• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Бизнес 18 Мамыр, 2023

Кір сабын шығарады

731 рет
көрсетілді

Рудный қаласының тұрғыны таяуда ғана жеке кәсібін ашып, кір сабын шығара бастады. Қаланың орталық базарында «Үш­құ­дық» деген сауда белгісімен сатыла бастаған жергілікті өнімнің сапа­сы сырттан әкелініп жатқан кір сабындардан артық болмаса, кем емес. Бір әттеген-айы, сабынды көптеп шығаруға қаржы тап­шы­лығы қолбайлау болып, кәсіпкер өз өндірісін жүйелі түрде жолға қоя алмай отыр.

2019 жылы Өзбекстаннан қо­ныс аударып келген Сегізбай Жү­нісов бүгінге дейін Рудныйдағы Соко­лов-Сарыбай кен байыту комбинатында токарь болып жұмыс істеп келген. Енді жеке кәсібін іске қосып, әрі қарай дамыту үшін жұмысынан шығып жатыр. Кір сабын шығаратын құрылғыны несиеге алыпты. 380 вольтпен жұмыс істейтін құрылғы сағатына 500-ге дейін өнім шығара алады. Алайда бізге сағатына 300 кір са­бын шығарсақ та жеткілікті дейді кәсіпкер. «Үшқұдық» кір сабы­ны­ның салмағы – 200 грамм, құра­мындағы кір ашатын майлы қыш­қылдың үлесі 72 пайызға жете­ді.

Кәсіпкер алғаш 100 сабын шы­ға­рып, қаладағы «Бақ-бақ» базарына қойып көрген екен, демде өтіп кетіпті. Алтын кеніне бай Үш­құ­дықтан ауған қандастардың дені бүгінде Рудныйдың маңайына шо­ғыр­ланған. «Үшқұдық» сабынын, әсіресе, сол кісілер іздейді екен.

– Базарда 250 теңгеден сатылып еді. Қазір жоқ болып кетті. Өзіміз бір-екеуін алып, пайдаланып көрдік. Сырттан келіп жатқан сабындардың көбі ваннада бір күн қалдырып кетсең, еріп былжырап кетеді. Ал бұл сабын суда қалып кетсе де ерімейді. Жақсы көпіреді, кірді де жақсы ашады, дейді Рудный қаласының тұрғыны Сұлушаш Өмірова.

Сегізбай Өзбекстанда біраз жыл сабын шығаратын кәсіпо­рын­­да жұмыс істепті. Бұл кәсіптің қыр-сырын сол­ жерде жүріп әбден мең­­геріп алса керек. Қазірше, іні­сі­нің гаражын жалға алып отыр. Са­бын қайнатуға малдың кәдімгі іш­майы, одан кейін күнбағыс ма­йы керек екен. Кәсіпкер оларды жер­­гілікті ет комбинаттары мен мал сою цехтарынан, дәмханалар мен мей­­рамханалардан сатып алады. Ал да­йын химиялық қоспаны Шым­­кент пен Алматыдан алдыртады.

– Сырттан келіп жатқан кір сабын­ның көбінде біртүрлі жағым­сыз иіс болады. Оны бірден бай­қайсыз. Жұрттың көбі мұндай сабындардың доңыздың терісін қайнатып жасалатынын айтады. Намаз оқитын кісілер көбіне кір сабынмен жуынады ғой. Сондықтан біз ішмайды тек сиыр, жылқы ғана соятын ет комбинаттарынан сатып аламыз. Бұған дейін олар малдың таза етін ғана алып, ішмайын көбі­не лақтырып жіберіп отырады екен. Біз осы зая кетіп жатқан дүниені кәдеге жаратып жатырмыз. Одан кейін халал дәмханалар бауырсақ, тағы да басқа неше түрлі майлы тағамдар пісіреді. Солардан сұйық майдың қалдығын сатып аламыз. Оған химикат қоспа араластырып, сабынның пайызын 72-ге жеткіземіз. Сабын неғұрлым ағарған сайын, соғұрлым сапалы болады, – дейді кәсіпкер.

Көтерме бағамен сатып алушылар табылып жатса, кәсіпкер бағаны 200 теңгеге дейін түсіруге әзір. Өндірісті толық іске қосу үшін 5 млн теңгедей қаражат керек. Өкінішке қарай, кәсіпкер қазірше бизнесті дамыту жөніндегі мекемелерден қолдау таба алмай отыр.

– «Атамекен» кәсіпкерлікті қол­дау палатасының филиалына бардым. Ондағылар кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлкің болуы керек дейді. Оған кепілдікке қоя қоятын үй-жайым болмай тұр. «Центркредит банкіне» барып сөйлестім. Олар алдымен біздің банктен жеке есепшот ашып, соған жарты жыл қаржы жи­науың керек дейді. Қазір құ­жат­та­рымды жинап, таяуда ғана облыс әкімдігі жариялаған кәсіпкерлікті қолдауға арналған тағы бір бағ­дар­ламаға қатысып жатырмын. Ол бағдарламаға қатысу үшін жұ­мыс­сыз болуың керек екен. Соко­лов-Сарыбай кен байыту комбинатында токарь болып жүр едім. Амалсыз жұмыстан шық­тым. Ма­ған ең бастысы, өнді­рісті іске қосатын қаражат керек. Қалған нәрсені өзім табамын. Мұның сыртында, ұнтақ са­бын, су сабын, ағартқыш, шампунь жасайтын станоктарды да сатып алмақпын, дейді Сегізбай Жүнісов.

Кәсіпкер Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатына қолдау сұрап барған екен. Кәсіпорын басшылары өніміңді шығара бастасаң, сатып алу жағын ойластырамыз деген уәде беріпті.

 

Қостанай облысы