Жапонияның Хирошима қаласында «Үлкен жетілік» елдерінің кезекті саммиті өтті. Жиын барысында Украинадағы соғыс мәселесі ерекше талқыланды. Сонымен қатар G7 елдері Қытайға қатысты көзқарастарын да білдірді.
Саммитке қатысушылар 1945 жылы тамызда тасталған атом бомбасынан қаза тапқандарды еске алу мақсатында Хирошима мемориалдық саябағына барды. Жалпы, аталған шаһардың таңдалуы кездейсоқ емес. Өйткені жиын тақырыбы бітімгершілік пен бейбітшілікке арналған. Сонымен қатар Хирошима – Жапония премьер-министрі Фумио Кишиданың туған қаласы.
Әдетте «Үлкен жетілік» саммитіне әлемдегі ең қуатты жеті демократиялық мемлекет – Жапония, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Канада, Италия кіреді. Еуропалық одақ ұйымға ресми мүше болмаса да, өкілдерін жібереді. Таяуда саммитті өткізетін мемлекет қосымша елдерді шақыру құқығын иеленді. Мұның өз себебі бар. G7 құрылған сонау 90 жылдары оған енген мемлекеттер жаһандық ішкі жалпы өнімнің жартысын құрайтын. Қазіргі таңда оның көлемі 30 пайыздан әрең асады. Сол себепті одақтың аясын кеңейтуге бәрі мүдделі. Осылайша, биылғы жиынға Аустралия, Үндістан, Бразилия, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Индонезия, Комор мен Кук аралдарының өкілдері ат басын тіреді.
Сонымен саммит барысында әлемнің ең бай әрі демократиялық елдері Украинаға басып кірген Ресейге санкцияларды күшейтуге келісіп, Кремльге қысымды арттыру туралы декларация қабылдады. Санкцияның мақсаты – Ресейдің Еуропадағы қарулы агрессиясын жалғастыру мүмкіндігін шектеу. Дегенмен әр ел қалай әрекет ететінін өзі шешеді. Сондықтан декларацияда нақты санкциялар емес, тек жалпы бағыт көрсетілген.
«Біз Ресейдің агрессиясын жалғастыруға қажетті бүкіл дүниені, соның ішінде әскери қуатын қалпына келтіретін жабдықтар мен технологияларды жеткізуді шектеу үшін қосымша шаралар қабылдаймыз», делінген G7 елдерінің мәлімдемесінде.
Батыс елдері Ресейге қаржылық және сауда санкцияларын әлдеқашан салған-ды. Ендігі жерде «Үлкен жетілік» жаңа шектеу тізімін жасақтағаннан гөрі, олардың қалай орындалатынына назар аудармақ. Мәселен, АҚШ, Жапония және Ұлыбритания тарапы ресми Ресеймен бүкіл сауда-саттықты шорт кесті. Бірақ аталған елдердің сауда-экономикалық байланысы төмен болғандықтан, айтарлықтай әсер берген жоқ.
Ең басты мәселе – Еуропалық одаққа қатысты. Өйткені қарт құрлық үшін Ресейдің, ал Кремль билігі үшін Еуропалық одақтың рөлі ерекше, тауар айналымы жоғары. Сол себепті ұйымға мүше 27 мемлекет санкцияны біртіндеп енгізіп жатыр. Мәселен, мұнай экспортына эмбарго соғыс басталғаннан кейін бір жылдан кейін ғана салынды. Ал газ немесе гауһар тастарды импорттауға әлі де тыйым салынған жоқ. «Үлкен жетілік» саммиті басталғанға дейін алмаз бен газ сатып алуға шектеу қою туралы әңгіме айтылған. Алайда қорытынды құжатқа екеуі де енбеді. Сонымен қатар Ресейге түбегейлі эмбарго қою туралы мәселе де басы ашық күйінде қалып отыр. Әйтсе де, декларацияда санкциялық қысымды күшейту, сондай-ақ оны айналып өтуге талпынғандардың жолын кесу туралы да сөз болған. Бұдан бөлек, энергетикалық санкцияны күшейтіп, түсті металдарды сатып алуды шектеу арқылы Ресейдің табысын азайту көзделген.
Саммит қарсаңында сөйлеген сөзінде Еуропалық кеңес президенті Чарльз Мишель Мәскеуді экономикалық тұрғыдан одан әрі оқшаулап, оның соғыс жүргізу қабілетін әлсірету керектігіне назар аударған еді.
«Қазір кемшіліктерді түзеуге, Ресейді маңызды жеткізілімдерден ажыратуға назар аударамыз. Ресейден келетін гауһар тастарының саудасын шектейміз. Мұндай санкциялардың не үшін қажетін, оның себебін ашық түсіндіреміз», деді Ч.Мишель.
Бірақ саммитке дейін талай мәселе көтерілгенімен, бел шешіп іске кіріскен мемлекеттер саусақпен санарлық. Мәселен, Ұлыбритания ғана нақты шаралар қабылдады. Атап айтқанда, Ресейден алмаз, мыс, алюминий және никель әкелуге тыйым салды. Дегенмен қазірдің өзінде Тұманды Альбион аталған тауарларды көп мөлшерде сатып алып отырған жоқ. Былтыр Ресеймен тауар айналымы 55 миллион фунтты құраған-ды. Салыстырмалы түрде қарасақ, ресейлік олигархтардың Лондондағы жылжымайтын мүлкі бұл сомадан асып түседі.
Жалпы, өткен жылы Ұлыбритания 1,6 миллиард доллардың гауһар тастарын импорттады, оның тек 4 миллион доллары Ресейден келген. Негізгі өнім жеткізуші елдер – Бельгия, Израиль, Үндістан, Америка Құрама Штаттары. Ұлыбритания Ресейден былтыр да, алдыңғы жылы да мыс сатып алған жоқ. Алюминий импорты 2022 жылы небәрі 35 миллион долларды, никель импорты 28 миллион долларды құраған. Ресей шикізатын сатып алатын Батыстағы басты ұйым – Еуропалық одақ. Алмаздарды негізінен Бельгия импорттайды. Брюссельдегі шенеуніктер оған тыйым салуға үзілді-кесілді қарсы. Сондықтан бағалы тастар Еуропалық одақтың кезекті санкциялар тізіміне енуі екіталай. Жалпы, қазіргі таңда құжат талқыланып жатыр. Оған ұйымға мүше 27 мемлекет бірауыздан қолдап дауыс беруге тиіс. Аустрия және Мажарстан секілді кей мемлекеттің санкцияны жеңілдету арқылы келіссөздерге ұмтылу керек деп есептейтінін ескерсек, кезекті санкциялар пакетін қабылдау ұзаққа созылуы мүмкін. Бұған қоса Ұлыбритания үкіметі Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешені, сондай-ақ қаржы, энергетика, металлургия, көлік және кеме қатынасы секілді салаларымен байланысты қосымша 86 жеке тұлға мен компанияға жаңа жеке санкция енгізді.
«Тинкофф Банк» пен «Росбанк», «АФК Система», «Северсталь», «Магнитогорск темір-металлургиялық комбинаты» және Ресей темір жолдары, «Совкомфлот» және «Транснефть» директорлар кеңесінің мүшелеріне шектеу жарияланды. Сондай-ақ тізімге «Росатоммен», «DOM.RF» банкімен және Ресейдің мыс компаниясының негізін қалаушы Игорь Алтушкинмен байланысты тоғыз ұйым кірді.
Таяуда бірқатар бұқаралық ақпарат құралында Орталық Азияның кей компаниясы Ресейге салынған санкцияны айналып өтіп, тыйым салынған тауарларды Кремльге жеткізіп жатқаны туралы мәлімет тараған. Олардың қатарында Қазақстанда тіркелген бірнеше компания да бар. Әзірге санкция талабын бұзғандарға қандай шара қолданылатыны белгісіз. Бірақ осыдан бірнеше апта бұрын «Politico» сайты Еуропалық одақ тарапы Орталық Азияға қатаң шешім шығаруы мүмкін екенін хабарлаған. Атап айтқанда, санкцияны айналып өтуге тырысқан жеке тұлғалар мен ұйымдарға түбегейлі тыйым салынуы ықтимал. Сайттың хабарлауынша, кезекті санкция пакетінде Орталық Азияның 72 жеке тұлғасы мен 31 компаниясының аты енген. «Politico» олардың нақты кімдер екені әзірге белгісіз екенін алға тартады. OCCRP ұйымы, «Der Spiegel» газеті секілді бірқатар медиа жүргізген зерттеуде қазақстандық компаниялар Ресейге тыйым салынған тауарларды жеткізгені айтылады. Мәселен, «Аспан арба» атты компания 2022 жылы көршілес мемлекетке 500-ден астам дрон сатқан. Сондай-ақ «Da Group 22» компаниясы еліміз арқылы микросхема тасымалдаған көрінеді. Бұдан бөлек, зерттеуде бірқатар компанияның аты айтылады. Осы орайда айта кеткен жөн. Ресейге тыйым салынған тауарларды жеткізумен айналысқан компаниялардың құрылтайшылары көрші елдің азаматтары екен.
Әзірге зерттеуде аты аталған компаниялар Еуропалық одақтың санкция тізіміне ене ме, жоқ па, белгісіз. Бірақ Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Лейеннің айтуынша, санкцияны айналып өтуге тырысқан компаниялардың бәрі құжатта қамтылған көрінеді.
«Біз санкцияларды айналып өтуді тоқтатуға шындап кірісеміз. Сондықтан кезекті тізімге әлем бойынша 90-нан астам компанияны қостық. Олардың санкция талабын бұзғаны, яғни санкция салынған тауарларды Еуропалық одақ елдерінен импорттап, үшінші мемлекет арқылы тікелей Ресейге жеткізетіні туралы нақты дәлелдер бар», деді Урсула ханым.
Сонымен қатар «Үлкен жетілік» саммитіне Украина президенті Володимир Зеленский де қатысты. Саммит аясында Зеленский екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Ұлыбритания және Италия премьер-министрлері Риши Сунак және Джордж Мелонимен кездесті. Сондай-ақ Үндістан үкіметінің басшысы Нарендра Модимен келіссөз жүргізді.