• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Мамыр, 2023

Шаңырақ шыбығы

341 рет
көрсетілді

Халықаралық отбасы күніне орай, өңірде отбасы құндылықтары мен ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, отбасы-ошақ қасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған 300-ден астам іс-шара өтті.

Мәселен, 15 мамырда Қос­та­найда «Мерейлі отбасы» ұлт­тық байқауы аясында ұйым­дас­тырылған «Отбасы ағашы» ак­циясы барысында 20 жас от­басы орталық саябаққа барып, өз отбасыларының атынан ағаш көшеттерін отырғызды. Ауқым­ды іс-шараға жас отбасылардан бөлек, 30 шақты ерікті, 40-тан астам қала тұрғыны қатысты.

Көпшілік тарапынан қолдау тапқан игі шараға атсалысқан әр отбасы өздері отырғызған қос түп ағаштың жанында естелік суретке түсіп, ағаш өсіп тұрған орынды кейін адаспай тауып алатындай етіп белгілеп қойды.

Шаңырақ көтергендеріне көп бола қоймаған Дүйсековтер отбасы үш түп ағаш отырғызыпты.

– Біз мұндай акцияға бірін­ші рет қатысып отырмыз. Шын мә­нінде, бұл күн бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан әр от­басы үшін маңызды мереке деп білемін. Бүгінде өзіміз сияқты жастарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау көп. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын біз мемлекеттік бағдарлама ар­қылы баспана алдық. Қазір Қос­танайда бой көтеріп жатқан жаңа шағын аудандарда негізінен жас отбасылар тұрады. Жолдасым екеуміз жастар ресурстық ор­талығы мен облыстық әкімдік ұйымдастырған бүгінгі іс-шараға атсалысып, өз отбасымыздың атынан атаулы ағаштарымызды отырғызуды жөн санадық. Бүгін отырғызылған көшеттер тамыры бекіп, бойлап өскенше өзіміз суарып, күтім жасап отырамыз. Мысалы, бүгін жүз шақты ағаш көшеттері отырғызылды. Осындай игі шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса, саялы ағаштар да көбейіп, Қостанай жасыл қалалардың қатарына қосылар еді деп ойлаймын. Бұл осымен тоқтап қалмауы керек. Көктемде бас қосып, отау құрған жас отбасылар өз үйлерінің маңайына бір-екі түп ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырса, жақсы емес пе?, – дей­ді акцияға қатысушы Жұ­пар Дүйсекова.

«Отбасы ағашы» акциясын ұйымдастырушылардың айтуын­ша, аталған іс-шаралар барысында ерікті жастар қа­ладағы триатлон саябағы мен Тәуел­сіз­діктің 25 жылдығы атындағы сая­­­бақта тал егу, гүл отырғызу жұ­­мыстарын жүргізген.

Жас жұбайлар атаулы ағаш­­­та­рын отырғыз­ған соң, Қазақ­стан халқы Ассам­блея­сының жер­гілікті филиалы мен облыстық Ана­лар кеңесі ұйым­дастырған «Абы­сын-ажын» бай­қауына қатысты.

– Байқау – халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылып отыр. Оған әр ауданнан келген он төрт жас отбасы қатысты. Халқымызда «Абысын та­ту бол­са, ас көп» деген дана сөз бар. Ең бас­ты мақсатымыз – от­басы құн­ды­лықтары мен озық дәстүрлерді дә­ріптеу. Көп­шілік­ке үлгілі отбас­ылар­ды наси­хат­­тау дейді об­лыс­тық Аналар кеңесінің төр­ағасы Айжан Кіш­кентаева.

 

Қостанай облысы