• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Университет 23 Мамыр, 2023

Ұлттық университет түлектерін жинады

286 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде алғаш рет жоғары оқу орнының 27 жыл­дығына орай «Open air» форматында «ENU Family Day» ауқымды іс-шарасы өтті. Оған университеттің әр жылдардағы түлектері қатысты. Олардың қатарында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, ғалымдар, бизнесмендер, оқытушылар мен студенттер бар.

Университеттің қуанышына ортақ­тасқан түлектердің қатарында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, белгілі шахматшы Дәрмен Сә­дуа­қасов, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынас­тарды дамыту комитетінің төрағасы Ға­лым Шойкин, Гиннестің рекордтар кітабына енген алып күш иесі Сергей Цырюльников тағы басқалар болды. Ауқымды бағдарлама түлектердің форумы, «ENU Research» – «PechaKucha» форматындағы танымал ғалымдардың өнер көрсетуі, «Ұстаз» коворкинг-орта­лығының ашылуы, ұлттық қолөнер және кітаптар көрме-жәрмеңкесі, қазақша күрестен «ENU барысы» турнирі, Оpen air «ENU Family Day» концерті және тағы басқа университет аумағында бірқатар білім, ғылыми, мәдени және спорттық іс-шараларды қамтыды. Оған екі мыңға жуық адам қатысты.

– Өткен жылы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетіне «зерттеу университеті» мәртебесі берілді. Қазір университеттің арнайы 5 жылдық зерттеу жоспары, жаңа зертханалар, жас ғалымдарға арналған үлкен ресурстың жайы пысықталып жатыр. Жақын арада ол Үкіметтің қарауына шығарылады. Оқу ордасының жас ғалымдары «Болашақ» бағдарламасына белсенді қатысады. Ғалымдардың ғылы­ми мақалалары Q1, Q2 квартилінің халықаралық басылымдарында жария­ланады. Жақын арада біз Еуразия ұлттық университетінің ғылыми зерттеу әлеуетін бірлесіп арттыратын боламыз, – деді  Саясат Нұрбек.

Іс-шараның ғылыми бөлімі «Pecha­Kucha» «ENU RESEARCH: from idea to action» форматында өтті. Форум­ды ашқан университеттің коммерция­­ландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева іс-шара заманауи «Pecha­Kucha» («Печа Куча») форматында өтіп жатқанын, ғалымдар ғылыми жобаларын 200 секунд ішінде қысқаша әрі нақты таныс­тыра алатынын жеткізді. Аталған іс-шара ғалымдардың ғылыми әзірле­мелерімен танысу, жобаларды коммерцияландыру және өндіріске енгізу үшін бизнес-серіктестерді іздеу, сондай-ақ университет ғылымының беделін арттыру мақса­тында ұйымдастырылды.

Министр атап өткендей, универси­тет ғылымын дамыту, салаға жас ғалым­дарды көбірек тарту маңызды. Бұл ба­ғытта Ғылым және жоғары білім минис­трлігі үлкен жұмыс атқарып жатыр. «Президент тапсырмасына сәй­кес, былтырдан бастап министрлік жас ғалымдарды қолдауды күшейтті. Мәсе­лен, өткен жылы 700-ден астам грант бөлінді. Осы жылдан бастап гранттар саны 1 мыңға дейін ұлғайтылады. Бұл жас ғалымдар үшін жақсы қаржылық демеу болады әрі оларға өздерінің ғылыми әзірлемелерін іске асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ биыл үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды», деді С.Нұрбек.

Салтанатты жиын барысында Еура­зия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов «ENU Family Day» ауқымды іс-шарасы алғаш рет өткізіліп отырғанын жеткізді. «Еуразия ұлттық университетінің 27-ші туған күні қар­саңында түлектердің рекордтық саны жиналды. Бұл өте қуанышты. Біздің университетте өркендеп келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының ажырамас байланысы әрдайым сақталса екен дейміз. Бұл әлеуметтік, моральдық әл-ауқаттың негізгі қозғалтқыштарының бірі», деді ол.

«PechaKucha» «ENU RESEARCH: from idea to action» форумында ЕҰУ ға­лымдары, атап айтқанда, оқыту­­шы-зерттеуші Кенжебатыр Бек­мыр­­за, профессор Ғайни Сейтенова, аға оқы­тушы, PhD Абдолла Омаров, «Ядро­лық технологиялар паркі» АҚ бас­қар­ма төрағасының орынбасары Мұрат Қасымжанов, Инновацияларды дамыту департаментінің директоры Әсел Жексембаева, «Ғылым қоры» АҚ бас­қар­ма төрағасының бірінші орынбасары Әлия Сембаева, университеттің оқытушы-зерттеушілері Жақсылық Сәбитов, Дмитрий Шлимас, Гүлнар Сүгірбекова, аға оқытушы Нұрзада Амангелді өздерінің ғылыми жобаларын таныстырды. Ғылым мен бизнестің диалог алаңы барысында спикерлер озық ғылыми идеялармен бөлісіп, сутегі отын элементтері, электр энергиясын өндірудің бюджеттік тәсілдері және тағы басқа тақырыптарды талқылады.

Сондай-ақ іс-шара аясында «Ұстаз» оқыту­шыларға арналған алғашқы ковор­кинг-орталықтың ашылу рәсімі өтті. Жаңа көпфункционалды кеңістік – жеке және ұжымдық кәсіби қызмет, келіс­сөздер және спорттық демалыс үшін ыңғайлы орын. Коворкинг 110 орынға шақталған. Орталықтың жалпы ауданы 544 шаршы метрді алып жатыр. Оған арналған жиһазды университет қызметкерлері жасаған.

– Университет үшін бірінші кезектегі міндет – студенттер, оқытушылар мен қызметкерлер үшін қолайлы жағ­дай жасау. Коворкинг – біздің универ­ситеттің үлкен әлеуметтік-мәдени кеңіс­тігінің бөлігі. Жыл сайын олардың саны артып келеді. Біз әр корпуста ашық кеңістіктер құруды жоспарлап отырмыз. Коворкингтердегі жайлы жағдай тек шығармашылық белсенділікті ғана емес, ұжымдық және жеке жұмыстың тиімділігін арттырады деп сенемін, – деді жоғары оқу орнының ректоры Ерлан Сыдықов.

Жаңа коворкинг орталығында үш аймақ бар. Біріншісі келіссөздер мен іс-шараларға, екіншісі жұмысқа, үшіншісі демалысқа арналған. Сондай-ақ бірнеше тақырыптық кеңістік бар. Олар – оқуға және жұмыс істеуге арналған тыныш ай­мақ, үстел ойындары бар спорт алаңы жә­не дивандар қойылған жайлы демалыс аймағы. Жұмыс аймақтары компьютер­лер, магниттік-маркерлік тақ­талар, флип-чарттар секілді қажетті зат­тармен жабдықталған. Оқытушылар арнайы бөлінген жаңғыртылған каби­нет­терде жұмыс істей алады. Айта кету керек, өткен жылы университетте студент­тер­ге арналған 4 коворкинг алаңы ашылды.

Түлектердің және меценаттардың уни­вер­ситеттің дамуына қосқан үлесіне ар­налған «Даңқ ағашына» кәсіпкер Борис Ченнің есімі мен «ЦентрКредит банкі­нің» атауы жазылған жапырақтарды орналас­тыру маңызды оқиғалардың бірі бол­ды. «ЕҰУ еліміздегі жетекші уни­верси­теттердің бірі екені белгілі. Ұлттың жетістігі екі негіз­гі фак­торға – денсаулық пен білімге бай­ланыс­­ты. Біз сондай-ақ шәкіртақы беру арқылы ЕҰУ-дың әлеуметтік қорғалмаған сту­дент­теріне қолдау көрсетеміз», деді Борис Чен.

Қатысушылар мен көрермендердің көпшілігі «ENU барысы» университеттік турнирін тамашалауға жиналды. Жарыс екі салмақ дәрежесінде: 80 келіге дейін және одан жоғары салмақ бойынша өтті. Нәтижесінде, жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

«Palau Fest» шарасына келген әр адам тегін палаудан дәм татты. Онда бір тоннаға жуық тамақ дайындалғанын айта кетейік.

«Еуразия жұлдызы» студенттік кон­церті барысында Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің Көлік-энергетика факуль­тетінің 4-курс студенті Дияс Таш­тиев­тің «Ар-ождан» музыкалық трегінің тұсау­кесері өтті. Ән авторының айтуынша, ар-ождан – адамзаттың маңызды көрсет­кіші. Ол жаңа биіктерге жетуге, өзіңіз­ге, басқаларға адал болуға көмектеседі.

«Jastar Awards» салтанаты аясында жоғары оқу орнындағы жастар саясаты орта­лығының өкілдерін бірнеше номина­ция бойынша марапаттау рәсімі өтті. Сонд­ай-ақ Студенттер аллеясында ересек­тер мен балаларға арналған бірегей шығар­машылық аймақ: шеберханалар, эко-арт терапия, ұлттық ойын­дар, кітап көр­ме­лері, халық өнері жәрмең­келері орна­­ла­сып, спорттық жарыстар, театр қойы­лымдары, ұтыс лотереялары ұйым­дас­тырылды.

Еуразия ұлттық университеті құрыл­ған күннен бастап 80 мыңнан астам маман шығарғанын атап өткен жөн. Университет «QS» халықаралық білім беру рейтингінде 277-орында тұр және әлемдегі үздік 300 университеттің қата­рына кіреді. Оқу ордасы «ғылыми-зерт­теу университеті» мәртебесіне ие болып, елдің инновациялық ғылыми хабына айнала бастады. Жоғары оқу орнының ғалымдары сутегі энергетикасын дамыту, инновациялық құрылыс материал­дарын, 3D принтерлерді, жасанды ин­теллектті пайдалана отырып, жаңа технологияларды өндіру сияқты өзекті жобалар бойынша нақты сектордың ірі компанияларымен ынтымақтастықты дамыту үстінде. Сонымен қатар өткен жылы ЕҰУ-да алғаш рет университет түлектері тарапынан гранттар мен шәкіртақылар бөлу арқылы мұқтаж студенттерге қолдау көрсету, студенттердің ғылыми, инновациялық және кәсіпкерлік қызметін насихаттау әрі дарынды жас­тарды дамыту мақсатында «Endowment Fund» құрылды.