• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Мамыр, 2023

24 жыл күткен жеңіс

509 рет
көрсетілді

Жамбылдықтар бокстан Ташкент төрінде өткен әлем чемпионатын асыға күткені рас. Өңір боксшылары 24 жыл бойы жаһандық жарыстың алтын жүлдесін мойнына ілмеген. 1999 жылы Хьюстонда өткен байрақты бәсекеде Болат Жұмаділов топ жарғалы да ширек ғасырға жуықтапты.

Ташкенттен олжалы оралған сайып­­қы­рандарды жанкүйерлер сән-сал­та­натымен қарсы алды. Жаһандық аламанда 71 кг сал­мақ­та топ жарған ұлт­­тық құраманың капитаны Асланбек Шым­­бергенов пен 67 кг салмақ дәре­­жесінде күміс жүлдегер атанған Дулат Бек­­­бауовқа жамбылдықтар тарапынан зор құр­­мет көрсетілді.

Әлем чемпионатынан олжалы оралған саңлақтардың жеңісті жорығын жергілікті атқарушы билік елеусіз қалдырған жоқ. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов әлем чемпионы Асланбек Шымбергеновке үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстаса, күміс жүлдегер Дулат Бекбауов екі бөлмелі пәтерге ие болды. Асланбектің бапкері Ермек Ертаевқа бес миллион, Дулаттың жеке жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековке үш миллион теңгенің сертификаты тапсырылды.

«Жаһандық жарыста Көк Туымызды көкте желбіреткен Асланбек пен Дулат­тың жеңісті жолы жалғасты болсын. Жам­был бокс мектебінің даңқын асырған боксшы­ларымызға ризамыз. Мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Алда төртжылдықтың басты додасы – Олимпия ойындары тұр. Спорт­шыларымыз Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін лицензияны жеңіп алып, Париж төрінде де Көк Туымызды көкке көтеретін күнді көрейік», деді өңір басшысы боксшыларды құттықтап.

71 кг салмақ дәрежесінде топқа түсіп жүрген Асланбек Шымбергеновтің Олимпия ойындарына қатысатын мүмкіндігі мол. Құр­лықтық додада және әлем чемпионатында топ жарған спортшының жалғыз арманы – Олимпиада алтыны.

«Ендігі мақсатым – Парижде өтетін Олим­пия ойындарына лицензия иеленіп, төртжылдықтың басты додасында топ жару. Мақ­сатты ақиқатқа айналдыру үшін бар күшімді сарқа жұмсайтын боламын», дейді Әлем чемпионы.

 

Жамбыл облысы