• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2010

ЖАРИЯЛЫЛЫҚ – ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЖАУЫ

716 рет
көрсетілді

“Нұр Отан” ХДП Ақмола облыстық филиалының ғимаратында сыбайластыққа қарсы республикалық ақпараттық-насихат акциясының басталуына орай баспасөз мәслихаты өткізілді. Партия жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері, “Жас Отан” жастар қанатының белсенділері, облыстық ЭСЖКД (қаржы полициясы) басшылары, журналистер қатысқан басқосуда филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Шойкин екінші рет өткізіліп отырған бұқаралық шараның маңызы мен алда атқарылар міндеттері туралы әңгімеледі. Ғ.Шойкин бұл акция бұқаралық сипат алып отырғанын, сонымен қатар, қоғамдық кеселмен күресте мемлекеттік органдармен ынтымақтастық жайында қол қойылған меморандум шеңберінде атқарылатын нақты шаралардың орындалуы тексеріске алынатынын атап көрсетті. Өйткені, сыбайластықты ауыздықтау, жұртшылық арасында оның кез келген көрінісіне төзбеушілік сезімін қалыптастыру, жастар арасындағы тәрбие жұмыстарының ықпалын арттыру “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы ұстанатын басым бағыттардың бірі саналады. Ол халықтық тұғырнаманың арнайы бөлімінде көрініс тапқан. Бұған қосымша, партияның сыбайластықпен күрес жөніндегі бағдарламасы қабылданып, қоғамдық кеңестер құрылды. Облыстағы 19 кеңес пен еңбек ұжымдарындағы партиялық бақылау бекеттері тұрғындар ықыласына бөленуде. Мәслихатта акцияға дайындық барысында кешенді іс-жоспар жасалып, әр тармақ бойынша жауапты адамдар белгіленгендігі хабарланды. Сондай-ақ, 50 мың даналық ақпараттық-насихаттық әдебиеттер, “Қазақстанның сыбайластыққа қарсы саясаты” әдістемелік құралы, “Жемқорлық пен сыбайластық фактілерін қалай хабарлауға болады?” ақпараттық буклеті, “Мен – сыбайластыққа қарсымын!” төсбелгілері дайындалған. “Жас Отан” жастар қанаты жемқорлық пен сыбайластықты анықтау мақсатымен “Қарсы” аталатын қозғалысты бастап кетті. Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары, полковник Еркін Макешов жылдың төрт айында атқарылған жұмыстар жөнінде хабардар етіп, аталған акция ауқымындағы мәселелердің күнделікті назарда ұсталатынын жеткізді. Қылмыстың алдын алуда бұқаралық белсенділік арта түскені қуанышты. Ақкөл, Есіл, Бурабай аудандарында өткізілген көшпелі қабылдауларға 32 адам өтініш-тілектерімен келген. “Сенім телефоны” жиі қоңыраулата бастады. Жыл басынан бері 25 хабар түсіп, олар бойынша арнайы жедел шаралар мен тексерістер ұйымдастырылды. Қаржы полицейі “Нұр Отан” ХДП жасаған ынтымақты келісімнің жемісті болатынына сенім білдірді. Баспасөз мәслихатында журналистерді қызықтырған сұрақтарға нақты жауаптар қайтарылды. Ақмола облысы. Бақберген АМАЛБЕК, “Егемен Қазақстан”.