Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының С.Мұқанов атындағы әмбебап кітапханасында Әбдірахман Айсариннің 125 жылдығына арналған әдеби кеш болды. Ол – азапты жылдарда ауыр тағдырға тап болған қазақтың алғашқы жазушыларының бірі, Алашорда ісін жақтаған, Мағжан Жұмабаевты қолдаған қоғам қайраткері. «Айжанның азабы», «Мәжен», «Той тарқар», «Бәсекелестер жиыны», «Жол айырығы», «Мырзалар», «Жүрек жұмбағы», «Болсаң, Болаттай бол» сияқты әңгімелері мен «Алма өз түбінен аулаққа түспейді», «Көн құрысса, қалпына барады» атты хикаяттары, мақалалар мен көсемсөздері баспасөзде жарияланып, өз заманында халқына қаламымен қызмет еткен елеулі азамат.
Ол алдымен Бейімбет Майлинмен бірге Троицкідегі «Уазифа» медресесінде білім алған, кейін Сәбит Мұқановпен бірге Омбыда алашордалықтар ашқан мұғалімдер курсында Мағжанның дәрістерін де тыңдаған. Кеңес өкіметі орнаған жылдарда Орынборда шығып тұрған «Ұшқын», кейін «Еңбекші қазақ» атанған қазіргі «Egemen Qazaqstan» газетінде Сәкен, Смағұл басшы болған жылдарда қызмет атқарған. «Егеменнің» 90 жылдығына шыққан «Жәдігер» атты жинақта «Олар осында еңбек еткен» деген тақырыппен газетте істеген жандардың сол кезге дейінгі толық тізімі берілген. Сонда Әбдірахман Айсариннің есімі тегі «А» әрпінен басталатындардың арасында тұр.
Әбдірахманның алашордашыларды жақтаған істері белгілі болғанда оның ізіне шам алып түсушілер табылып, ақыры ол орталықтан туған елі Қызылжарға ауысуға мәжбүр болады. Мұнда ол облыстық «Бостандық туы» газетінде жұмыс істеді. Алайда орталықтағы дүмпуді естіген шолақ белсенділер қызыл қырғын жылдарында оған күн көрсетпей, 1937 жылдың тамыз айында ұстатады. Есіл ерді Алматыға әкетіп, 1938 жылы Талғар түбіндегі Диқанбай деген қыстаудың маңында басқа да «халық жауы» атанған жазықсыз жандармен бірге атқан.
Содан Ә.Айсариннің жарқын есімі туған халқына тек 1959 жылы, ақталғаннан кейін ғана оралады. Алайда жазған-сызған дүниелерінің бәрін НКВД құртып жібергені анықталады. 1967 жылы Сәбит Мұқанов Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінде «Әбдірахман Айсарин» деген естелік жариялап, оны халыққа отыз жылдан кейін жете таныстырады.
«Әбдірахман менімен бір әкімшілік болыстың ішінде туды. Бала кезімізден бірге өсіп, біте қайнаған, жаңа дәуірдің таңы атқан шақта, әлеуметтік, партиялық қызмет майданына ауылдан бірге аттанған, жеке және қоғамдық тұрмыста шын көңілден сеніскен жандай жолдасым еді ол», деп жазыпты Сәбең.
Әбдірахман Айсарин туралы мақалалар жазып, оның есімін облыс және республика тұрғындарына таныстырып кеткендердің қатарында жергілікті ақын, журналист Зейнолла Әкімжанов болды. Ол Әбдірахманның әйелі Мәдинаның екінші күйеуі Рамазаннан туған. Сондықтан анасы Мәдинадан Ә.Айсарин туралы көп шындықты естіп өскені анық. Мәдина апамыздың өзі де «халық жауының» әйелі ретінде 5 жыл бойы «АЛЖИР»-де азап шеккен. Ол күйеуі ақталған 1959 жылдан кейін ғана Әбдірахман туралы айта бастаған. Зекең марқұм былай деп еске алады: «Кейін анам сырды там-тұмдап ақтара бастады. Сондықтан мен одан сұрап, Әбдірахманмен кездескен адамдардың әңгімелерінен ұққан жайларды оқырмандарға баяндауды ұйғардым».
Әбдірахман мен Мәдинаның кіндігінен Айна, Аян, Айман, Азия есімді балалар болған. С.Мұқанов атындағы кітапханада болған кездесуде солардың ұрпақтары келіп, естеліктер айтты. Соның ішінде інісінің келіні Орынбасар Көшерова, шөбересі Индира Баймұхамбет, т.б. болды.
ПЕТРОПАВЛ