өзбектер «кімнен ұтылсақ та, қазақтарға есе жібермеуіміз керек» деген қағиданы ұстанады

9651 рет
көрсетілді

Бұл туралы бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Нұржан Сманов «Egemen Qazaqstan» газетіне берген пікірінде айтты.

Нұржан Сманов әлем чемпионаты қарсаңында БАҚ өкілдеріне: «Жарыс әділ өтсе, Қазақстан құрамасы төрт алтын алуға мүмкіндігі бар, ал егер төрешілер бұра тартатын болса, екі ал­тынмен шектелеміз», деп айтқан еді.

Бұл сөзін ол келесідей түсіндірді:

«Менің осылай күмәндануым не­гізсіз емес. Кезінде өзім де Ташкент тө­­рінде сан мәрте жұдырықтастым. Ол жерде жергілікті боксшыны айқын басымдықпен жеңбесең, жеңісті саған бере қоюы неғайбыл. Олар «кімнен ұтылсақ та, қазақтарға есе жібермеуіміз керек», деген қағиданы ұстанады. Оған таң­данатын түгі жоқ. Біздің де ұста­нымыз сондай.

Күні кеше ғана аяқталған әлем чемпионатын тапжылмай тамашаладым. Иә, бастапқы кезеңдерде біраз бұра тартушылық болды. Бірақ алғашқы айналымдарда ұтылған еліміздің былғары қолғап шеберлеріне көпе-көрінеу қиянат жасалды деп айта алмаймын. Жеңілген жігіттеріміз кінәні өздерінен іздесін. Осындай дүбірлі додада жеңіс тұғырына көтерілу үшін оларға әлі көп жұмыс істеу керек.

Жартылай финал және финалдық сайыстар әділ өтті. Бас жүлде үшін өт­кен жекпе-жектерде жеңіліс тауып, күміс медаль иеленген Дулат Бекбауов­тың (67 кг) өзбекстандық Асадхожа Муйдин­худ­жаевқа әлі жетпеді. Ал­ғашқы екі раундты қандасымыз қар­сы­ласына беріп қойды. Тек үшінші раунд­та ғана Дулат ширақ қимылдай бастады. Бір­ақ қарсыласыңды ұрып жықпасаң, соң­ғы раундта жеңісті жұлып алу мүмкін емес», деді Нұржан Сманов. 

Сондай-ақ шешуші тұста жеңіске жеткен төрт боксшымызға шексіз алғысын білдірді.

«Барлығы да өте керемет өнер көр­сетті. Ойбек Жураев пен Сайджамшид Жа­фаровты өз жерінде тас-талқанын шы­ғарып жеңген Махмұд Сабырхан (54 кило) мен Асланбек Шымбергеновтің (71 кило) шеберлік деңгейі бәсекелестерінен бір бас жоғары болды. Сол себепті төре­шілер жергілікті боксшыларға жақтасып, жерлестерімізге «килігуге» еш ілік таппады. Бәсеке барысында Махмұд қарсыласын екі рет нокдаунға жібергенде, шаттанбаған қазақ жоқ-ау, сірә! Санжар Тәшкенбай (48 кило) мен Нұрбек Оралбайдың да (80 кило) басымдығы анық байқалды. Жас болса да жалынды әрі қарымды жігіттер екен. Иә, дәл осындай өр мінезді өрендері бар Қазақ елі боксы­ның ертеңі үшін еш алаңдамауға болады», деп пікірін білдірді.

Оның айтуынша, жалпы алғанда, Ташкенттегі әлем чем­пионатының ұйымдастырылу дең­гейі өте жоғары болды.

«Өзбектер бұл жарысқа жан-жақты және тыңғылықты дайындалған екен. Осы жағы бізді қуант­ты. Ал Мырзағали Айтжанов жаттық­тыр­ған Қазақстанның ұлттық құрама коман­дасының аталған додадағы өнері бас бар­мақпен бағалауға тұрарлық», деді Нұржан Сманов.