Өскеменде көлік тұрғын үйге соқтығысып, кіреберіс шатырды бұзып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жол апаты 2023 жылғы 20 мамырда сағат 03:10 шамасында Гагарин бульварында 32-үйдің жанында болған.
Subaru Forester көлігін айдап келе жатқан 35 жастағы жүргізуші көліктің рөлінде ұйықтап қалып, жолдан шығып кеткен, содан кейін үйдің кіреберісіне барып соғылған.
Зардап шеккендер жоқ.
Subaru Forester маркалы көліктің жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.
«Көлік құралдарының, жүктердің, жолдардың, жол және өзге де құрылыстардың немесе өзге де мүліктің зақымдануына, материалдық залал келтіруіне әкеп соғатын жол жүру ережесін бұзған жағдайда 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе көлік құралын басқару құқығынан 6 айға дейін айырылады», делінген ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінің жазбасында.